Қоғам

ҒАСЫРЛЫҚ ШЕЖІРЕСІ БАР МЕКТЕП

        Катонқарағай  ауданындағы Садық Түкебаев  атындағы Еңбек (Таңба) орта мектебі осындағы  тарихи   мектептердің  бірінен саналады. Бұл оқу орны 1922 жылы  Садық Түкебаевтың (1898-1971 ж.ж.)  басшылығымен ашылған.

Мектеп әуелде Садықтың туысы Қанапия Қойшыбаевтың қос бөлмелі ағаш үйінде  орналасқан. Ал  1928  жылы қызыл  қарағайдан бастауыш  сыныпқа  лайықталған  мектеп  үйі  салынған. Мектептің  алғашқы  ұйымдастырушысы да, меңгерушісі де  Садықтың  өзі  болған. Ол кезде Садық Шыңғыстай болысының басқарушысы Әбдікерім Ережеповтің ұлы  Қақанмен бірге Уфадағы «Ғалия» медресесін, Семейдегі оқу-ағарту семинариясын бітіріп  келген кезі екен. 1928  жылы Петропавл қаласындағы инспекторлардың  өлкелік курсын бітіріп  келген соң Семей губерниясы Шыңғыстай аудандық оқу  бөлімінің инспекторы болып  тағайындалады. Осы жылдары Сәкеңнің басшылығымен тоғыз бастауыш мектеп (Майемер, Топқайың, Қабырға, Жаңаүлгі, Қиын-Жыра, Таңба, Ақшоқы, Аршаты, Жазатыр) салынады. Оқу-ағарту ісі  саласындағы ерен еңбегі үшін Садық Түкебаев 1954 жылы Ленин орденімен марапатталған.

Ол кісі  1971 жылы  дүниеден  өткенімен, оның есімі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5  сәуірдегі №523 қаулысы  бойынша 1922 жылы өзі  негізін  қалаған  Еңбек орта мектебіне Садық Түкебаевтың есімі  берілді.

Таңба бастауыш мектебінің  алғашқы  шәкірттері Мұхтар Сахарияұлы, Нұрлан Жарылғасынұлы, Күлзада Айтбайқызы, Берікбол Қашқынбайұлы, Омар Тлеуұлы, Мырзабек Оспанбайұлы, Солтанбек Бисатұлы болды. Солтанбек Шыңғыстайда жетінші  сыныпты  бітірген соң, Семей  педагогикалық техникумынан мұғалімдік  мамандықты алып шықты. Нұрлан Жарылғасынұлы да ұстаздық жолды  қалап, өмір  бойы  аудан мектептерінде  абыройлы  еңбек етті.

Таңба  бастауыш  мектебі 1936  жылы жеті  жылдық  орталау  мектеп болып  құрылған. Осы мектепте  балаларға  дәріс берген ұстаздардың  бірқатары  Семей  жақтан  келген  мамандар  болған. Солардың  қатарында  Жұмаділ  Серікбай, Сымықов  Байхан, Үлкенбаев, Аханов  секілді  азаматтар  1937-1938  жылдары  қуғын-сүргін  құрбаны болып кеткен көрінеді.

Сол бір  өткен  жылдарда осы  мектепте Серікбол Қашқынбаев, Бекбау Әбілов, Сағымбай  Жәкежанов, Сағди Сләмбаев, Күлзиға  Қанапина, Әбдразақ  Сахариев, Серікбол Жұмаділов, Жүкенбеков, Қабдуәли Дәниев, Әйіп Ауғанбаев, Құрманғажы Өскенбаев, Тахан Жолаушинов, Зәбилә Алпысова, Бияхмет Мыңбаев, Марусья Барсукова, Зейнелғабит Тоғызов, Қабиба Мыңбаева, Мырзабек Оспанбаев, Бақан Елбалина, Нұрахмет Хамитов, Қаматай Дубаев, Зарқұм Амренов, Ниязбек Серменов, Әлібек Ташенов, Қабиба Ташенова, Әутәліп Бултинов, Мүбәрак Базарбаев, Нағима Базарбаева, Әлібек Тарин, Сейтбек Сағидолдин, Елжан Қабдолов, Солтанғазы  Абалақов, Қайникамал Захарина, Сакко Қашқынбаев, Нұролда Бияров, Оқа Сқақов, Құрман Балабаев, Әсия Досова, Әймен Бөкеева, Күлзипа Сейтенова, Қатира Сахариева, Қайырбек Нұрқасынов, Бақытжан Раисова, Әсел Раисова, Түгелбай Сахариянов, Дарияхан Қожданбекова және басқа да азаматтар  ұстаздық қызмет  атқарған.

Соғыстан кейін Мұсатай Садықов, Тахан Жолаушинов, Бияхмет Мыңбаев, Сәменхан Мұқамбеков, Қалиасқар Құмашев, Мәулетхан Нұрғазин, Әутәліп Бұлтинов, Оқа Сқақов, Құрман Балабаев, Әлібек Маңдайбаев, Қатира Сахариева секілді  азаматтар мектеп  директоры болды. Оның  ішінде Қалиасқар Құмашев  бес жыл, Құрман Балабаев он жыл, қалғандары  бір-екі  жылдан  басқарған.

Мектепті  ең  ұзақ  басқарған  осы  ауылдың, осы  мектептің  түлегі Төлеген  Рахымжанұлы. Ол 1962-71 жылдары  оқу ісінің   меңгерушісі, 1971-78 және 1985-2000 жылдары  мектеп  директоры  болды. Төлеген Рахымжанұлының  белсенді  жұмысының  арқасында орталау  мектеп 1994 жылы  орта  мектеп  болып құрылды. Төлегеннің   ұйымдастыруымен 1994 жылы мектептің 70  жылдық  мерейтойы  атап  өтілді.

1994-95 оқу  жылында мектеп  өзінің  тұңғыш  түлектерін  ұшырды. Мектеп  ашылғаннан  бері түлеп ұшқан  түлектер  саны 2300-ден  асыпты. Олар   халық  шаруашылығының, білім  мен мәдениеттің  әр  алуан  салаларында өздері  қалаған мамандықтары   бойынша  абыройлы  еңбек  етуде.

2000 жылдың  тамыз  айында Ғалия  Күршімбаева Еңбек орта мектебінің  директоры  болып  тағайындалды. Ол бұл мектепке 1987 жылы келген  жас  маман еді. 1988 жылдан 2000  жылға дейін  мектеп  оқу ісінің  меңгерушісі  міндетін  атқарған, содан  бері  мектеп  ұжымына басшылық  етіп   келеді. Ғалияның  басшылығымен Әлия Құдайбергенова, Еділ Асылбаев, Есей Құнтаев және басқа  да  ұстаздар бүгінде де  жемісті еңбек етіп жүр. Түгелбай  Сахариянов пен Дария да  өмір  бойы  осы  мектепте  еңбек етіп, зейнет  демалысына  шықты.

Бұл  мектептен ел  таныған, есімі  елге белгілі текті  адамдар  көптеп  шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, бірнеше кітаптардың авторы Баламер Сахариев, Төлеген Рахымжанұлы, Бақытжан Раисова және осы жолдардың авторы да  өздерін Таңба мектебінің түлегіміз деп мақтан тұтады. Сонымен қатар журналистер Мұратбек Қабимолдин, Орынбай Тлеуов, Арай Сахариева, Жігер Рахымжанов, ақын Ермек Сахариев та Еңбек мектебінің әр  жылдардағы түлектері. Сондай-ақ техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Инженерлік Академиясының академигі болған Төлеухан Бияровты  мектеп ұжымы әрдайым  мақтаныш  тұтады. Шаруашылықтың,  ғылым мен мәдениеттің  басқа  салаларында да ерен еңбектерімен танылып жүрген мектеп  түлектері аз емес.

Қайырды  Назырбаев, мектептің 1963 жылғы түлегі,

баспагер-жазушы,Катонқараға ауданының Құрметті азаматы

Осы айдарда

Back to top button