Мәдениет

Естен кетпес ерек күн

Естен кетпес ерек күн


Осыдан тура жеті жыл бұрын Тарбағатай ауданының екі бірдей елді мекенінде алапат су тасқыны болып, екі ауылдың төрт мыңнан астам тұрғыны әп-сәтте табиғат апаты салдарынан мал-мүлкінен айырылып, баспанасыз қалғаны оқырманның есінде болар. Сол апатты көзімен көрген, туған ауылының тұрғындарын құтқаруға атсалысқан, оқиғаның бел ортасында болған, сол кездегі «Көкжыра» ауылдық округінің ауылдық ауруханасының бас дәрігері Жәміш Биғазинамен әңгімелесудің сәті түсті.

Апамыз ақжарқын, салдырлаған жан екен. Жеті жыл өтсе де, тарих қойнауына еніп бара жатқан сол күндерді жіпке тізгендей қайта басынан бастады. Отағасы Оралбек Сейтмұханбет ағамыз да ара-гідік әңгімеге араласып отырды. «2010 жылдың наурызы. Әдетте бұл уақытта біздің өңірде кәдімгідей қыс болып тұратын. Наурыздың 15-16 күндері жылы жел соғып, күн жылымық болып тұрып алды. Наурыздың 17-сі күні тау етегіндегі қыстақтағы ағайындар таң бозынан атпен шауып келіп, ауылдың шетінде орналасқан үйлердегі туысқандарға хабар беріп, сай-сайлардағы қар еріп, алапат тасқынның келе жатқанын жеткізді. Ауыл болып бірден іске кірістік. Мен алдымен ауруханада жатқан біраз ауруларды, ал жолдасым болса өзінің жеңіл машинасымен интернатта жатқан балаларды, тұрғындарды орталық тас жолға шығардық. Аудан орталығынан көмек келді. Аудандық аурухана барлық техникасымен, алғашқы көмегімен толықтай жетті. Таңертеңгі сағат он шамасында гүрілдеген дауыс естіліп, әп-сәтте жол-жөнекей қараған, шиді қопарған түйдек-түйдек қара тасқын мектептің алдына келді. Бірден бірінші қабатты басып қалғанын көрдік. Жұрттың соңы болып өзіміздің жеңіл көлігімізбен тас жолға шыққанда бір баласын жетектеп, бір баласын қолына ұстаған жас келіншекті көріп тоқтадым. Жан ұшырған әлгі келіншекті өз орныма отырғызып, өзім қалың нөпірдің соңынан ілестім. Қазір осының барлығы елес қана», – деп есіне алды апамыз.

Айтысына қарағанда, мұндай оқиға бұл өңірде бұрын-соңды болмапты. Бірақ ауыл тұрғындарының береке-бірлігінің арқасында бұл қиындықтан да шығыпты. Баспанасыз қалған тұрғындар жақын жердегі Сәтбаев ауылы мен аудан орталығындағы ғимараттарға орналастырылып, барлығына бірдей жағдай жасалды. Көктем шыға шатырлар тігіліп, тұрғындардың жағдайына айрықша көңіл бөлінген. «Астанадан әр саланың министрлері ат басын тіреп, жағдайымызды сұрап тұрды. Келген-кеткеннің бәрі алдымен ауруханаға бас сұғады. Сол жылдары ауылға келген тоғыз министрдің барлығы да қолдарынан келген жақсылығын жасады. Осының барлығы Елбасының қамқорлығы болатын. Сол кезде облыс әкімі ауылға жұма сайын келіп тұрды. Бірде шатырдағы бөлмемізге қалай кіріп келгенін де байқамай қалыппыз. Маған қарап, «Жәміш, жақында Елбасының қабылдауында болдым. «Көкжыра» ауылына өзі келетін болды. Сәтін салса, сіздің ғимараттың лентасын өзі қияды», – дегенде, қуанышым қойныма сыймады. Елбасының қамқорлығымен, елдегі ағалардың арқасында бас-аяғы екі жарым айдың ішінде заманауи үлгідегі шағын қалашық пайда болды.

Естен кетпес ерек күн

Қазан айының үшінші жұлдызы болатын. Қоңыр күздің нұрын төккен күні еді, – деп әңгімесін жалғастырған Жәміш апамыз. – Тікұшақтың дауысын естігенде, ауыл болып қатты қуандық. Мұндай тарихи сәт біздің ауылда ғасырда бір рет қана болады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы алдымен мектепке келді, содан соң менің ғимаратыма кірді. Есік алдында қолымды алғанда сондай мейірбандылықты сездім, жан-жағына қуат шашып тұратын, жүзінде нұры бар, өзіне бірден баурап алатын жан екен. Кіреберістегі тіркеу бөліміндегі қызметкерімнің алдындағы жаңа үлгідегі компьютерді көріп, «толық меңгердіңдер ме?» деп сұрады. Келесі бөлмеде полиомиелитке қарсы егу жұмыстарына дайындық жүріп жатқан. Сол бөлмеге кіріп, «пәлі, сіздер мына науқанды бастап кетіпсіздер ғой», – деп Денсаулық сақтау министріне қарады. Елбасының жүрісі тым ширақ екен, болмашы ғана қас-қағым сәтте бәрін болжап, ақыл-кеңесін беріп те үлгерді Қолымдағы кесені көріп, қымыздан сәл ауыз тиді. Ғимараттан шығаберісте «игіліктеріңе жаратыңдар» деп қолыма жедел жәрдем көлігінің кілтін ұстатты. Есік алдында гүл ұстаған кішкентай қыздарды бауырына басты. Осыдан-ақ ол кісінің ұлтының болашағын сүйетінін байқадым. Өзін күтіп тұрған қалың қауымды көрген бетте «бері жақындаңдар» деп, қасына шақырып, орталық алаңда өтетін жұртшылықпен кездесуді сол жерде Елбасының өзі бастап кетті. Нұрсұлтан Әбішұлы әңгімесін «Бұрын-соңды шалғай ауылда осындай тамаша ғимараттар болды ма? Екі айда екі ауылды тұрғыздық, төрт мыңға жуық тұрғын баспана алды. Бұл ел экономикасының қуаттанғаны. Ал мына ғимарат халыққа қажет. Ішінде қалада жоқ заманауи қондырғылар бар. «Бұл тұрғындардың денсаулығы үшін жасалған» деген Елбасы Көкжыраның тұрғындарымен ескерткіш суретке түсті, балалардың маңдайынан иіскеді. Ақсақалдардың қолын алып, «аман болыңыздар, енді мұндай апат болмасын!» деп тілек айтып, қолын бұлғағанда көзімнен ыстық жастың шыққанын байқамадым. Жолыңыз болсын «Елін сүйген Елбасы»- деп, мен де қолымды бұлғадым, – деп аяқтады әңгімесін апамыз.

Жәміш апамыз 43 жыл бойы адам жанына араша болған, туған ауылына қалтқысыз қызмет еткен жан. Отағасы Сейтмұханбет аға екеуі төрт бала тәрбиелеп, немерелерінің қызығын көрген ардақты ата-әже. Жолын қуған Ләззат Оралбекова жұрт ілтипатына бөленген ақ халатты абзал жандардың бірі.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button