Білім

Есеп шығарудың жаңа тәсілдерін меңгерді

Есеп шығарудың жаңа тәсілдерін меңгерді


Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да академик, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев облысымыздың түкпір-түкпірінен келген математика пәнінің мұғалімдеріне арналған авторлық семинар-тренингін өткізді.

«Олимпиада есептерін шығару» тақырыбында өткен семинар барысында академик ұстаздарға оқушыларды әлемдік деңгейдегі математика олимпиадаларына дайындаудың әдіс-тәсілдерін үйретті. Сондай-ақ, қазіргі білім жүйесіндегі мәселелер мен жаратылыстану ғылымдарының дамуына ерекше тоқталған Асқар Жұмаділдаев шығысқазақстандық мұғалімдердің білім деңгейіне жоғары баға берді.

– Математика – оқушының дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады. Өйткені, бұл ғылым – әлемде болып жатқан жаңалықтарды дұрыс қабылдауға көмек береді. Алдымен баланың аталмыш пәнге деген қызығушылығын оятатын бастауыш сынып мұғалімінің білімі терең болуы қажет. Өйткені, оқушының болашағы тікелей сол ұстазға байланысты. Қазақ бәйгеден озамын десе, технократтық елге айналу керек. Сонда ғана біз өркендейміз, – дейді Асқар Жұмаділдаев.

Облыстық білім басқармасына қарасты «Шығыс» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен өткен семинар-тренингке өңіріміздегі 1600 математика пәнінің мұғалімінің ішінен іріктелініп алынған 140 ұстаз қатысты.

– Асқар Жұмаділдаев облыстық Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық болашақ жас математиктермен кездесіп, тәжірибе бөлісті. Балаларды технология саласын меңгеруге шақырған ғалым олардан үлкен үміт күтетінін жеткізді, – дейді орталық директоры Мұңлық Асанова.

Екі күндік семинар-тренингке қатысқан Өскемендегі №46 мектептің математика пәнінің мұғалімі Салтанат Тоқтабаянова мол тәжірибе жинағанын жеткізді.

– Математикалық есептерді шешудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгердік. Мысалы, рекуренттік теңдеуді шешу әдістері, конбинатурикалық элементтерді пайдалану мен жиындар теориясын қолданудың өзгеше тәсілдерін үйрендік. Енді бұл шеберлік сыныбынан меңгерген ақпараттарымызды басқа әріптестерімізбен бөлісетін боламыз, – дейді ол.

Семинар-тренингтің соңында барлық мұғалімдерге сертификаттар табысталды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button