Мәдениет

Есіл Еаға, асыл Есаға

Есіл Еаға, асыл Есаға


Есіл Есаға! Қарағайдай қайсар Есаға! Жетісуда көктесеңіз де, Алтайға тамыр жайып, Ертістің бойында топыраққа айналуыңыз заңдылық екен. Желге иілмей, жаңбырға мүжілмей, мәңгі жасыл қылқаныңызды сарғайтпай, бір-ақ күнде морт сындыңыз-ау. Әйтпесе бүгінгі пайғамбар жасына толар шағыңызда естелік орнына құттықтау жазып отырар едік. Біреуге кең, біреуге кем дүние…

Бірде Есағаңның этюдтерін тамашалап отырып, құндақтағы баласын құшағына қысқан келіншектің суретін көрдім. Артқы планда итін көтеріп орыс әйел тұр. Қазақтың жолы орыспен мүлде қабыспайтынын жалғыз кадрмен берген көреген фото! Сол күннен бастап Есімхан аға мен үшін де Есағаңа айналған. Кейін әлгі этюд «Дидар» газетіндегі «Тіл бітсе, сурет не дейді?» жобасының тұсауын кесті.

Біз – бүгінімізді бағаламайтын буынбыз. Есағаңның ақ-қара түсті ескі суреттерін көргенде, осындай ойға қала берем. Бұрынғылар суретке естелік үшін түссе, бүгінгілер есеп беру үшін түсетіндей.

Сенімді сапарлас

Есағаңмен іссапарға шығудың өзі бір ғанибет еді ғой. Сақал-мұртын айнаға қарамай-ақ, бетін сипап тұрып баса беретін. 2013 жылы Оралхан Бөкейдің 70 жылдығы кең көлемде тойланып, түйіні Катонқарағай өлкесінде қойылды. Екі күнге созылған сол тойды жазуға Есағаң екеуімізді жіберген. Бірінші күні Шыңғыстай ауылында мәнді де мазмұнды шаралар өтіп, кешкісін Топқайың ауылындағы «Нұрбұлақ» кешенінде қонақасы берілді. Қазақ әдебиетінің өңшең аймүйіздері бас қосқан отырыстың соңы әдеби кешке ұласып, түні бойы Алтайдың қарағайлы қойнауы өлеңге тұншығып тұрды. Әсіресе Дәулеткерей Кәпұлы «Апам айтатын сен бе едің, сол Тарбағатай, төрт түлік түгіл адамы жайылатұғын» деп, күздің таңы ағарғанша өлең оқыды. Шабытты шақтарды қалт жібермей, сәтті суретке айналдырып жүрген Есағаң да қызды-қыздымен әңгімеге араласып, өз жанынан бір ауыз өлең құрап айтты. Дәукең тік сөйлейтін әдетінен айнушы ма еді?

«Есаға, қалам саған қол болмас, одан да фотоаппаратыңды ұстап жүре берсеңші», – деді. Бұл сөздің қарымтасын Есағаң ертеңінде қайырды.
Тойдың екінші күні негізінен Катонқарағай ауылындағы атшабарда өрбіген. Сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев ғылыми конференциядан соң тікұшақпен бірнеше ауылды аралайтын болды. Ұшар сәтте Есағаңды таба алмай қатты састық. Тойдың сәттерінен бөлек әкім аралаған әлеуметтік нысандардың да суреті қажет еді. Күттіріп қоюдың реті жоқ. Ақыры, аудандағы меншікті тілші Тұрсынхан Базарбаевты фотоаппаратымен қосып алдық. Катонқарағайдан шыққан бойда Кіші Нарында 10 минуттай аялдадық та, Аққайнар ауылына келіп қондық. Біз тікұшақтан түсіп жатсақ, жаңадан ашылған емхананың алдында арсалаңдап Есағам жүр. Өз көзімізге өзіміз сенбедік. Сөйтсек, көктегі тікұшақты көрген бетте облыстық мәдениет басқармасы басшысының көлігін ала салып, Аққайнарға зымыраған екен. Ол кез келген тығырықтан осылай жол табатын сенімді сапарлас еді.

Екі күнгі той аламан бәйгемен аяқталды. Мәренің алдында ат күтіп тұрғанбыз. Есағаң қолындағы құралын Дәулеткерейге беріп, әріптестерімен суретке түсіріп жіберуді өтінді. Іле құралын өз қолына алып, ақын түсірген суретке қарады.

«Бауырым, фотоаппарат саған қол болмайды екен. Одан да өлеңіңді жазып жүре берсеңші», – деді. Есағаңның осындай зілсіз әзілдері іссапарларды әсерлі етіп тұратын.

Құмға сіңген балалық

2015 жылдың тамызында облыс әкімі Зайсан ауданына барды. Күн ұясына құлағанда Өскеменге қайтқанбыз. Журналистер мінген көлік Қарабұлақтың тұсындағы құдыққа тоқтаған. Тамыздың сүмбілелі түні түсіп келе жатқанына қарамастан, Есағаң құдықтың тастай суына шомылды. Ауырып қалмаңыз деген ескертуімізді елемеді де.

«Саспаңдар, менің балалық шағым қызылша алқабында өткен. Төбемнен күннің, табанымнан құмның ыстығы әбден сіңген ғой. Сол қуат қанымда тұрғанда ешбір суық денеме дерт ұялата алмайды», – деп мақтанатын. Оның қызылша алқаптарында жоғалған балалық туралы әңгімелері Д.Исабековтің «Дерменесін» еске түсіретін.

Студент Есімханның бос күндері жер астында өтіпті. Ол тұста шахталардың есігі ашқұрсақ студенттер үшін әрдайым «ашық» тұратын. Еті тірі Есағаң осы шахтаның арқасында «мәдениетті қайыршылыққа» душар бола қоймаған. Өзі аңқау, өзі қорқақ құрдасын қорқыту үшін сонау қаладан шахтаға дейін автобуспен ешкі жетектеп әкелгендері, оны шахтаның қараңғы түкпіріне байлап қойып, күлкіге қарық болғандары Есағаңның қайталап айтудан жалықпайтын әңгімесі еді.

«Бір сурет – екі МРП»

Бір жолы Мемлекеттік рәміздер күніне орай Өскеменге Елтаңба авторы Шота Уәлиханов келіп, «Қазақстан» тауындағы алаңда мемлекеттік қызметкерлердің ант қабылдау рәсіміне қатысты. Ресми шара болғандықтан, жол сақшылары да қаптап жүрген. Мәртебелі мейманды күтіп тұрған шақта екі полицей Есағаңа қолқа салды. Суретке армансыз түскен соң, бағасын сұрамай ма?

«Тәк, сендерге адамша айтқанмен түсінбейсіңдер ғой. Өз тілдеріңмен айтқанда, бір сурет екі МРП болады» – деді Есағаң. Басынан сөз асырмақ түгіл, қадалған жерінен қан алатын сақшылардың өзі оның алдында күліп қала беретін.

Бірде Есағаң бүкіл құжаттарын жоғалтып алды. Әсіресе, жүргізуші куәлігінің зардабы батты. Ал оны жасату үшін әуелі жеке куәлігін қалпына келтіру қажет. Жаяулықтың азабы шыдатпаған соң, иықтағы жұлдызы ірілеу деген жолдастарына жүгінеді ғой.

«Бүкіл жол сақшыларын мәжіліс залына жинады да, маған орындық ұсынды. Соның үстінде қасқайып тұрдым. «Мына ағаларыңның түрін жаттап алыңдар, құжаттарын реттегенше, тоқтатушы болмаңдар». Сол бұйрықты ешбір сақшы бұзбады. Тіпті кейбіреуі әлі күнге дейін бұлжытпай жүр», – деп күлетін.

Есағаң 60 жасын дүркіретіп өткізді. Сол тойда досы Қайрат Мусин бір сырдың бетін ашып еді.

«Есімхан – достыққа адал жігіт. Тоқсаныншы жылдары бізбен бірге іс бастауға ұсыныс тастағанымыз да сондықтан. Бірақ мойны жар бермеді ме, әйтеуір, келіспеді ғой», – деген атымтай азамат.

Алпыстан аттаған соң Есағаңның әңгімелері байсалдана түсті. Өзі 30 жыл еңбек еткен «Дидардың» ардагер қаламгерлері Ғафура Сәрсенбайқызы мен Серік Ғабдулиннің өлеңдерінен үзінді келтіруді әдетке айналдыра бастаған.

«Үйдегі жеңгелерің ұрсып жүр. «Алпысқа келіп, ақсақал атанатын шағың туды. Редакциядағы жастармен ілесе шаппай, ұстамды бол. Қайдағы қысыр кеңесті қоздатпай, салиқалы сөз айтуға тырыс» деп құлағыма құйып отыратын болыпты. Онысы да дұрыс шығар», – деп қоятын. Жеңгеміздің ақылмандығына сырттай сүйсінгені бір бұл емес. Осыншалық құрметін көзінің тірісінде жарының бетіне тура қарап айта алды ма, ол жағы бізге беймәлім. Сурет пен естелікке мән бермейтін талай аға буын өкіліне жеке фотоальбомын шығартып берген де осы Оралды жеңгеміз екенін айтқан бір ретте.
«Жеңгелеріңді сәби күнінен білем. Мен одан бірнеше сынып жоғары оқыдым. Ол бірінші сыныпта жүрген кезде-ақ жақсы жар болатынын білгем ғой. «Түбінде осы қызды мен алам, өзгелерің жолаушы болмаңдар» деп сыртынан қорғап жүретінмін. Құдай аузыма салса керек, – дейтін балаша жадырап.
Біздің үй редакцияға үш аттам жерде тұрғандықтан, жұмысқа бір сағат бұрын келетін кездер болады. Сондай кездерде есік алдында шылымын сыздықтатып Есағаң тұрады. Қандай ауыр ойдың үстінде тұрса да, лезде серпіп тастап, күле амандасады. Арадағы әңгіме кезекші хал сұраулардан ары ұзаса, әлгіндегі ауыр ойдың тиегі біртіндеп ағытылатын. Ресейдегі ұлдың қамы, Астанадағы қыздың қызметі, немере-жиендерінің ертеңі, Оралды жеңгеміздің денсаулығы үнемі ойында жүрді. Өмірінде өзі мүлт жіберген мүмкіндіктер туралы да көп айтатын.

«Ел сияқты дүние қуып, тиын сауған адам болсам, осы күнде бір басымда бірнеше пәтер болар еді. Өзі келген дүние-мал өзі кетіп жатты ғой. Кейде құнтсыздығыма өкінем. Үйге әкелгенімді ұқыппен ұқсата білген Оралдыға ескерткіш орнатсам да болады», – дейтін күрсініп.

Ағамыз Абаштың адамдығын ерекше бағалайтын. Бір жолы Оралхан Көшеровтің «Достарым» әніне Абаш ағаның қалайша кірмей қалғанын сұрадым.
«Меніңше, ол – әзіл үшін ойдан шығарылған әңгіме. Әйтпесе Оралханның Абашқа «әннің ішінде сен жоқсың» деп айтатын жөні жоқ. Көшеров Өскеменде бір апта жүрсе, соның алты күнінде Абаштың үйінде жүретін. Қайта оған қарағанда Абаш сирек қонатын. Сөйткен Абашты Оралхан қалайша әніне кіргізбей қойсын? «Абаш-Думанның» арқасында Өскеменге жерсінген талай әртіс те айлап-жылдап баспана мәселесіне бас қатырмай жүрді. Соның көбі ол жақсылықты тез-ақ ұмытты», – дейтін кейіп.

Талай үйдің төрінде ізі қалған

«Тым болмағанда сендердей жазу қолымнан келсе ғой, кітап шығарар едім» – дейтін кейде. Кімнің қандай жолмен басшы болғанын, кімнің қалайша байып шыға келгенін, кімнің бағы маңдайдан неге шайқалғанын ешқандай қоспасыз, болған күйінде айтушы еді. Одан қалса, ардагерлер журналистердің басынан өткен күлкілі жағдайларды жіпке тізетін. Меңғали Мусиннің «телефон терроры», Айтан ағаның алыс аудандарға сапары, Қайсағали Қалидолдиннің өз-өзінен сұхбат алуы өз алдына бір мақалаға жүк болар әңгімелер. Марқұм Мүслім Құмарбекұлы Есағаңды «Щеткабас» дейтін. Шашының шоғырсымдай қайсарлығына тапқан теңеуі. Самайына ақ кірмей жатып-ақ сапарын аяқтады сол Есағам.

Жалғанның жәрмеңкесіне объективтің ар жағынан сығалап жүретін Есағаң бүгін бізге о дүниенің пердесінен көз сала ма екен? Бәлкім, күйкі тірліктің күйбеңінен бас көтере алмай жүрген пенде біткенге аянышпен қарайтын шығар. Бәлкім, тірілердің таласына қарны ашар немесе қызылды-жасылды дүниенің алдамшы жарқылына әлі тамсана телміретін де шығар.

Жуықта әріптесім Мұратхан Кенжеханұлы екеуіміз Жарма және Көкпекті аудандарында баспасөзге жазылу мәселесі бойынша іссапармен барып, халықпен кездестік. Сонда Бірлік ауылының көзі қарақты оқырмандары кездесуді көңіл айтудан бастап, Есағаң түсірген отбасылық суреттер төрде тұрғанын айтып жатты. Талай үйдің төрінде, талай жүректің көгінде суреті қалған Есағаңды өлді деуге ауыз бармайды. Есімхан Орынбаев – Өскемендегі фотография өнерін қазақша сөйлеткен марқасқа маман. Бұл – біздің емес, аға бауынның берген бағасы. Өлді деуге бола ма Есағаңды, өлмейтұғын артына із қалдырған.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button