Экономика

Етті мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол

Етті мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Селекторлық жиында «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасының жүзеге асу барысы, Абай, Аягөз, Тарбағатай аудандарында етті мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды.
Халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарлама аясында атқарылған шаруалар жөнінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Мырзабаева ақпарат берді. Оның айтуынша, өткен жылы аталған бағдарламаны іске асыру мақсатында 3,6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Соның 98,6 пайызы игерілген. Бағдарлама жобалары 2,2 мың адамды қамтыған. Оның 300-і – мүмкіндігі шектеулі жандар. Жалпы, 2015 жылы облыс бойынша 12,1 мың адам тұрақты жұмысқа орналасыпты.
С.Мырзабаева аталған бағдарламаның бірінші бағытына 1,02 млрд. теңген бөлінгенін айтады. Бұл қаржыға өңір аумағындағы 79 әлеуметтік нысан жөндеуден өткен. Аталған жұмыстарға 476 адам тартылған. Ал кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту бағытына бөлінген 1,5 млрд. теңге шағын несие ретінде таратылып, 591 адамға кәсіпкерлік негіздері оқытылған. Шағын несиелердің негізгі бөлігі тауарлы-сүт фермаларын құруға бағытталғанын айту керек. Облыс бойынша 10 сүт қабылдау бекетін құру жоспары толықтай жүзеге асып отыр.
Аталған бағдарлама аясында Зайсан қаласында 60 пәтерлік екі тұрғын үй, Өскеменде 70 бөлмелі, Аягөз қаласында 31 бөлмелі, Бесқарағай ауданында 12 бөлмелі жатақханалар бой көтерді. Ал Риддер қаласында шағын шаћарларды дамыту бағыты бойынша 60 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріліп, 41 пәтердің иесі анықталған. Жұмыс берушілерді 10 пайыздық субсидиямен қолдау арқылы Зайсан ауданында екі көппәтерлі тұрғын үй, Тарбағатай ауданында 20 жұмысшы баспанасы салынған. Аймақ басшысы ағымдағы жылы осы мақсатқа бөлінген қаржыны тауарлы-сүт фермаларының жұмысшылары мен медицина мамандарын баспанамен қамтуға бағыттауды тапсырды.
-Мысалы, Бородулиха ауданындағы «Новая заря» шаруа қожалығы 400 бас ірі қараға арналған қоражай салды. Оған қоса өз қаражатына жұмысшылары тұратын баспана салып отыр. Жаңағы 10 пайыздық субсидиямен қолдау осы сынды жобаларға берілуі керек. Бағдарламаның аталған бағытына берілетін қаржыны тауарлы сүт фермасы мен медицина қызметкерлерін баспанамен қамтуға бағыттау қажет. Бізде дәрігерлердің тапшы екендігін білесіздер, – деді аймақ басшысы.
Бағдарлама бойынша осыған дейін берілген несиелерді қайтару процесін жеделдету қажет. Бүгінгі таңда бір млрд. теңгеден астам несие уақыты жетсе де, төленбей жатқаны анықталып отыр.
Облыс басшысы бұл бағдарламаның әр бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды тапсырды.
-Биылға бөлінген қаржының 2,4 млрд. теңгесі мектептерді, фельдшерлік-акушерлік пункттерді және ауылдық дәрігерлік амбулаторияларды жөндеуге бөлінуі қажет. Бұл мәселеге екінші қайтып оралмас үшін аталған салалардың жөндеуге жататын барлық нысандары қамтылғаны абзал. Қаржының қалғаны мәдениет және спорт мекемелерін қайта жарақтауға жұмсалуы тиіс, – деді облыс әкімі. Аталған тапсырмалардың қалтқысыз орындалуын қадағалау облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға жүктелді.
Бұдан кейін етті мал шаруашылығын дамытуға аса қолайлы саналатын Абай, Аягөз, Тарбағатай аудандарының басшылары сөз алды.
Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің айтуынша, өткен жылы өңірде 15 млрд. теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 11 пайызға артық. Соның ішінде ет өндірісі 14,5 пайызға ұлғайған. Бүгінде ауданда 49 мың бас ірі қара, 27 мың бас жылқы, 250 мың бас ұсақ мал бар. Бір айта кетерлігі, ұсақ малдың басы былтырғыдан 11,8 пайызға төмендеген. Ал жылқы мен сиыр саны 12-13 пайызға өскен. Ұсақ малдың азаюын аудан әкімі қой етіне деген сұраныстың төмендеуімен түсіндірді.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша соңғы бес жылда ауданға 300 мыңға жуық ірі қара жеткізіліпті. Оның 101-і – аталық мал. Өткен жылы бұл өлкеге «Құлан» бағдарламасы арқылы 184 бас бие сатып алынған. Аудандағы малдың тұқымын түрлендіру процесіне қолдағы аналық ірі қараның 47,6 пайызы тартылғанын айтқан Тұрсынғазы Мүсәпірбеков ағымдағы жылы мал шаруашылығы бағытында бес инвестициялық жобаның жүзеге асуы күтіліп отырғанын атады.
Саржал ауылында тағы бір қымыз цехын құру, 115 бас ірі қара сатып алу, Кеңгірбай би ауылдық округінде 200 басқа арналған қоражай салу, Медеу ауылдық округінде 300 басқа арналған қоражай салу, Қарауылдағы жүн өңдеу цехының жұмысын жандандыру жобалары ауданның тұрмысына серпін береді деп күтілуде.
Аягөз ауданы болса, етті мал өнімдерін өңдеу ісіне кешенді түрде бет бұрып отыр. Аудан әкімі Бақытжан Байахметов өткен жылы жалпы мал басының саны өскенін атады. Әсіресе «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сынды бағдарламалар өз жемісін берген. Мұндағы инвестициялық жобалардың қуаты да көңілге қонымды. Әсіресе, «Eurazia Agro Holding» ЖШС қолға алған ауысым сайын 1400 бас сиыр мен 200 бас қойдың етін сылатын цех құрылысының жобасы аудандағы мал басының артуына әсер етеді деп күтілуде. Құны 9,3 млрд. теңгеден асатын бұл жоба 2017 жылы іске қосылуы тиіс. Ауданда шаруа қожалықтарын кооперативке біріктіру ісі де алға басып келеді. «Eurazia Agro Holding» ЖШС 30 мың бас ұсақ малды ұстауға қауқарлы 44 қожалықты кооперативке жұмылдыруды жоспарлап отыр.
Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев салада атқарылған шаруаларды соңғы үш жылдың бедерінде баяндады. Ауданда бүгінгі таңда 101480 ірі қара бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша соңғы бір жылда 391 бас сиыр сатып алу жоспарланып, нәтижесінде 753 мал әкелінген. Яғни, жоспар 190 пайызға орындалған. Тарбағатайлықтар мал басының санымен қоса сапасын арттыруға да көңіл бөле бастады. Әзірге асыл тұқымды малдың үлесі алты пайызды құрап отыр. Алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізу жоспарда бар. Соңғы үш жылда аудандағы мал бордақылау алаңдарының саны тоғыз есеге артқан. 2013 жылы бүкіл аудан бойынша 25 бордақылау алаңы болса, 2015 жылы оның саны 215-ке жеткен. Ділдәбек Оразбаев мұндай өсім шаруаларды қасаң жоспармен қақпайламай, шамасына қарай қолдау көрсетудің арқасында пайда болғанын айтады. Аталған 215 бордақылау алаңының ішінде 5-10 басқа арналғандары да, 100-200 басқа арналғандары да бар көрінеді. 2013 жылдан бері аудандағы етті малдың санын арттыру шараларына ел бюджетінен 1,3 млрд. теңгеден астам субсидия төленіпті.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ аталған үш ауданда да етті мал шаруашылығын дамыту жолға қойылғанын атап, әкімдеріне жұмыс қарқынын арттыра түсуді тапсырды. Абай ауданының басшылығына малдың жүнін кәдеге жарату бағытында Семей қаласындағы киіз басу фабрикасымен байланыс орнату жүктелді. Ал Аягөз ауданында «Eurazia Agro Holding» ЖШС қолға алған жобаға облыс тарапынан қолдау көрсетілетін болады.
-Аягөз кішкене қала емес. Сондықтан оның халқын сүт өнімдерімен қамту үшін шалғайдан тауар тасымалдау тиімсіз. Осы себепті аудан аумағында тауарлы-сүт фермаларын құру жобаларын қарастыру қажет, – деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button