Жаңалықтар

Әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты

Шығыс» өңірлік қолбасшылығна қарасы 27943 әскери бөлімінде «Ашық есік» күні өтті.

Тарбағатай, Алтай, Катонқарағай аудандарының 100-ге жуық мектеп оқушылары 27943 әскери бөлімінің бір күнімен танысу үшін Өскемен қаласына арнайы келді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Бұрындары әскери өмірдің тыныс-тіршілігін тек әскери кинолардан көруге болатын, қазір Қарулы Күштердің беделін арттырып, әскери қызметті насихаттау мақсатында  әскери бөлімдерге жиі экскурсиялар жасалып тұрады. Мұндай экскурсиялардың нәтижелілігін Қарулы Күштер қатарында ерікті түрде, үлкен құлшыныспен келуші жас сарбаздардан байқауға болады.

-Ағаларымызға әскерге шақырту қағазы келген кезде бойымызды бір қорқыныш сезімі билейтін, өйткені оның қайда бара жатқанын білсек те, ол жақта не істейтінін, қалай өмір сүретінін білмейтінбіз. Әскери бөлімге келіп, мұндағы тәртіпті, сарбаздардың өмір сүру салтын, бір күндерін өз көзімізбен көргеннен кейін, бойымызды билейтін үрей, ол білместіктен екенін түсініп отырмын. Еліміздің Қарулы Күштер қатарындағы бір жыл расымен өте пайдалы, қызықты және жаңа таныстықтарға, жаңа білімге, жаңа тәжірибеге толы болады екен. Мен Қарулы Күштер қатарына қосылып, сарбаз болып, қолыма қару алып, жаттығып, өзімнің Отан алдындағы борышымды абыроймен өтегім келеді, – деді 5 сынып оқушысы Бұлан Бауыржан.

Экскурсия барысында оқушылар сарбаздардың бір күндік жаттығу жұмыстары, ұрыста ұйымдаса қимылдауы сынды әскери даярлықтарын тамашалады. Әскери бөлім барлық заманауи қару-жарақ үлгілерімен қамтылған. Бұдан басқа әскери техникалары да жеткілікті. Сондықтан оқушылар қару-жарақ, әскери техникамен танысып, өздерінің таңданыстарын жасырмады. Сонымен қатар, сарбаздардың демалып, ұйықтайтын казармасын, асхананы аралап, әскери бөлімдегі бригаданың мұражайына кіріп, қызықты әрі тың ақпараттар алды.

– Бұл біз ұйымдастырып отырған алғашқы «Ашық есік» күні емес. Соңғы рет мамыр айында Өскемен қаласының мектеп оқушылары келіп, әскери өмірдің бір күнімен танысып қайтты. Мұндай ашық есік күндерін біз Қару Күштердің абыройын арттырып, сарбаздардың өмірі туралы ел арасында дұрыс пікір қалыптастыру, әскери өмірге деген қызығушылықты арттыру үшін өткіземіз. Келген оқушылар да өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, әскери бөлімдегі тәртіпті, қару-жарақтарды көзбен көріп, қолмен ұстап, жағымды көзқараста қалады, – деп атап өтті 27943 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Джумагазиев Азамат.

Ашық есік күндерінің тағы бір маңызды мақсаты – Отанымыздың ертеңгі қорғаушыларына  – әскер бұл күнделікті өмірден ерекшеленетін, бірақ мұнда келген адамды жауапты, ержүрек тұлға ретінде қалыптастыратын орта екенін көрсету. Өйткені сарбаздың әр күні өз елін, жерін қорғап, Отанын жақсы көруді, патриоттық сезімін сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеуді талап етеді.

Ынтымақ Толқын

Осы айдарда

Back to top button