Еуразиялық нарыққа жаңа өніммен жол салмақ
Қазақстанда жасалған
Елімізде ай сайын 1,5 мың тонна көлемінде қарақұмық тұтынылып жатса, Өскемендегі «Вертекс Восток» ЖШС кәсіпорнының соның мың тоннаға жуығын бір өзі-ақ жабатын мүмкіндігі бар. Қазір Қазақстан нарығына қаптап кеткен көрші елдің арзан қарақұмығымен бәсекелес болып, тұрақты жұмыс ырғағын сақтап қалу үшін қайта өңдеу кәсіпорны көптің сұранысына ие жаңа өнім түрін шығаруға кірісіп отыр.
Жарма ұлпалары өзгеше тәсілмен өндіріледі
Рублі құнсызданып кеткен Ресейдің арзан азық-түлік, өнеркәсіп өнімдері күн өткен сайын Қазақстан нарығын жаулап барады. Бұл жағдай ел-жұртқа, толайым сатып алушылар мен ірі сауда орындарына жақсы болғанымен, отандық өндірісшілерімізге оңай тиіп отырған жоқ. Әсіресе, жергілікті шикізатты ұқсатып, қайта өңдеп жұмыс істеп жатқан көптеген кәсіпорындар қайраңда қалған кеменің күйін кешіп, өндірістері іркіліп тұр.
Шемонайха, Глубокое, Бородулиха тәрізді қарақұмықты молынан өсіріп отырған өңірлердегі шаруашылықтардың өнімін сатып алып, қарақұмық жармасына айналдырып отырған «Вертекс Восток» ЖШС-нің өнімдері де Ресейден келіп жатқан бағасы төмен қарақұмықпен бәсекелесе алмауда.
– Біздің өнімнің 50 пайызы экспортқа бағытталған. Міне, қазір тұрақты тұтынушыларымыздың бірі – Өзбекстанға қарақұмықты әдеттегіден әлдеқайда арзан бағамен жөнелткелі жатырмыз. Бізге қарағанда алыстағы Ресейден Өзбекстанға бұл өнімді тасымалдау анағұрлым шығынды болғанына қарамастан, қай жерде болса да, көрші елдің арзан өнімінің бәсі бәрібір жоғары болып тұр. Қоймада әлі 800 тонна өнім қатталып тұр, қазақстандықтардың жарты айдан астам уақыт тұтынуына жетерлік. Алдағы уақытта өндірілетіні қаншама. Қоймаға жинап қойғанмен мәселе шешілмейді, жұмысшыларға еңбекақы керек, салық төлеу қажет, сол үшін өнімді тіпті, өзіндік құнымен де сатуға тура келуде. Бірақ мұның бәрі уақытша қиындық деп білемін. Біз өнімімізді Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Түркменстан елдеріне шығарып келдік. Еуразиялық экономикалық одақ аясында өскемендік қарақұмықтың тұтыну нарығы одан сайын кеңейетініне күмәнім жоқ. Тәуелсіз мемлекетіміздің экономикасына, өзге одақтастардың экономикасына да тиімді болатын Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі баға саясаты жуық арада реттеліп, отандық өндірісшілердің мүддесі қорғалады деген ойдамын, – дейді «Вертекс Восток» ЖШС басшысы Евгений Касаткин.
Көршілес елдер нарығындағы өз өнімдерінің үлесін көбейтіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өскемендік қарақұмық өндірушілер енді алты бірдей дәнді дақылдың: тары, сұлы, арпа, бидай, бұршақ, жүгері жармаларының ұлпасын өндіруге кіріскелі отыр.
Кәсіпорында Украинаның Одесса қаласынан сатып әкелінген жарма ұлпалары өндірісінің желісі жинақталып, құрылып жатыр. Құны бірнеше ондаған млн. теңгені құрайтын заманауи өндіріс жабдықтары гидротермикалық буландыру технологиясы бойынша жұмыс істейді. Зауыт басшысы оның мәнісін жармалар құрамындағы ақуыздар мен өзге де нәрлі дәрумендер сақталына отырып, ұлпалардың тез пісетіндей етіліп сапалы өндірілетіндігімен түсіндірді. Бүгінгі күні жартылай дайын күйдегі жармалардың мұндай түрлерінің 95 пайызы Ресейден, шет елдерден алынып келеді. Ұлпалардың әртүрі өзіндік құрамымен де ерекшеленбек. Израйльдік компаниямен жарма ұлпаларына қосатын жеміс қоспаларын жеткізуге келісім жасалынып қойыпты. Зауыт иелері өскемендік жарма ұлпаларын «Союзпищепром», «ЧелябинскПром», «БийскАгро» деп кете беретін шетелдік көп өнімдерге төтеп беретін сапалы отандық өнім ретінде шығарып қана қоймай, оны Еуразиялық одақ нарығына жол салатын, Ресейге, Белоруссияға, Арменияға, басқа елге шығарылатын өнімге айналдыруды көздеп отыр.
Қалдықсыз технологияға көшкен
Қарақұмық шығаратын бұл кәсіпорын бірнеше жылдан бері түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жаңа өндірісті ашуға, қайта жарақтандыруға орай несиеге сатып алып жатқан құрал-жабдықтарының пайыздық үстемесінің жартысын мемлекеттен беріліп жатқан субсидия есебінен жауып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында көрсетіліп жатқан осы жолғы нақтылы қаржылай қолдау да кәсіпорынның өндірісін дамытуға игі ықпалын тигізуде. Өркендеген өндіріс экономикалық қана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуге де мүмкіндік береді. Күзге салым жарма ұлпалары өндірісі іске қосылғанда, зауытта 28 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жұмысшылар жаз бойы Бұқтырма жағасындағы кәсіпорынның демалыс базасында тегін тынығып, демалуда.
Қарақұмықты аршып, елеп, булап, кептіріп, аузына қап қойылған бункерге қарай жөнелтіп жатқан Швейцарияның «Бюллер» фирмасының бесаспап өндірісі желісін зырылдатып жұмыс істетіп тұрған қазандықты көргенде, «Вертекс Восток» ЖШС өндірісін ілгері бастыруға себепші болып отырған тағы бір жайт – үнемшілдік екенін ұқтық.
Шағын қазандыққа көмір де, өзге отын да емес, қарақұмықтың кебегі пайдаланылады. Қазандықтың пешінде лаулап жанған оттың жалыны бет қаратпайды. Кәсіпорынның ішіне, кеңселеріне де жылу беріп тұрған да осы кебек.
– Егер кебекті пайдаланбағанда, бізге қарақұмықты жоғары қысымды ауа температурасында ылғалдандырып, булау үшін күніне кемінде жеті-сегіз тонна көмір жағу керек болар еді. Көмірдің тоннасы бес мың теңге болғанда, күніне 40 мың теңге үнемдейміз. Әрі көмір жағып, ауаны ластамаймыз, экологиялық жағынан да тиімді, – дейді кәсіпорынның өндірістік басшысы Дмитрий Касаткин.
Автоматтандырылған қарақұмық өндірісінің желісі де энергияны ескі құрал-жабдықтармен салыстырғанда екі есеге жуық үнемдеп келеді. Бұрын бұл желіде он адам атқарған жұмысты қазір екі-үш адам ғана атқарып тұр. Бұрын күні бойы тоқтаусыз істей беретін механикалық құралдар енді өнімдерді тазалау, кептіру арасындағы үзілістерде өздігінен тоқтап, қуатты аз жұмсауға, жабдықтардың сынып, тозбауына мүмкіндік беруде.
Алматының Халық шаруашылығы институтынан экономист мамандығын оқып келгеннен бері Евгений Касаткин туған қаласы Өскеменде мамандығы бойынша еңбек етіп, 90-шы жылдардан бері бел буып, жеке бизнесін бастапты. Қазір ұлы Дима жанында өндірісті басқарып жүр. Әкесі ұлының жарма ұлпалары өндірісін ашуды қолға алғаннан бері өз білімін жетілдіріп, Мәскеудің технологиялық университетінде дәнді-дақылдар технологы мамандығын сырттай оқып жатқанын жеткізді. Жарма ұлпаларын өндіру туралы жобаны жоспарлаған бетте құрал-жабдық сатып алудан бұрын алдымен сол дақылдарды өндірудің қыры мен сырын меңгеруге мән беріпті. Қанша жерден тапшы болса да, технологиясы сақталмай, көз мөлшерімен шығарылған сапасыз өнім сұраныссыз қалады. «Бүгінгі бизнес, кәсіпкерлік құр күйбеңді емес, іскерлікті қажет етеді, оған ізденіп, еңбектенген ғана ілесе алады» дейді кәсіпкер.
Жанаргүл Мұқатай