Әзілханның мұрасы көпке өнеге
Ұстаздар қауымы ұлы тұлғаларды ұлықтаудың, олардың шығармашылығын ұмытпаудың кепілі іспетті. Елімізден шыққан әрбір тұлғаны айтар сөзіне тұғыр етіп, оның өрнекті өмірін өнеге етіп көрсетуді үнемі білім беру үрдісіне тетік етіп келеді. Әр қаламгерін білім арнасынан қалыс қалдырмайтын ұстаздар қауымы бұл жолы Әзілханның шығармашылық әлемін тілге тиек етті.
Ұстаз қателікке бой алдырса, алдындағы ұрпақтың адасары анық. Сондықтан ұстаздар қауымы ұжымдаса жұмыс істеп, білім берудің бағдарын бірлесе жасауды дәстүрлі үрдіске айналдырған. Соның бір дәлелі – облыстық білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығында өткен «Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың шығармашылық әлемі және ұлттық тәрбие құндылықтары» атты дөңгелек үстел. Дөңгелек үстелге облысымыздың әр ауданынан келген 20 мұғалім оффлайн режимде қатысса, жүзге жуық мұғалім инстаграмм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде қосылды. Осылайша Әзілхан Нұршайықовтың жүз жылдық шығармашылық ғұмырнамасына шолу жасап, ұстаздар әр шығармасына жеке-жеке тоқталды.
– Қазақтың қай тұлғасы болмасын ұстаздар қауымы ұмыт қалдырмауы тиіс. Өйткені ұлттың ұлылары ұстаздар қауымы арқылы ұрпаққа дәріптеледі. Сондықтан біз биыл 100 жылдық мерейтойы келіп жеткен Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық ғұмырнамасына арнап дөңгелек үстел ұйымдастырып отырмыз. Жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жазушының бірнеше шығармасы төңірегінде әртүрлі ізденіс тақырыптарымен бөлісіп, оқушыны шығармаларды оқытуға қызықтыру жолдарындағы өзіндік әдіс-тәсілдері, іс-тәжірибелерімен алмасты, – дейді дөңгелек үстел тізгінін қолға алған оқытудың мазмұны және білім сапасы мониторингі кабинетінің әдіскері Айгүл Жанахметқызы.
Дөңгелек үстелге жиналған ұстаздардың ұстынды мақсаты – жазушының өмірге көзқарасына, дүниетанушылығына негізделген шығармалар әлемі арқылы жас ұрпақты отаншылдыққа, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу әдістерімен бөлісу, ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында тәжірибе алмасу. Ұстаздар мақсат айқын, бағдар бір, мінбер бос екен деп дайын баяндаманы заулата жөнелмеді. Дөңгелек үстелдің бағытын бірден еркін сөзге өзгертті. Әр ұстаз өз баяндамасындағы ерекшелікке ғана тоқталып, ары қарай айтылған ойды бірлесе талқылап отырды. Дөңгелек үстел барысында қаламгер шығармашылығын ұстаздар қауымы түгел дерлік қамтыды деуге болатындай. Ұстаздар: «Жазушы еңбегін насихаттауда Ә.Нұршайықов шығармашылығындағы педагогикалық идеялар», «Ә.Нұршайықовтың ұрпағына айтқан өнегелі сөздерінің тәрбиелік мәні», «Ә.Нұршайықов – очерк жанрының шебері», «Ә.Нұршайықовтың өсиет-өнегесі», «Ә.Нұршайықовтың нақыл сөздерінің тәрбиелік мәні», «Ә.Нұршайықов шығармаларындағы ұлттық тәрбиені пәнмен сабақтастыру», «Әз-аға жайлы айшықты ойлар», «Ұлтын сүйген, жаны нұрлы қаламгер», «Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме», «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Әзілхан Нұршайықов шығармаларын оқыту», «Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романындағы Б.Момышұлының бейнесі арқылы жастарды тәрбиелеу», «Әзілхан Нұршайықов шығармаларын оқыту арқылы жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеу», «Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабы қалай жазылды?», «Ә.Нұршайықовтың шығармаларындағы еңбек пен ерлік, махаббат пен достық бейнесі» атты тақырыптар арқылы қаламгер шығармашылығын талқыға салды.
– Өскелең ұрпаққа адамзат тарихында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан патриоттық тәрбиені, отаншылдықты, елжандылықты дарыту, салт-дәстүрді білу, адамгершілік қасиеттердің болуы, рухани байлық пен табиғи әсемдікті сезіну, аялау, дамыту қазіргі кезде көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Бұл қасиеттер ұрпақ бойына оқумен, біліммен, үйренумен, талаптанумен сіңеді. Осы қасиеттерді ұрпақ бойына дарытатын – ұстаз, ата-ана, тәрбиеші, қоршаған орта екені даусыз және де тағы бір байлық, рухани байлық ақын-жазушылардың шығармасы арқылы келеді. Тәлім-тәрбиелік идеяларға бай, оқырмандардың өз туындылары арқылы тәрбиелеуге ықпалды жазушылар қатарында Әзілхан Нұршайықовтың да өзіндік орны ерекше. Оның шығармашылығындағы педагогикалық идеялар мен тағылымдық ой-пікірлерінің мәнін ашу, құрылымы мен мазмұнын көрсету қажеттілігі айқын, – дейді Ұлан ауданындағы С.Аманжолов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Гүлжан Сәдуакасова.
Осылайша халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына орай мұғалімдер қауымы дөңгелек үстелде және онлайн бас қосып, ой бөлісті. Жазушы шығармашылығын жас ұрпаққа үнемі дәріптеп отыру керектігін айтып тарқасты.
Алтай Ғали-Асқар