Еңселі үйге елу жыл

Ұлан ауанында мәдениет пен спорт саласына еңбек сіңірген тұлғалар көп. Олардың еңбегін ескеріп, үнемі қолдау көрсетіп жүретін демеушілер де аза емес мұнда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында таяуда өткен Сағидолла Мұқашев атындағы Бозанбай ауылдық мәдениет үйінің 50 жылдық мерейтойы бұл сөзімізге дәлел.
Олай дейтінім, айтулы шара аудандық Мәдениет үйінің және меценаттардың қолдауымен жоғары деңгейде тойланды.
Бозанбай орта мектебінде ұйымдастырылған спорттық сайыстарға қатысушы командалар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және волейболдан сынға түсті. Жарыстардың ашылуында Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Абдыкаримов, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі облыстық федерациясының президенті, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Мұзапаров және өзге де белгілі тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
– Құрметті жерлестер, бүгін осы ауылда мәдениет үйінің 50 жылдық мерейтойына жиналып отырмыз. Бәріміз білеміз, бұл ауыл ертеректе Ұлан ауданының орталығы болған. Осы мәдениет үйіне талай еңбек сіңірген Сағидолла Мұқашевты еске алып, оның еңбегін кейінгі жастарға үлгі ету мақсатымен осындай шараны қолға алып отырмыз, – деді Нұржан Абдыкаримов.
Ауыл тұрғындарының назары волейбол бәсекесіне ауды. Жарысқа барлығы 10 команда қатысты. Оның ішінде жеңістен үмітті Сағыр, Донское, Алмасай, Саратовка ауылдық округтері және жарыс қожайыны Бозанбай ауылының ұжымдары болды. Командалар екі топқа бөлініп, төрт команда Бозанбай ауылында, қалған алтауы Алғабас ауылында жарыс көрігін қыздырды.
Екі топтан іріктеліп шыққан төрт команда жүлде үшін талас жүргізді. Тартысты кездесулер нәтижесінде Сағыр ауылдық окгругінің ұжымы финалда жарыс қожайындарын ұтып, жеңімпаз атанды. Тиісінше күміс жүлде бозанбайлықтарға бұйырды. Ал үшінші орын үшін ойында Саратовка ауылдық округінен айласын асырған Донское волейболшылары қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мадақтама қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Түс ауа, ауыл тұрғындары мен келген қонақтар Бозанбай мәдениет үйіндегі концертті тамашалады. Концерт барысында аталған мәдениет ошағында ұзақ жылдар қызмет еткен ардагерлерге Алғыс хаттар табыс етілді. Бұдан кейін барлығы ҰОС ардагерлеріне арналған Даңқ аллеясына барып шейіт болған майдангерлер рухына тағзым етті. Гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ мешітте өмірден озған мәдениет саласы қызметкерлерінің рухына бағышталып құран оқылды.
Әділхан Есімханов