«Ертегі әлеміне саяхат» жасады
Пушкин атындағы облыстық кітапханада балаларға арналған «Ертегі әлеміне саяхат» атты мерекелік апталықтың ашылуы өтті. Танымдық іс-шара Балалар кітабы күні мен Балалар жылына арналды.
Кітапхананың кішкентай қонақтарын қарсы алған ертегі кейіпкерлері балалармен бірге ертегі үзінділері мен өлеңдер оқып, қызықты сөзжұмбақтар шешіп, ән шырқады.
Ертегі әлеміне саяхат «Таңғажайып кітаптар әлемі» интерактивті кітап көрмесінің ашылуымен басталды. Көрмеде өткен жылы бастау алып, биыл жалғасын тапқан «Балалар әдебиеті жылы» аясында арнайы эмблемамен жарық көрген Несіпбек Айтұлының «Шыбын-шіркей», Юрий Серебрянскийдің «Қазақстандық ертегілер», Әділдабек Салықбайдың «Айдана мен Ақжолтай», Тілеуғазы Бейсембектің «Зерек бала», Шәкен Күмісбайұлының «Сәби болғым келеді» кітаптары, кішкентай оқырмандардың сүйікті кітаптарына айналған «Big dream» баспасынан жарық көрген анимациялық 4D кітаптар, тактильді кітаптар және жаңа форматтағы басқа да басылымдар ұсынылды.
Балалар мерекеге арнап өздерінің оқыған кітаптарынан салған суреттері мен арнайы бағдарламада салынған суреттерін әкелген. Шара барысында олар өздерінің сүйікті жазушылары туралы әңгімелеп, кейбір авторлармен жүзбе-жүз кездескендерін де айтты.
–Балаларға әсіресе жерлес жазушы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кәмшат Әбілғазықызының «Күнге қонған көбелек» ертегісі қатты ұнады. Балалар барлық ертегілерінің ішінен автордың жан дүниесін көрсететін осы ертегісін таңдап алды, – дейді Өскемендегі №45 орта мектебінің «Кітапқұмарлар» үйірмесінің жетекшісі Лизайда Мұхтарханқызы.
Кітап көрмесі 9 сәуірге дейін жалғасады. Сиқырлы ертегілер әлеміне қызығушылық танытатын балаларға кітапхана есігі айқара ашық.
Айжанат Бақытқызы