Экономика

Ет кластерінің елде жоқ үлгісімен жұмыс істеп жатыр

Ет кластерінің елде жоқ үлгісімен жұмыс істеп жатыр

Индустрияландыру картасы аясында екі жыл бұрын іске қосылған «Айтас-МП» ЖШС уақыт өткен сайын өндірістік қуатын арттырып, өнім түрлерін көбейтіп келеді. Шұжық шығаратын өскемендік шағын кәсіпорын өз шикізатын өзі өндіріп, өзі өңдеп, өзі сатып, ет кластерінің елде жоқ үлгісін көрсетіп қана қоймай, ауылдық жерлерден қалаға келген, шеттен атажұртына оралып жатқан жастардың тұрақты, жайлы жұмыс орнына айналып отыр.
Қазіргі күні өскемендіктер дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған көп шұжықтардың ішінен «Айтас-МП» ЖШС өнімдерін ең алдымен таңдап алады. Тұтынушы талғамынан шығып отырған тауық, жылқы, сиыр еті өнімдерін өндіріп жатқан Шығыстағы бұл шағын кәсіпорын 2013 жылдың қазанында Елбасының қатысуымен іске қосылған болатын. Қазір мұнда 130 адам жұмыс істеп жатыр.
Талай ет комбинатының ішіне кіріп жүрміз, бірақ бүге-шігесі көп мұндай өндірісте тазалық пен ұқыптылыққа айрықша мән беріп, цех жұмысшыларының өндіріс орнында жуынып-шайынуына, демалып, тынығуына, ас ішуіне қажетті барлық жағдайын жасап, олардың әрқайсысына арнайы бөлмелер арнап, тегін тамақпен, жұмыс киімімен қамтып, оған қоса мамандарды жұмысқа жинап алып, таратып отыратын осындай кәсіпорындарды сирек кездестіріп келеміз.
Арнайы киімдерді киіп, «залалсыздандыру соқпақ жолы» арқылы жүріп өткен біз дайын өнімдерді қаптап шығаратын бөлімге келдік. Қаптау бөлімінен шыққан қорап толы түрлі шұжықтар осы жерден тиеліп, қала дүкендері мен өзге өңірлерге жөнелтіледі.
Қаптаушылар Нәзигүл Базарбаева мен Дәурен Жасауов кәсіпорын ашылған кезден бастап осы жерде еңбек етіп келеді екен.
-Жарма ауданы, Шалабай ауылынан қалаға көшіп келіп, келген беті осы кәсіпорынға жұмысқа орналастым. Еңбекақымыз әр айдың басында, кідіріссіз беріліп келеді. Автоматтандырылған техникалар қол еңбегін аса қажет етпейді. Сондықтан жұмысымыз жеңіл, өнімді. Осындай елімізге қажетті, таза, берекелі өндірісте еңбек етіп жатқаныма қуанамын,-дейді Дәурен.
Өндірістің бас технологы Станислав Прохоренко қазір кәсіпорында күніне 17 мың тоннаға дейін ет өңделіп жатқанын, өндіріс толық қуатына көшкенде оның көлемі 40 тоннаға жететінін айтты. «Айтас-МП» ЖШС кіріп отырған «Айтас» компаниялар тобы холдингіне қарасты тағы бір кәсіпорын-Өскемен құс фабрикасының суытылған тауық етінен (жылқы, сиыр еті қосылған шұжық түрлерінің де негізгі құрамы болып отырған) жасалатын шұжықтардың жоғары сапалылығының бір сыры да осында – суытылған ет өңдеу технологиясының шұжық жасаудағы ерекшелігінде.
Өндіріс цехтарындағы заманауи желдеткіш жүйелері, төменгі температура, Германия, Аустрия, Польша, Ресей елдері өндірушілерінен сатылып алынған озық құрал-жабдықтар, ауа тазарту жүйелері, жуу стансасы, осының бәрі жұмыс процестерінің тазалық талаптарына сай жүргізіліп, өнімнің сапалы өндірілуіне мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпорын өндірісінің қалдықтары өтетін кәріз суларын тазалау жүйелері де отандық «Экологиялық бағдарламалардың инженерлік-өнеркәсіптік жаңа үлгілері» ЖШС инженерлерімен жасалған. Қаладағы кәріз жүйесіне құйылатын су өндірістің өзінде тазаланып барып, жіберіледі. Шұжықтардың барлық түрі халықаралық, мемлекетарлық, ұлттық стандарттарға сай.
«Айтас-МП» ЖШС кадр бөлімінің басшысы Айгүл Мықтыбаева өз кәсіпорындарының тағы бір өзгешелігі Өскемен қалалық жұмыспен қамту бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқандығында екенін атап айтты. Қазіргі күні жұмыспен қамту бөлімінің жолдамасымен мұнда бес адам жұмыс істеп жатыр. Олардың төртеуі ата қонысқа көшіп келіп жатқан ағайындар отбасынан.
-Бізді қолдап, алаңсыз жұмыс істеуге барлық мүмкіндікті жасап отырған жаңа кәсіпорында еңбек етіп жатқанымызға шүкіршілік етеміз. Қаланың шетіндегі шығыс ауылында тұратындықтан арнайы қызметтік автобусқа отырмағанымызбен, жұмысқа келіп-кететін көлігіміздің жанармайына кететін қаражат та кәсіпорын есебінен қайтарылып отыр. Әке-шешем, бауырларым бар, үлкен отбасымыз. Еңбекақымыз да көңілге қонымды, міндетіміз – жұмысымызға жауапкершілікпен қарап, тиянақты атқару, – дейді кәсіпорын жұмысшысы Африка Матай.
«Айтас» компаниялар тобы холдингінің басшысы Серік Толықбаев болашақта кәсіпорынның ішімен бірге айналасын да айрықша етуді, көріктендіріп, көгалды әсем бақ көмкерген аймаққа айналдыруда жоспарлап отыр.
Суреттерді түсірген автор

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button