Аймақтар аухалы

Ертістегі су деңгейі қаншалықты көтерілді?

Биыл қар қалың жауғандықтан, Семейде су тасқыны қаупі туындады. Мұның себебін әкімшілікте өткен брифингте қала әкімі Ермак Сәлімов түсіндірді. Бүгінгі күнде су деңгейі 478 сантиметрді құрап отыр. Ал Семей үшін қауіпсіздік деңгейі  450 см. болып табылады. Мамандар бұл төтенше жағдай емес дегенді алға тартады.

-2020 жылғы 12 қантарда таңертеңгі сағат 8.00-ден  кешкі 20.00-ге дейін су сағатына 5,3 см. көтерілген. Сол күні әр сағат сайын су осы деңгейге көтеріліп отырды. 13 қаңтарда таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін су сағатына 1,6 см. көтерілді. Енді су сағатына 1 сантиметр ғана көтеріліп келеді. Яғни, судың көтерілу деңгейі азайып бара жатыр, деді қала әкімі.

Брифинг барысында сарапшылар түсіндіргендей, су деңгейінің көтерілуіне қар астында жатқан  мұздың жиналуы себеп болған. Бұл – өзеннің түбінде мұздың жиналуы ағынның қозғалысына кедергі келтіріп, су деңгейінің көтерілуіне әкелетін табиғи құбылыс.

Десек те, сарапшылар жарылыс жұмыстарын жүргізу әлі ерте деп отыр. Ертіс бассейндік инспекциясының маманы Валентина Песчанникованың айтуынша мұз  су ағысының еркін өтуіне мүмкіндік бермей жатыр. Сонымен қатар астындағы мұз қай аймақта тұрғаны бізге көрінбейді. Су өздігінен ағып кетпейінше, ол да кетпейді.  Ал су басуының ықтимал учаскелері: Пристань, Бейбітшілік аралы, Восточный және Мирный кенттері. Осы аймақтарда қазіргі таңда 760 адам тұрады.

-Тағы да қайталап айтамыз, әзірге еш қауіп жоқ, бірақ біз кез келген жағдайға дайынбыз, -деді қала әкімі Ермак Сәлімов, – тұрғындарға қауіп  туралы алдын ала ескертілген. Егер бір жағдай туындаса, қайда орналастыратынымызды білеміз. Автобустар бөлінеді. Тұрғындарды «Семей» және «Турист» қонақүйлеріне орналасатын болады. Олармен арнайы келісімдер бар.

Қазіргі уақытта азаматтық қорғаныс күштері жоғары дайындықта жұмыс істеп жатыр және нысандарда тәулік бойы кезекшілік етуде. Сондай-ақ облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен, мамандар Ертіс жағдайын зерттеп, одан арғы әрекеттер туралы шешім қабылдау үшін өзеннің бойын тікұшақпен қарап шығады.

Облыстық ТЖД бастығы Қанат Әбділов  12 қаңтардан бастап құтқарушылар қызмет атқарудың күшейтілген режиміне көшкенін атап өтті.

– Бейбітшілік аралында  екі бақылау бекеті, тағы екеуі -Восточный кенті ауданында орналасқан. Бекеттерде су деңгейі бақыланып, сағат сайын ақпарат беріледі. Барлық күштер мен құралдар, өзгерістер жоқтығына қарамастан, кез келген штаттан тыс жағдайға толық дайын, – деп атап өтті Қанат Әбділов.

Ермак Сәлімов жарылыс жұмыстары Ертісте жоспарланбайтынын айтты. Оның үстіне мұз астында су жинақталуы қаланың тұрғын бөлігінде пайда болды. Су басу қаупіне негізінен Бейбітшілік аралы ғана ұшырауы мүмкін. Мамандардың айтуынша, жарылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды.

Соңғы уақытта өзендегі судың деңгейі алғаш рет төмендей бастағаны белгілі болды. Ол 4.86-дан 4.81-ге дейін төмендеді. Су деңгейі қазір 478 сантиметр. Жағалаудағы аймақ тұрғындарына қауіптің бар екендігі ескертілді. Жағдай бақылауда және әзірге тұрақты болып отыр.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button