Экономика

Есептеу құрылғылары төлемақыны екі есе азайтады

Есептеу құрылғылары төлемақыны екі есе азайтады

Нарықтың өз заңдылықтары бар. Баға, шығындар, үнемдеу… Бұл – бүгінде коммуналдық шаруашылықтардың тарифтеріне тән нәрсе болып отыр. Облыстың көптеген коммуналдық кәсіпорындары миллиондаған шығынмен жұмыс істеп келеді. Мәселен, бір ғана Курчатов қаласының «Водоканал Курчатов» МКК ай сайынғы шығыны 8,4 млн. теңгені құрап отыр. Мұның барлығы тарифке әсер етері сөзсіз.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ТҮКШ бөлімінің басшысы Юрий Халитовтың айтуынша, коммуналдық тарифтердің өсуі заңдылық, әрі қажеттілік. Өйткені, коммуналдық коммуникациялар жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Әрі шығындары да шаш етектен.
– Коммуналдық төлемдердің қалтаға салмақ салатыны рас. Алайда, тұрғындар ең алдымен пәтерлерге орнатылған есептеу құрылғылары арқылы сол төлемдерді еке есеге төмендетуге болатындығын ескергендері жөн. Осылайша отбасылық бюджетті үнемдеуге болады. Дегенмен, облыс тұрғындарының жартысынан астамы есептеу құрылғыларын пайдаланбайды. Демек, қалталары көтереді. Аз төлеу үшін есептеу құрылғыларын орнату қажет,-дейді бөлім басшысы.
Пәтерлерге бір текше метр суық суды жеткізу мен пайдаланылған суды тазарту ғимараттарына жеткізудің құны қандай? Жоғарыдағы «Водоканал Курчатов» кәсіпорыны бір текше метр суды жеткізу мен тазарту үшін 388 теңге (171 теңгені жеткізуге және 217 теңгені тазартуға) жұмсайды. Алайда, кәсіпорынға орташа 132 теңге ( және 60) алуға рұқсат етілген. Бірақ тұрғындар бір текше метр үшін 100 теңгеден аспайтын сомма төлейді. Бұл – есептеу құрлығылары бар тұрғындарға арналған баға. Ал есептеу құрылғылары жоқтар бүгінгі күннің өзінде кісі басына мың теңгеден артық төлеп отыр. Өйткені, есептеу құрылғылары жоқтарға кәсіпорын жеті текше метрден артық су бөлдік деп есептейді. Курчатовтың коммуникациясы 50 мың тұрғынға арнап тартылған болса, онда тұратындардың саны бүгінде он мыңнан ғана асып жығылады. Мұндай желілерді ұстап тұру кәсіпорын бюджетіне салмақ салып отыр. Қаладағы кәсіпорындар су мен кәріз жүйесі үшін тұрғындардан үш есе артық төлейді. Мұнда өндірістік және оған теңестірілген кәсіпорындарға, бюджеттік ұйымдарға, жылу энергетикалық кәсіпорындарға бөлек тарифтер қарастырылған.
Юрий Халитовтың айтуынша, кәсіпорын тұрғындарға суды жеткізуде көп жеңілдік жасайды. Кәсіпорын шығынсыз жұмыс істеуге көшу үшін тұрғындардан жұмсалған бір текше метр су үшін 65 теңге, өндірістік кәсіпорындардан 279 теңге, Ұлттық ядролық орталық пен Қаражырадан 347 теңге алуды, ал оны тазарту ғимараттарына жөнелту үшін тұрғындардан 99, өндірістік кәсіпорындардан 853 теңге алуды ұсынып отыр. Егер табиғи монополияларды реттеу департаменті осы трифті бекітсе, есептеу құрылғылары жоқтар суық су үшін кісі басына екі мың теңгедей төлеуге мәжбүр болмақ. Осыдан-ақ, есептеу құрылғыларды орнатуға кететін шығын ай сайынғы суық су үшін төленетін шығыннан әлдеқайда жоғары екендігін көруге болады.
Облыс орталығында ағымдағы жылдың бірінші маусымынан есептеу құрылғылары бар тұрғындар бір текше метр суды жеткізу үшін 50,4 теңге, бір текше метр суды тазарту ғимаратына жіберу үшін 43 теңге төлейді. Есептеу құрылғысы жоқтарға кісі басына 854 теңге қарастырылған. Риддерде бір текше метр су есептеу құрылғылары барларға – 22 теңге, кәрізге жіберу – 16 теңге, құрылғылары жоқтарға – 473 теңге.

Ең арзан жылу Өскеменде

Облыс коммуникацияларының орташа 70-80 пайызының тозығы жеткен. Сондай-ақ, коммуналдық қызмет көрсететіндердің жалақысы төмен. Осыған орай алдағы бес жылда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын тиімді жұмыс істеу тәртібіне көшіру жоспарланып отыр. Мәселен, «Өскемен-Водоканал» МКК 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі инвестициялық бағдарламасын бекітіп, алғашқы екі жылда сумен қамту жүйесінің 149 және кәріздің 42 километрін қайта жаңғыртуды, сондай-ақ, 4,6 шақырым оптикалық кабель тартуды жоспарлап отыр. Аблакетка, Казачий, Самсоновка және 14 кәріз, тоғыз су көтеру станцияларының бостоғандарының су тарту құрылғыларын жаңартуды көздеп отыр. Осылайша, 2021 жылға қарай су шығыны 16 пайызға төмендемек. Жөндеуді қажет ететін 248 шақырым желі 99 шақырымға азайып, электр энергиясын тұтыну 47,4 млн. кв/сағаттан 44,2-ге төмендейді.
Ең азран жылу энергиясы Өскемен қаласында өндіріледі. Жеке тұлғалар мұнда бір шаршы метр жерді жылыту үшін 46 теңге төлейді. Семейде бұл сомма – 57, Риддерде – 58, Курчатовта – 76, Зырянда – 81 теңге.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының сараптамасы көрсетіп отырғандай, Курчатов қаласының «КМЭП» кәсіпорыны жылына 65 млн. теңге шығынмен жұмыс істеп отыр. Кәсіпорын өз шығындарын өзі ақтау үшін бір гигакалория жылуды 6500 теңгеге сатуы керек. Алайда, оған рұқсат етілмейді. Бүгінде мұнда бір гигакалория жылудың бағасы орташа есеппен – 4548 теңге, тұрғындар үшін – 4022 теңге. Кәсіпорын тығырықтан шығатын жол іздеп отыр.
Семейдің «Теплокоммунэнерго» МКК 2011-2013 жылдар аралығында жыл сайын 900 млн. теңге шығынмен жұмыс істеді. Өткен жылы отынды дотациялағанның өзінде кәсіпорын шығыны 686 млн. теңгені құраған. Соған қарамастан екі жыл бойы бір гигакалория жылу үшін орташа тариф бағасы 3654 теңгеден асқан жоқ. Дегенмен, мұндай көлемдегі шығынмен жұмыс істеу тиімсіз. Осылайша кәсіпорын тарифтерін көтеруге мәжбүр болды. 2016 жылдан бастап бір гигакалория жылудың бағасы тұрғындар үшін бүгінгі 3041 теңгеден 3649 теңгеге, 2017 жылы 4014, 2018 жылы 4415 теңгеге көтерілмек. Бұл келесі жылдан бастап екі бөлмелі қарапайым пәтердің жылу ақысы шамамен сегіз мың теңге болады деген сөз.
– Бұл соңғы әрі нақты шешім емес. Жылуды, суды, жарықты үнемдеудің бірқатар технологиялары бар. Бүгінде облыста жалпыүйлік жылуды есептеу құрылғыларын орнату бағдарламасы қолға алынды. Осы арқылы да әр үй тұтынған жылуды ғана төлеу арқылы үнемдеуге қол жеткізе алады. Сондай-ақ, автоматтандырылған жылу пункттері кіріктірілуде. Олар ауа температурасына орай жылу беруді реттейді. Бір сөзбен айтқанда, үнемдеудің жолдарын іздестіру белсенді түрде жүргізілуде,-дейді Юрий Халитов.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button