Ерлан Көкеевтің жаңа жобасына шақырту алды
Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың «Тіршілік негіздері» атты кәсіби оқыту мамандығының 1-курс студенті Малика Ахметжанова танымал әнші Ерлан Көкеевтің жаңа жобасына қатысуға шақырту алды.
Айта кетейік, Малика Ахметжанова Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен 25-інші «Жас қанат» республикалық байқауының ақтық сынына дейін жеткен еді. Нәтижесінде Астана қаласы әкімдігінің арнайы жүлдесіне ие болды. Байқауда Уитни Хьюстонның «I have nothing» әнін орындаған жас әншіге Жанар Дұғалова алғысын білдіріп: «Шынымды айтсам, осы уақытқа дейін Уитни Хьюстонның «I have nothing» әнін орындауға батылым жетпей жүрген болатын. Ал бүгін сенің тәуекелге бел буып, мұндай үлкен шығармашылық туындыны қорықпай орындаған өжеттілігіңді көріп, саған жоғары баға қоямын» деген екен. Малика Ахметжанованың айтуынша, оның кәсіби музыкалық білімі жоқ. Сондықтан, ол әншілікпен әзірше тек хобби ретінде айналысып жүр.
– Байқауға қатысқан кезде бастысы жеңіс емес, тәжірибе екенін ұқтым. Өйткені, мұнда төрешілік ететін қазылар алқасы қатысушылардың дайындығын бірден байқайды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей болашақта өзіме қатысты айтылған сынды түзейтін боламын, – дейді Малика Ахметжанова.
Аталмыш байқауда «Сұлулық байқауына қатыссаң, бас жүлдені аласың. Алайда, ән байқауында ақсап тұрсың, саған әлі тыңғылықты дайындық қажет» деп сын-пікірін білдірген Ерлан Көкеев жас әншіні өзінің жаңа жобасына қатысуға шақырған.
– Аталған жобаға қатысуға келісім берген жағдайда Астанаға қоныс аударуыма тура келеді. Сол жағы аздап қиындық туғызып отыр. Сондықтан Ерлан Көкеевтің ұсынысына ойланып жүрмін, – дейді Малика Ахметжанова.
Ажар Сағатбекова