Мәдениет

Француз әншісінің өнерін тамашалады

Француз әншісінің өнерін тамашалады


Өскемендік көрермендерге әдемі кеш сыйлаған француз әншісі Джойс Джонатанның есімі өнерсүйер қауымға осы ғаламтор арқылы кеңінен танымал болыпты. Ол өзінің табынушыларын 2009 жылы My Music Company француз интернет-компаниясы сайтында тапқан. Шетелдік жұлдыз Қазақстандағы бұл жолғы концертін Өскеменнен бастады. Концерт Францияда кеңінен тойланатын Музыка мерекесіне орайластырды. Елімізге алғаш келген әншінің концертінің демеушісі – өңіріміздегі алпауыт кәсіпорын «Казцинк» ЖШС. Өскеменнен кейін әнші Астана және Алматы қалаларында да өнер көрсетпек.

Джойс Джонатан – Франциядағы есімі краудфандинг арқылы танымал болған әншілердің бірі. Краудфандинг ағылшын тілінен аударғанда халықтық қаржыландыру дегенді білдіреді. Яғни, ғаламтор арқылы халықтың белгілі бір жобаға қаржы жинап беруі. Француз әншісі Джойс Джонатанның алғашқы «Sur mes gardes» атты альбомы 2010 жылы ғаламтордағы табынушыларының қаржылай қолдауының арқасында жарыққа шығыпты. Әншінің өнерін жоғары бағалаған тыңдаушылар 150 мың дана альбомды сатып алған. Ал 2013 жылы Джойс Джонатанның екінші альбомы мыңдаған тиражбен тағы да жарық көреді. Ал 2016 жылы Джойс Джонатанның белгілі әнші Вианнеймен бірге жазған «Les filles d, aujord, hui» композициясын YouTube каналынан 41 миллион адам тамашалапты. Жұлдызың жанып, жарқырады деген осы. Бүгінде жас әнші Еуропада ғана емес, Азияда да кеңінен танымал. Әсіресе әншінің өнеріне табынушылар Корея мен Қытайда, Вьетнамда ерекше көп көрінеді. 2011 жылы ол жыл сайынғы NRJ Music Awards марапаттау рәсімінде «Франктілді жыл жаңалығы» аталымына ие болыпты. Қазір Джойс Джонатанның әндері барлық француз чарттарында шырқалады.

Джойс Джонатан тек ән ғана салмайды, ол әннің сөзі мен әуенін де өзі жазады екен. Фортепьяно мен гитарада өте шебер ойнайды.

Шетелдік жұлдыздың шығармашылық концертін Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ ашты.

– Биыл Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастық байланысқа 10 жыл толып отыр. Осыған орай көптеген шаралар өткізу жоспарланған. Француз әншісі Джойс Джонатанның концертінен бөлек, Астанадағы Ұлттық музейде сурет көрмесі өтеді.

Жалпы, Музыка мерекесі Францияда алғаш рет 1982 жылы 21 маусымнан бастап тойланады. Өткен жылы бұл мерекені әлемнің 120-дан астам елі атап өтті. Бұл күні Францияда музыканттардың барлығы көшеге шығып, саябақтарда, вокзалдар мен аулаларда отырып, концерт қояды. Қазақстанда музыка мерекесі алғаш рет өтуде. Бүгін сіздерге жас француз әншісі Джойс Джонатанның концертін тамашалау бақыты бұйырып отыр. Ол бүгін ғана Кореядан оралды. Джойстың есімі Қытайда да кеңінен танымал. Мен оны осыдан төрт жыл бұрын Қытайда кездестірген болатынмын. Мен сіздер Джойстың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысын оятады деп үміттенемін, – деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ.

Джойс Джонатанның концертін өскемендіктер ерекше қызығушылықпен тамашалады. Әншінің өзі де әр әнінен соң қазақша «рақмет» деп көрерменге ерекше алғысын білдірді.

– Шетелдік жұлдыздардың келуі өнерсүйер қауым үшін үлкен мереке. Біздің компания айтулы мәдени шараларға әркез қолдау көрсетуге тырысады. Бұл жолы да қазақстандық көрермендер әлемге белгілі әншінің өнерін жоғары бағалайды деп сенемін, дейді «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер бойынша атқарушы директорының міндетін атқарушы Берікбек Кзыкеев.

Қазақстанға алғаш келіп тұрған француз әншісі концерт алдында журналистерге де сұхбат беріп үлгерді.

– Мен саяхаттағанды өте жақсы көремін. Жер көріп, ел тану адамның көкжиегін кеңейтеді, – дейді әнші.

Өкінішке қарай, әнші Қазақстан, оның өнері мен мәдениеті жайлы көп ештеңе білмейді екен. Есімі Қытайда кеңінен танымал деген әнші Қытайдағы I am a Singer байқауының жеңімпазы, қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеновтің да есімін бірінші рет естіп тұрғанын айтты.

Биылғы Музыка мерекесіне қатысуға Джойс Джонатанды әдейі шақырдық. Өйткені өнердегі, жалпы өмірдегі стилі қазақстандықтарға өте жақын деп ойлаймын. Ол өте қарапайым. Оның үстіне Джойс Джонатан француз тілінде ән салады. Біз Қазақстанда француз тілінің аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Арнайы бағдарлама да әзірленуде, – дейді Франция елшісі Филипп Мартинэ.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button