Ғажайыптар планетасы
Айна Ескенқызы
Облыс орталығындағы жас техниктер станциясы балалардың жасырын таланттары мен дағдыларын анықтап, ұштауға көмектесетін бірден бір мекеме. Оқушылар арасында әсіресе робототехника, авиамодельдеу үйірмелері көп қызығушылық тудырады. Ұлдардың көпшілігі өздерінің алғашқы шегелерін осы жерде қағып үйренді, алғашқы ұшақтарын жасап, аспан көгіне ұшырды.
Солардың бірі – жас техниктер станциясының тәрбиеленушісі, №11 мектеп-лицейдің сегізінші сынып оқушысы Егор Какоткин облыстық, республикалық техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың республикалық (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру) жарыстарының жеңімпазы. Жасөспірім екі жылдан астам уақыт авиамодельдеу үйірмесіне тұрақты қатысып келеді. Мектепте сегіз сабақ оқитын күндер жиі болғанына қарамастан аптасына екі рет осы үйірмеге асығады. Егор өзінің табандылығы мен үйірме жетекшісі Сағындық Жұмағұловтың қатаң талабының нәтижесінде айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Жеткіншек 2021 жылы авиамодельдеу бойынша облыстық жарыста жеңімпаз атанып, республикалық жарыста F3P класы бойынша | екінші орын иеленеді. Ал 2022 жылы республикада үздік шығып, жеңіс тұғырына көтерілді.
-Әрине, облыста да, республикалық жарыстарда да оңай болған жоқ. Қарсыластарым да осал емес. Маған авиамодельдеумен айналысу қатты ұнайды. Әсіресе ұшақты құрастырған кезде ұсақ детальдарын жұмыс істеу маған шығармашылық шабыт сыйлайды. Үйірмедегі сабақтар маған цифрлық станоктарда жұмыс істеп үйренуге және ғылыми-техникалық бағытта дамуыма мүмкіндік береді. Станцияда ол үшін барлық жағдайлар жасалған, – дейді Егор.
Жас авиамоделист болашақта ұшақ құрастырушы не болмаса киберпротездеу мамандығын меңгеруді армандайды. Медицина саласын таңдау анасының кеңесі екен. Егор әзірге екіойлы.
Қосымша білім беру педагогы Сағындық Жұмағұловтың балалық шағы жас техниктер станциясымен тығыз байланысты. Станция ашылған кезде небары бесінші сыныпта оқитын жеткіншек үйірмеге сонау Солжағалаудан келетін. Сағындық Дәулетченұлы жиырма жылдан астам осы жерде сабақ береді. Ол кісінің Егордан басқа да көптеген тәрбиеленушілері оқушы кездерінде республикалық жарыстарда чемпион атанған. Қазір авиация саласында жемісті қызмет атқарып жүр. Бір кездегі оқушысы, Азаматтық авиация академиясының түлегі Аюжан Қойшынов – жабық залда радиомен басқарылатын F3P авиамодельдер класында Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы, бүгінде «Скат» әуекомпаниясында аға механик. Әлнұр Серікқанов Новосибирск мемлекеттік техникалық университетінің ұшу аппараттары факультетін бітірген, мамандығы – ұшу аппараттарының инженер-жобалаушысы. Әлішер Кеңесов республикалық жарыстың екінші жүлдегері, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-тің радиоэлектроника факультетінің студенті.
-Балаларда техникаға деген қызығушылық бар. Қазір елімізде техникалық мамандықтар, инженерлер үлкен сұранысқа ие. Үйірмеде жаттығу балалардың бойында өткір ақыл, икемді ойлауды қалыптастырады, шығармашылық қиялдарын шыңдайды. Тәртіпке ден қою, табандылық сияқты қасиеттерді дамытады. Оның үстіне оқушылар әртүрлі станоктармен, кесетін, тесетін құралдармен жұмыс істеп үйренеді. Қолдың ұсақ моторикасы дамиды, – дейді педагог.
Педагогтың айтуынша, модельдеуші жұмыстарына аса ыждаһаттықпен қарайды, табандылық танытады. Бұл жерде әскери тәртіп орнаған деуге де болады. Өйткені әртүрлі станоктарды меңгереді, әрине, қауіпсіздік техникасын сақтауға ерекше мән беріледі.
Сағындық Дәулетченұлы сабақ барысында тәрбиеленушілеріне көптеген инженерлік тапсырмалар береді. Біреулері стандартты шешімін тапса, стандартқа сай келмейтін соны шешімін табатын оқушылар да кездеседі.
– Балалар келешекте техникалық жоғары оқу орындарына түсуге дайындалады. Ересектері, бұрыннан қатысып жүргендер өз беттерімен жұмыс істеуге үйренген. Ал жаңадан келгендер, әсіресе алғашқы кезеңде, сабақта менімен байланыстарын үзіп алса, алаңдап отырғандарын байқаймын. Бізде қыздар да бар. Олардың қауіпсіздігіне толықтай жауап береміз, сол себепті құралдарды қолдануда абай болуды да қадағалап отырамыз, – деп қосты педагог.
Жас техниктер станциясында оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін, оларды ғылым мен техниканың әр саласында зерттеу, өнертапқыш қызметтеріне баулу үшін барлық жағдай жасалған.