Өнер

Есімі елге таныс Есен сері

Есен – әнші, Есен – ақын,  Есен – жігіт сұлтаны, Есен – шебер, Есен – асаба, Есен – термеші, Есен – атбегі.  Бұл сегіз қырлы, бір сырлы күршімдік Есен Мәженовке елдің берген бағасы.

Біздер, күршімдіктер, Есенді мақтан тұтамыз һәм қадірлейміз. Күршім ауданының мәдениет бөлімін 18 жыл басқарған марқұм Қабдолда Тұрар Есен туралы былай деген еді: «Есеннің әні құлаққа сіңімді, жаныңа жағымды, жүректі тербеп, көңіліңді көтереді. Оның әндері тындарманның тынысын ашып, көңілге қуаныш құйып, жаныңды бек сүйсіндіреді».

Иә, шындығында, Есен – жұртшылықтың жүрегін әнімен жаулаған азамат. Өнер жолындағы сүйенішін, қуанышын әнмен жеткізіп, сырлы сазды жанына серік еткен азамат. Жүректен шыққан әнді жүрекке жеткізетін әнші. Оның есімі Күршімге ғана емес, қазақтың даласына таныс.

Сонау 1990 жылы Қабаң өзі бастап Хасен Зәкәрия, Кенжебай Қайырбаев, Шәкербану  Жакупова, Тамара Жанбосынова, Есен Мәженов бастаған өнерпаздарды облыстық ақындар айтысына апарды. Қабаң ол кезде облыстық ақындар мектебін басқаратын. Хасен мен Кенжебай басқа ақындарға қарағанда үздік алда тұрды. Есен Маженовті термешілер сайысына қатыстырды. Есен сол жолы «Алтай» термесін айтты. Облыста бас бәйгені жеңіп алды. Арғынбектің бұл термесін Бошай Кітапбаев Қытайға барып жазып әкеліп, «Қазақ әдебиеті» газетіне бастырып шығарыпты. Сол термені Қабдолда Тұрар Есенге беріп, әнін Оралхан Көшеровке шығартып, дайындаған болатын. Есен республикалық термешілер сайысына Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысып, тағы да осы «Алтай» термесін орындады. Термеге берілетін уақыт үш минут. Есеннің айтатын термесіне төрт минут уақыт керек. Қабаң қазылар  алқасына термеге үш минут жеткіліксіз, мағынасы бұзылады деп төрт минут бергізді. Есен термені көңілдегідей өте жақсы орындап шықты. Асанәлі Әшімов сахнаға көтеріліп, Есеннің маңдайынан сүйіп, ризашылығын білдіріп: «Талабыңа нұр жаусын!» – деп ақ батасын берді. Есен жүлделі бірінші орынға ие болып, «Лауреат»  атағын алды. Қабдолда Тұрар облыстық өнер мектебін басқарып тұрғанда әр өңірді аралап жүріп  елуден астам жас ақынды даярлады. Оған халық та, сол кездегі ақындардың өздері де куә. Оларды облыстық, республикалық айтыстарға қатыстырды. Сол елу ақынның ішінде Есен де бар болатын. Есен ауданда күршімдік ақындар Сәли Нәукеновпен, Советқан Қалиғожинмен, Шәкербану Жакуповамен, Тамара Жанбосыновамен  айтысып, жетістіктерге жетті. Облыста Абаш Кәкеновпен, Анар Құсайыновамен, Құралай Әлкембаевамен айтысты және өзінің болашағы бар ақын екенін көрсетті. Үлкен Нарында бір мектепке Қабдеш Самитовтің атын беруде Есен Абашпен айтысады. Екеуі бас бәйгеге таласады. Абаш әзілқой ақын ғой. Абаш «Е-се» деп ені созып алады да, аяғында «к»-ні айтады. Отырғандар ду күледі. Сонда ол: «Ақын тапса, өлеңде сыр болмақшы, жақсы өлеңде тегінде нұр болмақшы. Ұзын бойлы Есен егер есек болса, мәстек, шартық Абаш ақын кім болмақшы?» – дегені бар. Қабдеш Самитовтің ұлы келіп, қазылар алқасының мүшесі болып отырған еді. Ол орнынан тұрып: «Абаш, мен білемін, сен мықты ақынсың. Боксерлер де бір удардан кейін барып құлайды, Есен сені қатты мойындатты», – деді. Абашқа бас бәйгені, Есенге бірінші орынды берді. Бұл да Есен ақынның ақындар айтысындағы үлкен бір жеңісі еді.

Есен – жігіт сұлтаны

Жігіт сұлтаны деген атаққа Есен қалай жетті? Ақындық, әншілік жігіт сұлтаны атану үшін жеткіліксіз екенін Есен бірінші рет облыстық жігіт сұлтаны сайысына барғанда білді. Жігіт сұлтаны атану үшін жігіт шыныққан батыр, батыл болуы керек. Ат құлағында ойнайтын епті, атпен шауып келе жатып, жердегі шүберекке түйілген теңгелерді жығылмай алу, атпен шауып келе жатып, диаметрі бір метр болатын шеңбердің ортасынан найзаны  лақтырып өткізу, гір тасын көтеру, күресте қарсыласыңды еркін жығу, ол үшін түрлі айла-тәсілді дұрыс пайдалана білу және тағы басқа. Бұл қасиеттер Есенде бар, бірақ әлі жеткіліксіз еді. Есен спорттың бұл түрлерімен Күршімге қайтып келгеннен кейін қатты айналысты, уақытпен санаспады. Таң белгі бере бастағаннан бастап түн қараңғысына дейін айналысты. Күреске спорт шебері Талғат Тоқтаров даярлады. Бұл еңбектердің  түпкі нәтижесі жақсы болды. Ол 1994 жылы облыстық «Жігіт сұлтаны» атағын жеңіп алды. Республиалық жарыс Тараз қаласында өтіп, оған 80 жігіт қатысты. Шымкент пен Тараздан он-оннан жігіттер қатысты. Сол кезде қазылар алқасында Несіп Жүсіпбаев пен Серік Байхонов болды. Сол 80 жігіттің ішінен соңғы финалға он жігітті іріктеп алды. Соның ішінде Есен де  болды. Есенге жаны ашыған Несіп Жүсіпбаев Есенді шақырып алып: «Бәрі жақсы болды. Тек сенің киімің нашар, көз тартпайды. Соңғы кезеңге финалға қатыспайтындардан киім алып қатыс», – деді. Есен солай істеді. Республика бойынша екінші орынды жеңіп алды.

Әр адамның ауылы – дүниедегі ең  қадірлі мекен. Есен өзінің туған ауылы Түгіскенге арнап өлең жазып, «Түгіскен –  туған елім» атты ән шығарды. Қазір өзі орындап жүр. Есеннің әр тақырыпта шығарған өлеңдері де  жетерлік. Алла қаласа, алдағы уақытта жинақтап, баспадан кітап етіп шығармақ. Есеннің орындауында республикалық каналдағы «Домбыра»  атты бағдарламадан «Алтай» термесі, «Ағалар-ай», тағы басқа әндері орындалып жүр. Олай болса, Есеннің әнін бүкіл Қазақстан халқы тыңдап отырғаны хақ.

«Есен атбегі»

Есен «жігітке жеті өнер аз» деп жүйрік баптаумен де айналысты. Оның баптаған жүйріктері топтан озып келді. Ондайда Есекеңнің көңілі өсіп, бойында қуаныш сезім пайда болады. Ауданда бас бәйгені, жүлделі орындарды алып жүрген қойтастық Талғат Әбішев, қалғұтылық Әділ Советұлымен пікір алысып, ой бөлісіп, атты бәйгеге баптаудың түрлі әдістерін кеңінен пайдаланды. Есен баптаған тай мен құнаны 2022 жылы  ауданда тай жарысынан да, құнан жарысынан да бірінші орынды жеңіп алды. Есен – талантты, талапты азамат. «Тау жығылып, тас құлап төбесінен басса да, талант өлмейді» деген сөз бар. Шынында, бойға біткен дарынды ешкім жыға алмайды. Жаратылыстан, табиғаттан әншілік, ақындық оңай беріле салмайды, әркімге дарымайды. Әнші, ақын болу – бір Алланың мейірімі түсіп, табиғаттың берген үлкен сыйы. Әншілік өнері Есеннің өзіне жарасып-ақ тұр. Әдемі әуені бойыңды балқытып, жүрегіңді елтіп, самал боп желпіп, көңіліңді көтеріп жібереді. Есеннің әнін тыңдаған арулардың жаны жай таппай, сезімге беріліп, қиялын алысқа сермеп, көңілі ләззатқа  батып, тоят тап-қандай болады. Есеннің тұнық, мөлдір бұлақтай әндерін, ырғақты термелерін тамсана тыңдай отырып, өзіңе рухани азық аласың. Есеннің ән айтуда өзіндік мәнері, шеберлігі, өзіндік толғауы бар.  Әннің бағын ашатын әнші ғой. Есен – жұрттың аузынан түспей, тындаушылардың алғысына бөленіп, күршімдіктер мақтан тұтып жүрген әнші. Есенді тілімізге тиек етіп, білмейтіндер танып біл-сін деп өнерін халыққа паш етіп отырмыз. Өнер жолында сырлы сазды әнді жанына серік еткен Есенге алдағы уақытта шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз.

Нұрсовет  Қайыров,
          Күршім ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы,
ақын-сазгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Осы айдарда

Back to top button