Оқиғалар

Әйелін өзі босандырып алды

Айна Ескенқызы

 Жуықта Өскеменде ер адам әйелін үйде босандырып алды. Оған «103» қызметінің диспетчерлері «қоңырауды ұстап тұру» әдісімен көмекке келген.

11 желтоқсан күні кешке жедел жәрдем станциясына қоңырау түседі. Ер адам жүктіліктің 37-ші аптасындағы әйелінің өздігінен босануға шақ қалғанын хабарлайды. Диспетчер шақыртушыларға дереу бригада жібереді. Сол уақытта қоңырауды қабылдаған фельдшер Любовь Нумалова күйеуіне жедел жәрдем бригадасы келгенше не істеу қажеттігін түсіндіре бастайды.

Любовь Геннадьевна алдымен ерлі-зайыптылардан сабырлық сақтауды, үрейленбеуді өтініп, жедел жәрдем келгенге дейін олармен байланыста болатынын айтып, көңілдерін жайландырады. Кенет әйелде толғақ басталады. Диспетчер күйеуіне әйелін босандырып алу үшін не істеу керектігін айта бастайды. Телефонның дауысы қатты байланыста тұрғандықтан, көп ұзамай Любовь Геннадьевна нәрестенің іңгәлаған дауысын естиді. Осылайша жұбайы келіншегін өзі босандырып алады. Жаңа туған нәрестені анасының кеудесіне қоюға кеңес берген диспетчер жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін қоңырауды желіде ұстап тұрады.

Медициналық қызметкерлер «қоңырауды ұстап тұру» әдісімен тағы бір науқасты құтқарып қалды.

12 желтоқсан күні сағат 15.04-те қызы 62 жастағы анасы бөгде затқа қақалып, тұншығып бара жатқанын айтып, қоңырау шалады. Бригада бірден шығып, 15.12-де шақырту орнына жетеді. Ал дәрігерлер жеткенше, сол сегіз минуттың ішінде диспетчер Әли Кеңесханов қызының әрекеттерін телефон арқылы басқарған. Қыздың диспетчердің нұсқауларын мүлтіксіз орындауы тағы бір қайғылы оқиғадан аман алып қалды.

Кейін қыздың Геймлихтің әдісін теориялық тұрғыдан білетіні және сол күні анасына көмек көрсету үшін алғаш рет тәжірибеде пайдаланғаны белгілі болады. Қызы диспетчер Әли Кеңесхановтың нұсқауларын нақты орындай отырып, анасының тыныс алу жолдарынан бөгде затты алып шыққан.

Бригада келгеннен кейін пациентке қажетті көмек көрсетілді, ал қызына диспетчерлік қызметкерге кәсіби кеңесі үшін алғыс айту ғана қалды.

– «Қоңырауды ұстап тұру» әдісінің арқасында жедел жәрдем дәрігерлері көптеген шығысқазақстандықтың өмірін сақтап қалады. «103» қызметінің диспетчерлері пациенттердің құрысуларға, инфарктіге, күйіктерге және жоғары қысымға шағымдары кезінде «қоңырауды ұстап тұру» әдісін қолдануға тырысады. Көбінесе бұл тәсіл үйде босану кезінде қолданылады, – деп мәлімдейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Осы айдарда

Back to top button