Фотошебер Джанни Форабочимен кездесті
Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының Сол жағалау кешенінде Еуропа мен АҚШ-қа кеңінен танымал итальяндық фотограф және саяхатшы Джанни Форабочимен кездесу өтті. Айта кететін жайт, итальяндық фотошебердің көрмесі мамыр айында аталмыш музей-қорыққа әкелінген.
Джанни Форабочи Африка, Латын Америкасы, Үндістан, Қытай, Еуропа елдерін саяхаттап, он тілді еркін меңгерген. Оның кез келген дүниеден ешкім елемейтін ерекшелік табатын кәсіпқойлығын Еуропа мен Американың үздік көрмелерінде қойылған жұмыстарынан айқын аңғаруға болады. Сондықтан Д.Форабочидің travel-фото жанрының мэтросы саналуы – оның еңбегіне берілген лайық баға.
«Үндістан», «Бодиарт», «Карнавал кезіндегі Венеция», «Граффити» атты фотожұмыстарының топтамаларымен таңғалдырған фотографтың құпиясы неде екеніне қызығып келген қауым Джанни Форабочимен кездесуде оған көп сұрақтар қойды. Фотограф саяхаттан алған әсерлерін барынша фотокамера арқылы беруге ұмтылатынын және басты назарын кадр композициясына аударатынын жеткізді. Фотошебер көбінесе ашық түстерді пайдаланатынын жасырмады. Оның ойынша, ашық түстер эмоцияны нақтырақ береді.
Д. Форабочи кәсіби фотографтың ерешелігі әуестікте деп есептейді. Себебі, адамды бір құбылыс қызықтырғанда шығармашылық ізденіске түсіп, тәжірибе жасап, жұмысқа ерекше құштарлықпен кіріседі.
Журналистердің «Сіздің бай фото қорыңызда Қазақстанда түсірілген суреттер бар ма?» деген сауалына Д. Форабочи:
– Қазақстанда түсірілген суреттер «Қазақстан итальяндықтың көзімен» атты көрмеге жетерліктей, – деп жауап берді.
Жансая Қамбар