Германиялық профессор студенттерге дәріс оқыды
СМПИ-дің физика-математика факультетінде Германияның Вильгельм атындағы Вестфальд университетінің профессоры Герд Хомбергпен және шаһардағы қалалық Достық үйі жанындағы «Возрождение» ұлттық-мәдени бірлестігінің өкілі Елена Скородумовамен студенттердің кездесуі өтті.
Семей мемлекеттік педагогикалық институтында 11 ұлттың өкілдері бір шаңырақ астында білім алып, қызмет етуде. Мысалы, биылғы «Ана тілі сұлтаны – 2013» байқауына қатысқан тарих-филология факультетінің студенті Игорь Горн қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын терең білетіндігімен ерекше көзге түсті. Сондай-ақ, қазір қазақ филология факультетінде оқып жүрген Н.Бородулина, Н.Минх, Д.Дергач, М.Либгард сияқты қыздар – келешек қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері.
Германия елінен келген ғалым Герд Хомбергті таңғалдырғаны – қазақ халқының бауырмалдығы мен кеңпейілділігі. Ғалым институттың оқытушылары мен студенттеріне «Оқу үдерісінде ақпараттық-коммуникативті технологияны пайдалану» атты тақырыпта дәріс оқыды және олармен жан-жақты ой бөлісті.
Ал Елена Скородумова болса, студент жастарға Қазақстанда тұрып жатқан неміс халқының өмірі, ұлттық мейрам кезінде көрсетіліп жүрген салт-дәстүрлері және ұлттық киім ерекшеліктері жайында қызықты әңгімелер айтып берді.
Бірлігі жарасқан қазақ елінің 2050 жылға дейін 30 дамыған елдердің қатарына қосылуына аталған институттың профессор-оқытушылары мен студенттер қауымы аянбай үлес қосып келеді.