Ешбір мәселе ескерусіз қалған жоқ
Аймақ басшысы Даниал Ахметов бір топ азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдады. Айтылған барлық сауалдар бақылауға алынды, оларды тиісті басқармалар жан-жақты қарастырып, барынша жедел шешетін болады.
«Авиценна» отбасылық денсаулық орталығының басшысы Ардақ Қамытов жаңа емхана ғимаратын іске қоса алмай отыр, себебі нысан автокөлік жуатын жерге жақын орналасқан. Орталықта 60 дәрігер бар, бір миллиард теңгеге жабдық сатылып алынған.
– Салалық департаменттер жағдайды анықтайтын болады, мәселені қысқа мерзімде шешеміз, емхана жұмыс істеуі тиіс, – деді Даниал Ахметов.
Ауданнан келген көпбалалы ана Сәуле Байырованың қызы ауыр дертпен сырқаттанады және облыс орталығындағы нейрохирургтардың тұрақты бақылауында болу керек. Олар Өскеменде үй кезегінде тұр, облыс әкімі анасы мен қызын «Үлбі» медициналық-әлеуметтік орталығына уақытша орналастыруды міндеттеді.
Дамир Райымханов еріктілерді сегіз бағытта оқытатын орталық құру жөніндегі қызықты жобасын таныстырды. Жоба қаржылық-экономикалық тұрғыдан зерделеніп, оны тиімді жүзеге асырудың жолдары қаралады.
Зайсан ауданын дамыту бойынша бірқатар мәселемен Қабиолда Сайранов жүгінді, олардың бәрі аудан әкіміне берілді және аймақ басшысының жеке бақылауында болады.
Қызылорда облысында тұратын көпбалалы әке, мамандығы бойынша заңгер Алтынбек Өмірзақов еңбек күші артық өңірлерден қоныс аудару бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстанға көшуге ниет білдірді. Облыс әкімі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына мәселені қарап, қоныс аудару мүмкіндігін ұсынуды тапсырды.
Ержан Кеңесұлы