Ғасыр куәгері таңдау жасады
Азаматтардың берген әр дауысы еліміздің орнықты дамуына, өркендеу бағытына негізделген өзгеріске білдірілген сенім екені даусыз. Осының жауапты жүгін айқын сезінген тарбағатайлықтар тартынып қалмай, сайлау учаскелеріне ағылуда. Жасы да, жасамысы да сайлауға сергек қарап отыр.
Мәселен, Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында орналасқан N908 сайлау учаскесінде ауылдың ең үлкен қариясы, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тынымсыз еңбек еткен тыл ардагері, биыл 98 жасқа келген Бағила апамыз да сайлауға қатысып, өз дауысын берді.
Қос ғасырдың куәгері Бағила әжей сайлауға түсіп жатқан кандидаттарға тілекші екендігін білдіріп, ел болашағына аянбай тер төгіп, алғыс арқалаған азамат атаныңдар деген өсиетін де тілге тиек етті. Алғаусыз көңілмен ақ батасын берді.
Жалпы, ауданда дауыс беру барысын «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы РҚБ, «Шығыс Қазақстан жастар Ақпараттық талдау аггенттігі» қоғамдық бірлестігі, Шығыс Қазақстан облысы жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығы, «Қазақстан болашағы үшін» Өскемен қалалық жастар қоғамдық бірлестігі сынды ұйымдар қадағалауда.
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы