Мәдениет

Фестивалдің жүлдесі қай театрларға бұйырды?

Фестивалдің жүлдесі қай театрларға бұйырды?

Кеше Өскеменде Қазақстан драма театрларының ХХІІІ-ші республикалық фестивалі өзінің мәресіне жетті. Бес күн бойы көрермен қауымды кәусар туындылармен сусындатып, көңіл пернесін тербеген театр мерекесі шымылдығын жапты. Аптаның айшықты оқиғасына айналған шараның жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Өңірімізде тұңғыш рет өткен театр фестивалі шынында да, өнерсүйер қауым үшін нағыз жаңалық болды. Бес күн бойы өскемендік көрермен қауым Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Ата Заң мен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы секілді биылғы жылдың мерейлі мерекелеріне арналған спектакльдерді тамашалап, үлкен рухани азық алды. Мұны өз сөзінде фестивальдің жабылу салтанатында бірінші болып сөз алған Мәдениет және спорт министрлігі театр өнері және кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Мырзашева да атап айтып, осынау өнер шарасын өткізуге атсалысқан облыс әкімдігі мен қазылар алқасына үлкен алғысын жеткізді. Сонымен қатар Г.Мырзашева фестивальға қатысқан театрлардың басшыларының барлығына Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хатын табыс етті.
Ал сахнаға көтерілген театр және кино актері, режиссер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов өзінің сөзін:
– Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы, – деген бір шумақ өлең жолдарымен бастады.
– Қуанышты күнге жеттік. Бұл күнге көптеген әсермен жеттік. Көптеген достармен кездестік. Спектакльдер көріп, қуандық. Бұл өңір – Қазақстанның шұрайлы өлкесі. Ұлы тұлғалар шыққан өңір. Бұл өңірге жылда болмаса да, 2-3 жылда қуана-қуана келіп, демалып қайтамыз, – деп сөзін сабақтаған Халық әртісі Шығыста достарының көп болғанын, Қасым Қайсенов, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Рүстем Есдәулет сынды дарындардың жеріне әр кез тағзым ететінін, олардың әріптес, дос ретінде берген көптеген әсері шығармашылық жұмысына игі ықпал еткенін тілге тиек етті. Асанәлі Әшімов осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын Шығыстағы шағын ғана Серебрянка қаласында «Асау Ертіс жағасында» атты алғашқы фильмге түскенін, үлкен өнердегі кішкене жолы осы жерде басталғанын, сондықтан да бұл мекеннің өзіне соншалықты қымбат екенін тебірене еске алды.
– Өнер адамының бағы әр уақытта халықтан нәр алып, әр алып отырса ғана жанады. Сонда ғана шабыты ашылады. Өнер деген халықты алға сүйреп жүретін дүние. Өнер елдің жетістігін жеткізеді. Американы әлемге танытқан оның киносы. Сондықтан өнерді сыйлайтын, құрмет тұтатын басшылар – елдің бағы. Кезінде Димекең «Сенің қызметің өнермен тығыз байланысты болмаса, сен өспейтін басшысың» деп айтып отыратын. Ілияс Омаров, Темірбек Жүргенов секілді өнерді сыйлайтын басшылар болған. Мына неміс халқының ұлы ақыны Гете театрға күнде барады екен, жарты көрермен Гетені көру үшін келеді екен. Егер басшылар театрға күнде келіп, жағдайын біліп тұрмаса, ондай басшының бағасы кем. Десе де, театрға мынадай ғимарат салып берген басшылар – жақсы басшылар. Облыс, қала басшылығына үлкен рақмет айтамын. Енді осы театрдың маңайына топтасыңыздар. Осы жерде той болып жатуы тиіс. Театрға жастар келіп жатыр. Мен осы сапарымда облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ кіріп, 20 баланың баспаналы болуын тапсырдым. Аймақ басшысы оларға желтоқсан айында пәтер кілтінің табыс етілетінін айтты, – деді Асанәлі Әшімов сөзін әрі жалғап. Халық әртісі сондай-ақ, фестивальда әркім өз әлінше жұмыс істегенін, жақсы режиссура, жақсы дүниелердің болғанын, бірақ аз болғанын да жасырмады. Кино мен театрды қатар алып жүрген Талғат Теменов, Нұрқанат Жақыпбаев секілді үлкен режиссерлерден үйреніп, жақсылыққа ұмтылудың қажеттігін еске салды. Асанәлі Әшімов фестивальға бөлінген қаражаттың аздығына да қынжылыс білдірді.
– Айтысқа да көлік тігіп жатады ғой. Театр өнерінің одан қай жері кем? Өнерден ештеңені аяуға болмайды, – деген Халық әртісі биылғы фестивальда қазылар алқасы бас жүлде, бірінші, екінші, үшінші орын дегенді алып тастап, арнайы номинациялар бойынша жүлделер беруге шешім қабылдағанын, сол әділетті болатынын жеткізді.
Сөйтіп, қазылар алқасының шешімімен Думан Рамазанның «Ұлы арман» спектакліндегі Жалбы рөлі үшін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері Аман Мұқашев «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясына ие болса, «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясы Анна Батуринаның «Фронтовичка» спектакліндегі Мария Небылицаның рөлі үшін Семейдің Ф.Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театрының актрисасы Елена Дручининаға берілді.
Ал «Тарихи тұлғаны ұлықтағаны үшін» номинациясы Ерсайын Төлеубайдың «Алдаспан. Ж.Тәшенов» спектаклін сахналаған Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ драма театрына бұйырса, «Жоғары деңгейлі шығармашылық үйлесім» аталымымен Сәкен Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар…» қойылымы үшін Астана қаласының Жастар театры марапатталды.
«Үздік режиссерлік шешім» номинациясына Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері Талғат Теменов лайық деп танылса, «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тақырыбын меңгергені үшін» аталымына Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» спектаклін сахналаған Батыс Қазақстан облыстық драма театры ие болды.
\”Қазақ хандығының 550 жылдығы\” аталымымен Думан Рамазанның \”Керей-Жәнібек\” қойылымын сахналаған Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының ұжымы марапатталып, 350 мың теңгенің сыйлығын иеленді.
Ал бес жүз мың теңге көлеміндегі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы сыйлығын «Керей хан – хан Жәнібек» спектаклін көрермен назарына ұсынған Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры қанжығасына байлады. Аталған сыйлықты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың өзі табыс етті.
– Сылдырап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай.
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай, – деген Абайдың лирикаға толы керемет төрт жол өлеңі бар. Сол Абай атамыздың өлеңіндегідей, театр өнері – сылдыраған келісімнің келіскен жері. Мұнда сезім де, ән де, поэзия да, күй де – бәрі бар. Барлық адамға керек өнерді бойына жинаған қазақ театр өнерінің, сонау Жұмат Шаниннен бастап, Әзербайжан Мәмбетов, Асқар Тоқпанов, Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов, Бикен Римова, Әмина Өмірзақова сынды өнер тарландары желбіреткен өнердің туының құламайтынына осы жолы көзім анық жетті. Әр ұлттың өзінің әртүрлі жарысы бар. Біреулер түйе, біреулер әтеш, тағы біреулер кесіртке жарыстырып мәз болады, ал біз бес күн бойы шын өнердің жарысын көріп, куә болдық. Қазақтың сахна өнерінің үлкен дәстүрі қалыптасқанына осы жолы барлығымыздың көзіміз жетті, – деген облыс әкімінің орынбасары алыс-жақыннан келген қонақтарға, әсіресе сонау үш мың шақырымдық жолды артқа тастап жеткен Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ұжымына үлкен алғысын білдірді. Сонымен қатар, Жақсылық Омар келесі жылы осындай уақытта Өскеменде республикалық жастар театрларының фестивалін өткізу туралы ұсынысын да ортаға салды.
Осылайша, өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған Қазақстан драма театрларының фестивалі өз мәресіне жетті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button