Спорт

Әскерилер жекпе-жекке шықты

Аягөз гарнизоны әскери бөлімдерінің қызметшілері арасында әскери жекпе-жек сайысынан іріктеу жарысы өтіп, гарнизон бастығының кубогы сарапқа салынды. Аталмыш жарысқа гарнизондағы әскери бөлімдерден жеті команда, оның ішінде 70-ке жуық әскери қызметші қатысып, олар тоғыз салмақ дәрежесінде бақ сынады.

– Әскери жекпе-жек – жауынгерлік дайындықтың бір түрі. Бүгінгі сияқты іріктеу жарысы жыл сайын өтеді. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Спортшылар тыңғылықты дайындалып келген, – деді гарнизон бастығы подполковник Дәулет Сүттібаев.

Тартысқа толы сайыстың қорытындысы бойынша 55 келі салмақта сержант Санат Садықов, 60 келіде аға лейтенант Елдос Сартай және 65 келіде сержант Мейіржан Байқадамов, 70 келіде ефрейтор Мұхамедияр Сайлаубеков,  75 келі салмақ дәрежесінде аға сержант Бауыржан Әділбеков шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Сонымен қатар 80 келі салмақта ефрейтор Ильяс Ахметов, 85 келі салмақта аға сержант Бекежан Тұрсынов, 90 келіде капитан Мурод Махаметов және 95 келіден жоғары салмақта қатардағы жауынгер Әділет Байрахметов өз шеберліктерін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Жарысқа қатысушылар жекпе-жек барысында жақсы дайындығы мен шеберліктерін көрсете білді. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер гарнизон бастығының кубогымен және медальдарымен марапатталды.

Айта кетейік, жекпе-жек сайысы – бұл нақты жауынгерлік қызметте сыналған әлемдік спорт түрлерінің арсеналынан көптеген функционалды элементтерді біріктіретін қорғаныс және шабуыл әдістерін оқытудың әмбебап жүйесі. Мұның бәрі бірінші кезекте әскери қызметшілердің барынша дайындалуына, шынығуына бағытталған.

 Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

 

 

Осы айдарда

Back to top button