Генерал-майор мектеп оқушыларымен кездесті
Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде еліміздің Қарулы Күштері бас штабының орынбасары генерал-майор Мұқан Дүйсекеев оқушылармен кездесті.
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын әскери қызметкерлерге насихаттау мақсатында келген генерал-майор жас жеткіншектермен жүздесіп, оларға осы маңызды құжатты түсіндіруге де уақыт тапты.
Генерал-майор еліміздің экономикасының өрге басуын Қарулы Күштердің дамуымен байланыстырып, жаңа экономикалық саясатқа тоқталды. Сонымен қатар жергілікті билік орындарымен тығыз байланыс орнату арқылы жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін күшейту мәселесінің маңызды екендігін атап өтті.
Стратегиялық маңызды құжатты талқылауға арналған кездесуге Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлері де қатысты. Подполковник Дамир Жиындинов, Руслан Тұрлыбеков, Ерлан Ықыласов, Ержан Асылбеков, Алмат Чункутов сынды офицерлер «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. Прапорщик Тілеубек Әлімкәрімов және Айгүл Жайлыбекова, Дәурен Қабыш, Қанат Уәлиев сияқты бір топ сержанттар да жоғары марапаттауларға ие болды.
– Мектеп оқушылары әскери қызметкерлерге өз білім ордаларына саяхат ұйымдастырып, шағын мерекелік концерт ұсынды. Көрермендер жас таланттардың өнерін жылы қабылдап, ризашылықтарын жеткізді. Мерекелік іс-шара үшін үлкен ризалық сезімін білдірген генерал-майор Мұқан Дүйсекеев мектеп директоры Бауыржан Ұзақбайға естелік кітап тарту етті. Осындай кештер жастарымыздың бойында отансүйгіштікті қалыптастыруға игі ықпал етері сөзсіз, – дейді мектептің баспасөз хатшысы Роза Құмарғажина.
Айна Ескенқызы