Мәдениет

Есағаңның жанарындағы тарих

Есағаңның жанарындағы тарих


…Ерлер аз ғой ақ өліммен жан үзген,
Сіз кеттіңіз аздар жортқан ақ ізбен,
Мен әлі күн елегізіп жүремін,
Сіз жолығып қала ма деп дәлізден…

Бұл өткен жылғы сарша тамызда абзал әріптесіміз Есімхан Орынбаев өмірден өткенде туған сағыныш жыры болатын.

Иә, Есағаңды Өскемендегі өнер музейінен жолықтырдық. Өзін емес, рухын, артында қалған мол мұрасын. Отыз жыл бір шаңырақ астында қызмет істеген Есағаның ағасы Айтмұхамбет Қасымов пен «Шығыс-Ақпарат» ұжымы «Қас қағым сәт» атты фотокөрме ұйымдастырған. Ардақты азаматтарын алты ай бойы көрмеген алтайлық ел Есағаңды шын сағыныпты. Елді сағындырудың өзі бір бақыт шығар. Бірақ ондай ел жүрегінен бұйырған алтын таққа бір ғұмырды қарапайымдылықпен, адалдықпен, мәрттікпен өткізген Есағаңдар ғана отыра алатыны шындық.

Есағаң ғұмырының алтыншы мүшелі басталғанда жер бесікке бөленді. Алғашқы қос мүшелі Алатау баурайында өтсе, соңғы үш мүшелін Алтайға арнады. Өнегелі ғұмырының тең жартысын өзінің сүйікті қызмет орыны «Дидарында» өткізді. Азаматтық арына дақ түсірмеген адам қысқа ғұмырдың өзін шексіздікке ұластыра алатынын дәлелдеді Есағаң. Мұны біз көрмеге жиылған жұрттың көңіл толқыныстарынан аңғардық.

Есағаңның жанарындағы тарих

Музей дәлізінде мойнында фотоаппараты бар Есағаңның портреті қарсы алды бізді. Көзілдіріктің ар жағындағы мейірім төгілген жанар көз көргендерінің көзін бір сығымдатып алды. Осы жанарға ілінген қас қағым сәттер кенді Алтайдың отыз жылдық тарихынан сыр шертіп тұр. Фототілшінің бұл көрмеге алпыстан астам мұрасы қойылған. Онда өңірде өткен дүбірлі тойлар мен аламан бәйгелер, әріптестері мен достарының бас қосқан сәттері бейнеленеді. Жалпы, Есағаңның фото қоржынында елімізге белгілі талай тұлғалардың өсу кезеңін көрсететін тамаша естеліктер бар. Әне, анау тұрған «Дидар» гезетінің тоқсаныншы жылдардағы жұмыс тобы. Оның ішінде – есімін ғана естіген аға буын мен кеше ғана өмірден озған қаламгерлер. Бүгінде ортамызда жүрген ардагер әріптестердің жас кезі, жасын кезі қаз-қалпында көз алдымызда тұр. Әне, Бошай ағаның буырқана сөйлеп тұрған бейнесі. Мынау, кеше ғана Тайынтыда өткен «Орай шап» көтерілісінің 100 жылдық торқалы тойы… Мұның бәрі Есағаның қырағы жанарымен тарих қойнауында қалған суреттер. Осы суреттер арқылы енді Есағаң тарих жанарында қалатын болады.

Есағаңның жанарындағы тарих

Тірілер тірлігіне оралайық. Есағаңның қадіріне біреу жеттік, деді, біреу жетпедік деді. Ол енді әркімнің пайымына байланысты дүние. Бір анығы, Есағаңды сыйлайтын жұрт көрме тұсаукесерінде Өнер мұражайының шағын залына сыймай қалды. «Дидар» газетін ширек ғасыр басқарған Жұмәділ Әділбаев, Есағаның үзеңгілес серігі Ғылымбек Сәбитов, «Шығыс-Ақпарат» ЖШС директоры Ирина Якунина, достар атынан Қуандық Шегіров шығып есте қалған естеліктерімен бөлісті. Көпшіліктің көңілін толқытқан айтулы айтыскер, әріптесіміз Серік Құсанбаевтың арнауы болды.

Біз – қазақ дейтін ел едік,
Аталы сөзге тоқтайтын.
Самырсын сапты садағын,
Жауына ғана оқтайтын.
Талғамды ойын тура айтып,
Туғанына да жақпайтын.
Болысты көрсе жалбақтап,
Орысты көрсе мақтайтын.
Жанында жүрген жақсыны,
Тірісінде даттайтын,
Өлген соң жылап, жоқтайтын -, деп әуелгі әуеніне басқанда зал толы жұрт сілтідей тынды. Есағаң жайын толық түсінетін жұрт күбір-сыбыр әңгімеге көшті. Айтпақшы, Есағаңның ақырғы демі үзілгенде қасында болғандардың бірі осы Серік ағамыз еді. Кеш соңында шара авторы Айтмұхамбет Қасымов шығып көрменің өтуіне көмек қолын созған «KazLider» холдингінің бас директоры Марат Мұзапаров пен «КМ компаниялар тобының» президенті Қайрат Мусинге алғысын айтты. Есағаңның қосағы Оралды жеңгеміз бен балаларын ортаға шақырып, марқұмның портреті мен фото-альбомын сыйлады. Осы шараны өткізу алдында Есағаңа арнап шағын фильм түсіріліпті. Онда жазушы Жұмағазы Игісін мен газетіміздің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаевтың, ардагер фототілші Сергей Суровтың ұзақ жылғы серіктеріне деген әдемі пікірлері, сүбелі ойлары кіріктірілген. Түсірілім авторлары – белгілі фотограф Ғылымбек Сәбитов пен Тілеубек Шаяхметов.

Еске алу шарасына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева бастаған өңірдің зиялы қауым өкілдері мен марқұмның әріптестері, туыс-туған, дос-жарандары қатысты.

Есағаңның жанарындағы тарих
Есағаңның жанарындағы тарих
Есағаңның жанарындағы тарих

Тұсаукесерге жиналған жұрт көрмеден Есағаның өзін немесе көзін көргендей болды. Мұндай суреттер Алтай елінің әр отбасындағы альбомдардан табылатыны сөзсіз. Демек, Есағаңның рухы солармен бірге мәңгі жасайды деген сөз. Айтпақшы Өнер музейіндегі бұл көрме бір айға дейін жұмыс істейді. Ескі күндерді еске алғысы келген жұртқа есік ашық.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button