Есті күйші Естай

Домбыра – қазақ. Қазақ – домбыра. Шанағына сан ғасырлық қазақ тарихын сыйғызып келген осы бір қасиетті аспаптың да қадіріне жететін күн келді. Бұрын жекелеген өнерпаздардың қолында әлпештеліп жүрген ұлт мұрасыа енді мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінеді. Бұл сөзімізге Елбасының «Бірінші шілде – Ұлттық домбыра күні» деген Жарлығы дәлел.
Елбасының ерекше Жарлығын ести сала, елдегі домбырашы азаматтарды іздедік. Естай еске түсті. Кезінде күй атасы Құрманғазыдан неше ғасыр бұрын «Ақсақ құландай» күй тудырып, қаһарлы хан Шыңғысқа Жошы өлімін естірткен Кетбұғадай киелі бабаның, балсаусақ Байжігіттің жолын адалдықпен жалғап жүрген жігіт Шығыс өңірінде осы болатын біздің ойымызша. Әрине, Астана мен Алматыда жүрген Секен Тұрысбек сынды осы өнердің аймүйіз серкелерін айтпағанда.
Иә, «әу демейтін қазақ жоқ» демекші, бабадан қалған осы бір киелі мұраны қолына алып, төріне ілмейтін, болмаса шәй үстінде тыңқылдатып отыратын қазақ аз емес. Қысқарта айтқанда, қазақ тамырынан ажырап қала жаздаса да, қазақтан айырылмаған ұлттық мұра ғой бұл. Естай сол мұраның біздің өңірдегі белді мұрагері. Біз өңірге белгілі күйші, Марқакөл өңірінің тумасы Ерболаттың ұлы Естай Матабаевты айтып отырмыз.
Естайдың балалық дәуірі – Тәуелсіз Қазақстанның экономикасының қиын-қыстау заманымен тұспа-тұс келді. Ел нан табудың жолын ойлап жүрген сол бір өтпелі кезеңде өнерлі азамат ұлына қазақтың қасиетті домбырасын ұстатыпты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ел кезіп өнер өлкесінде өзіндік үнін қалыптастырған әкенің тәрбиесі ұлына төртінші сыныпта домбыра ұстатыпты. Анасы Нұргүлсін де өнерден құр-жаяу емес. Талай талантты биші түлеткен ұстаз.
Ұлының ұлттық өнерге бейімін байқаған әке сол өңірдегі музыка мектебінің мұғалімі, марқұм Бақытбек Көбегеновтің алдына апарады. Жеткіншектің болашағынан зор үміт күткен көреген ұстаз ауылдан қалаға аттандырады. Ақыры ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер мектебіне, артынан осы оқу орынның колледждіндегі Архат Сыдықовтан сабақ алады. Көкірегінде күй күмбірлеп, санасында ұлттық рух жаңғырған сауатты күйшіні Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория ойланбай қабылдайды. Қазаққа «мен» деген күйшілерді сыйлаған Біләл Ысқақовтың алдына барады. Тоғыз перне мен екі ішектің қыр-сырын меңгеруге он жылдан астам уақытын сарып еткен кейіпкеріміз қызметін Шығыстағы облыстық филорманиядан бастайды.
Біз әдетте белгілі бір жүлдеге қол жеткізген өнерпаздарды жарыса жазып жатамыз. Мейлі ол қандай жолмен қол жеткізсе де, бәрібір. Сондықтан бүгінгі кейіпкеріміздің пәлен байқаудың жүлдегері, түген фестивальдің лауреаты деп оқырмандардың басын қатырмай-ақ қояйық. Себебі, ұлтқа қызмет еткісі келген жан үнсіз жүріп те, ешқандай байқауға қатыспай-ақ та өз үлесін қоса алады. Әйтпесе, Естай да талай топты жарған жүйрік.
Шыны керек, біз Естаймен кездесуге уақыт таппадық. Нақтырақ айтқанда, Естайдың уақыты болмады. «Дайындық жұмыстарымыз жүріп жатыр», – деп қысқа қайырған аз сөзді күйші қинала отырып, телефонға 20 минутын әрең қиды. Қазір «Байжігіт» атындағы облыстық филормония мен Алтай ансамблінде домбырашы болып қызмет атқаратын ол арасында өзі түлеп ұшқан ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училещесіне де барып шәкірт тәрбиелейді. Жұмыс бастаған 5-6 жылдан бері Естайдың да алдынан алғашқы қарылғаштары түлеп ұшып үлгіріпті. Оның бірі – қазір Астана қаласында қызмет істеп жүрген, жуықта Семей қаласына келіп өрелі өнер көрсетіп қайтқан Еламан Мәкенов.
– Негізі қазақ та сегіз мыңнан астам күй бар. Бірақ қазір соның 200-300-ге жуығы ғана айналымда жүр. Бізде күйші көп емес һәм күйші болу оңай емес. Мысалы, Дәулеткерей, Құрманғазының кейбір күйлерін бойға сіңіріп, жүрекпен орындау үшін бірнеше жыл дайындалуға тура келеді. Сондықтан күйшілердің қатары аз болады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін шәкірттерді көптеп тәрбиелеуге тырысамыз. Ал бірінші шілдені Ұлттық домбыра күні етіп белгілеу – қазақ руханиятына тың тыныс әкеледі деп ойлаймын. Қазақ домбырасын, атамұрасын қадірлеп жатса, ол қазіргі руханиятымыздың көрінісі, – деп ой бөлісті Естай Ерболатұлы.
Естайдың репертуарында Алтай мен Тарбағатайдың бой балқытар күйлері мен Сарыарқа мен батыстың жігеріңді жанитын рухты күмбірі жетерлік. Үндемей жүріп ұлт мұрасын ұлықтап жүрген Естайлар барда, қазақтың қасиетті мұрасы да жоғалмақ емес.
Мұратхан Кенжеханұлы