Еуропаның талғампаз көреремендерін тамсандырып қайтты

Өнер академиясының студенті Инабат Ризабекқызы әншілігімен қатар, кино өнеріндегі алғашқы қадамымен көпті қуантып жүрген болашағынан үміт күттірген жерлестеріміздің бірі. Ол «Анашым мені қалдырма» атты телесериалда басты рөлдердің бірін сомдаған, сондай-ақ оның есімі «Сырты бүтін» атты әлеуметтік тележоба арқылы да көрерменге жақсы таныс
Өткен жылдың соңында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымына қарасты «Астана мюзикл» театры «Ұлы дала» театры атауымен «Қыз-Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін Франция, Бельгия, Аустрия, Ресей мемлекеттері көрермендерінің назарына ұсынып, олардың зор қолдау-қошеметтеріне бөленіп қайтты. Сол сапарларында Қыз-Жібек бейнесін сомдау бақытына Инабат Ризабекқызы ие болды. Алғашқы қойылым Париждегі әйгілі «Le Trianon» театрының сахнасында өтіп, көрермендер он минуттан артық уақыт тік тұрып қол соғып, зор қошемет көрсеткен екен. Сондағы қандас ағайындар бірге суретке түсіп, «елге барып қайтқандай болдық», деп шексіз қуаныштарын білдіріпті.
Ұлы композиторлар Моцарт, Бетховен, Штраустың елі Вена қаласындағы қойылым алдында біршама қобалжу болғанымен, онда да көрермендердің зор ықылас-ризашылығына бөленіпті. Бұл сапардың соңғы нүктесі Мәскеу қаласындағы «Модерн» театрында қойылып, Ресейдің өнерсүйер халқын да риза етіп елге оралыпты.
«Қыз-Жібек» қойылымы 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде көрсетіліп, Жібек бейнесін Күләш Байсейітова апамыз сомдап, Сталиннің өзін таңғалдырған деседі. Сексен бір жылдан кейін барған «Қыз-Жібек» қойылымын көрген мәскеулік көрермендердің бірі: «соңғы он жылдан бері бірінші рет көз жасыма (театрда) ерік берген шығармын», деп тілін ұқпаса да, артистердің шеберліктеріне қайран қалған екен.
Біз Әуезов орта мектебі және Ақжар саз мектебінің түлегі Инабаттай дарынды қызымыздың шығар асулары әлі де биік болып, бір Жаратушымыз жар болсын демекпіз!…
Төлеген Қалимажан,
Тарбағатай ауданы.