Мәдениет

Еркектерімізді қай зобалаңда жоғалтып алдық?

Еркектерімізді қай зобалаңда жоғалтып алдық?


Дәл осы тақырып бүгінгі таңда көптеген баспасөз құралдарының сөзжұмбағына айналып тұр. Журналистер біршама проблемалардың шымылдығын түруде. Бәрінің күндіз шам алып іздегендері бір ғана дүние: «Тәңірім-ау, қан сасып жаудан келетін, тер сасып малдан келетін, ошақ қасы, шаңырақ астында ақ дегені алғыс, қап дегені қарғыс боп күркіреген, жанұясын ғана емес, мұқым әулетін арыстандай ақырып, жолбарыстай жусатып отыратын баяғының алдаспан-еркектері қайда? Оларды қай зобалаңда, қандай топалаңда жоғалтып алдық?…»

СЕРКЕ ҰЛДАРЫМЫЗ БЕН ТҮЙСІКТІ ҚЫЗДАРЫМЫЗ ҚАЙДА?

Баяғының ақсақалдары бала кезімізде: «Баяғыда… біздің бала кезімізде…» деп әңгіме бастайтын. Сол баяғыда деп басталатын әңгіменің ар жағында үлкен тағылым, күмбір-күмбір етіп тәрбие бұлағы жатады екен-ау. Ақсақал дегеніміз – қамшының сабындай ғана ғұмырында мынау боз дүниенің, боқ дүниенің харамы мен халалын, жақсылығы мен жаманын, әділеті мен қиянатын сүйемдеп өлшеп, безбендеп, содан белгілі бір қорытынды, түйін жасай алатын қарттар екен де, шал дегеніміз – көрген дүниесін ой қазанында қайтара қайнатып қорыта алмайтын, сол көрген қалпында баяндап қана отыратын дәлдүрік-қырттар екен. Өмір біздерге осыны үйретті. Жақсылықты үйретті, жаманнан жирентті. Енді біздер де «баяғыда» дейтіндей жасқа келіппіз.

Шынында да, баяғыда шаңырақ тізгіні ерлердің ашса алақандарында, жұмса жұдырықтарында екен. Еркектер сырттан мал кіргізсе, үйдегі әйелдер оны іс қылыпты. Әйелдердің басты кәсібі – әулетке ұрпақ әкелу, ұл мен қызға тәрбие беру болыпты. Әйел жұрағаты күйеуінің айтқандарын қалтқысыз орындапты. Алайда, ошақ басының береке-бірлігін ұйытуды әйелдер өз мойындарына алған көрінеді. Оларға: «Берекенің шайқалмауына басыңмен жауап бересің», – деп ешкім де міндет артпаған. Әйелдің аюдай ақырған күйеуінің тілін қалай табатыны, қалай жағатыны әлі күнге жұмбақ.

Құдай-ау, қазір сол мың сан қол бастап «Абылайлап» жауға шаппаса да, ошақ басын тырп еткізбей ұстайтын, пәленбай әйелінен туған боқташақтарын тентіретпей, ешкімге алақан жайғызбай асырайтын серке азаматтарымыз қайда? Азаматының айтқандарын орындамауды үлкен күнә, шариғатқа деген алапат қарсылық деп түсінген түйсікті де, сүйкімді келіншектеріміз қайда? Оларды қай қоғамдық формация жұтып қойды? Ұрпақтарымыз неге азып барады? Тірлік көзі, пенделердің іс-әрекеттері неге ғана жағымпаздық пен жәдігөйлікке, аярлық пен азғындыққа, тұтастай алғанда адами моральға мүлдем қарама-қарсы бағытқа көш түзеді? Бағанағы Азамат деп ат қойып, айдар тағып, үкілеп отырған еркектеріміз осы былыққан, ылыққан дүниенің – драматрагедияның басты кейіпкерлері. Ошағы ойран болып, қатыны сайран көріп жүргенінде шаруасы да жоқ. Қатынына қой деп, жақ аша алмайды. Айтып көрсін! Қатыны талағын аузына тосып, баласы бетін тырнап алады. Сөйте тұра, басшы, депутат болудан үміті бар әлгі неменің. Болып та жүр. Кереғар дүние деген осы, ағайын. Не боп кетті бұл заман?!

КИНО, «САУЖОЙ» ЖӘНЕ ҚАЗАҚТЫҢ МОМЫН ӘЙЕЛІ

Қазақтың қараторы әйелі әу бастан момын еді ғой. Жалпы, қазақ – жуас халық. Негізгі тақырыбымызға оралсақ: қазақтың өр мінезді еркегі неге ез, момын әйелі қалай ғана алдаспан болып кетті?

Өткен ғасырларда қазақ отбасында ер-азаматтың орны биікте болғаны ертегі емес. Шындық. Ол сол дәуірлердегі «әйелдер жаман, ақылдары шолақ болған», – деген сөз емес. Мұсылман тәртібіне бағынған. Шариғат жолын қатаң ұстанған. Пайғамбар хадистері әрбір мұсылман пендесі үшін Ата Заңнан да жоғары тұрған. Моральдық кодекс деңгейінде болған. Сондықтан әйел жұрағаты ерлерімен бет-бедел, абырой жарыстырмаған. Әманда соның тілеуін тілеген. Алдын қиып өтпеген. Қысқасы, ерінің айтқаны – қазақ әйелі үшін заң болған.

Заман озды, ел де, әдет-ғұрып та тозды. Қоғамдық формация ауысты. Беліне наган байлап, қолына найзалы мылтық ұстап, тұяғы тиген жерін қызыл қанға бөктіріп қып-қызыл большевиктер шықты сахнаға. «Құдай жоқ, ендігі құдайларың да, сөз ұстайтын пайғамбарларың да біздерміз!» – деп, көпірді. Көнбегендерді атты, асты. «Әйелдерге теңдік әпереміз!» – деп, лепірді. Сондағы теңдіктерінің басты баптары: «Еріңнің тілін алма. Ә десе, мә де. Ол іштен тепсе, сен бастан теп. Ұстаған жеріңде қолың, тістеген жеріңде тісің қалсын. Балаңның тәрбиесін Үкіметке тапсыр да, білегіңді түріп тастап еркекпен жағаласып қызмет қыл. Егерәки күйеуің қол көтерсе бізге айт, біз оларды әкесіне танытамыз», т.б. Жаңа қоғам қазақ әйелінің көзін, сауатын осылай ашты. Саужой (сауатсыздықты жою) осылай басталды. Осындай мазмұнды, адамзатты аздыруға, шайтандық іс-әрекеттерді (арақ ішу, темекі шегу, жезөкшелік, сайқалдық, т.б.) насихаттайтын кинолар келді өмірге. Кинофильмдер коммунистік билік идеологиясының басты құралына айналды. Биліктің сойылын соқты. Оның ұлы өнер екендігі соңғы қатарға ысырылды. КСРО деген алып империя тырдай жалаңаш қалған ұятын «социалистік реализм» деген жабумен бүркемеледі.

Сол кинолардың саяси астарын бір төбе десек, «тәлімі мен тәрбиесі» бір төбе еді. «Мосфильм» мен «Ленфильмнің» өткен ғасырдың 30-жылдарынан бергі кино шежіресіне зерделеп қарасаңыз: «Қазақ әйелі неге ардан безді, неліктен бұзылды? Қазақ қоғамында сандаған ғасыр тезіне төтеп берген адами моральдің іргетасы неге іріп-шіріді? Әбден үстіріктелген, шымырланған, шыңдалған әдет-ғұрпымыздың кешені неліктен тоз-тозы шықты?» – деген, мың сан сұраққа татымды жауап аласыз. «Бақаның тойы – батпақта» деген осы. КСРО атты алып империяның боданы болған қазақтың аузын аңқита ашып сүйсінгені, санасын айтақтап түйсінгені – орыс фильмдері еді. Сол дәуірдегі орыстардың кез келген киносын алып көріңізші. Ылғи бір күйеулерін жерден алып, жерге салған, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, қарғанып-сіленіп, беттерін тырнап жатқан әйелдер. Тіпті, балаларға арналған фильмдеріндегі титімдей қыздарының өздері ұлдардың шаңын қағып, сілкілеп жатады. Мұрындарын шырт-шырт тартып, сүмірейіп тұрған еркектер…

Қазақтың қызы да, әйелі де әлгі киноларды көріп «қанаттанып» шығысты. Ұяттан безген, безген емес-ау, жеті аталарынан бері ұят туралы түсініктері болмаған ұлттың ұрғашыларының іс-әрекеттерін өздеріне үлгі-өнеге етісті. «Апыр-ау, мәдениет дегеніміз осы екен ғой!?» – десіп, етпеттерінен түсті. Биліктің өздерінің сойылын соғатынын жақсы біледі. Момын әйелдерімізге күдірейіп жал бітті. Тамырларында күйеулеріне деген қарсылық қаны тасыды. Желікті. Желіктірді. Қазақ еркектерінің «тақтан түсу» ойынының бір парасы дүниеге осылай келгенін өтірік деңізші. Айта алмайсыз. Әкесін «сілкілеп» жатқан шешені қөрген қыз кейін тұрмысқа шыққаннан соң, әлгі «технологияны» әрі қарай дамытатыны, қаны сорғалаған шындық.

ҚҰЛҒА АЙНАЛҒАН ҰЛДАРДАН ТҰЛҒА ҚАЛАЙ ШЫҒАДЫ?

Әнеу жылы Жапонияға барып қайтқан бір қазақ журналисінің сапарнамасын оқығаным бар. Сол айтады:

– Токионың бір саялы пұшпағында газет оқып отырғанмын. Мөлшермен бес-алтылардағы бір ұл бала сықылықтап күліп кеп қолымдағы газетті жұла қашып, жыртып-жыртып шашып кетті. Жанында шешесі бар екен. Мен енді шешесі ұлын ұратын болар, немесе қатты зекіп ұрсатын шығар деп ойладым. Жоқ, бәрі керісінше болды. Жас келіншек күлімдеп келіп менен кешірім сұрап, газеттің қай күнгі нөмір екендігін білген соң, таяудағы дүңгіршектен сатып әкеліп қолыма ұстатты да, тағы да қайтара кешірім өтініп, жайдары қалпында өз бағытымен кетті. Әлгі шалдуар ұлына бір ауыз сөз айтқан жоқ. Мен аң-таңмын. Біз болсақ зекір едік, құйрығынан таспа тілмесек те, бірер шапалаққа сараңдық жасамас едік…

Міне, бұл басқа ұлттың ұрпақ тәрбиесінен алынған бір көрініс қана. Бізде ше?

Әсіресе, ұлдың тәрбиесіне тым қатты қараймыз. Отырма, жатпа, тұрма, өйтпе, бүйтпе, құдай-ау, шақшадай басын шарадай етеміз. Ойлауына, ойлануына, өзіндік шешімдер қабылдауына мүмкіндік те бермейміз. Сондай қатаң қалыптан шыққан ұлдарымыз бара-бара тек орындаушы рөлінде қалады. Оның бұл қанына сіңген әдеттен үйленген соң да ада-күде арылып кетуі неғайбыл. Әйелінің айтқанынан шыға алмайтын, ошақ басына билігін жүргізе алмайтын еркектен ұлт жоғын жоқтайтын, руханиятымызды түгендейтін тұлға шықпайтыны бесенеден белгілі. Оның үстіне қазақ қыз тәрбиесіне жеңілдеу қараймыз: «Қыз жат жұрттық» дейміз, «Қыз қонақ» дейміз, әйтеуір, қыздарымызды бетінен аса көп қақпай, еркіндеу өсіреміз. Еркіндік – ойлау қабілетін арттыруға молынан ықпал ететін фактор. Қыздарымыздың өткірлеу, өжеттеу, ұшқыр ойлы, кез келген мәселеде жарқылдап көзге түсетіні сондықтан. 1986 жылғы Желтоқсанда жігіттерімізді Алаңға жетектеп жеткендер де, тәуелсіздіктен кейінгі «Азиялық дағдарыс» аталған кезеңдегі қиын-қыстауда қатты белсенділік танытқан да – қазақ қыздары. Дағдарыста бұрыннан да босбелбеулеу ерлеріміз дағдарып, алаңдап, абыржып қалды да, әйелдер естерін тез жинады: Қытай. Түркия, Қырғызстан, Ресейге шапқылап киім-кешек, таңдайымызға басар талқан әкеліп, мұқым ұлтты жоқшылық батпағынан сүйреп шығарды. Өтірік пе? Тағы да қаны сорғалаған шындық. Ал жанұяны әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіп отырған жанның сол шаңырақтағы абыройы үстем болатыны да ақиқат. Соны біле, көре отырып, әйелге еріңді сыйла, алдынан қия басып өтпе, оның сөзі саған заң деп талап қоюдың өзі кереғарлық па деп қаласың.

ТІЛІМІЗДІҢ ТАҒДЫРЫ – АНАЛАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

Ұлттың бет-бейнесін айшықтайтын атрибуттардың бастысы тіл десек, дәл осы тұста жерге кірердей төменшіктейтініміз рас. Бұл мәселеде басқа ұлттардың беттеріне қарайтындай бет те қалған жоқ бізде. Қорланып біттік әбден. «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіретіні» рас болса, осы уақытқа дейін қазақ, әй, мың сан мәрте өлген шығар-ақ.

Тілді тербететін – ана. Ана тілі деп ат қойып, айдар тағатынымыз да сондықтан. Тіліміздің тағдыры – әйелдердің қолында.

Тілімізге, жалпы руханиятымызға бүгінгі таңда әйел-аналардың қамқорлығы әсіре қажет. мені қыздарымыздың ана тілін қос өкпеден теуіп, оған шекелерінен қарап, жаппай орыс тілінде сайрап жүргені тым үрейлендіреді. Құлақтарында тығын, аузында сағыз қыздарымызда ойлануға мүлдем уақыт жоқ. Тым-тырақай тапырақтап, шапқыласып барады. Ойсыз, толғақсыз. Ертеңгі күнімізді Болашақ деп атар болсақ, анау шапқылап, орысша шүлдірлеп бара жатқандар – сол болашағымыздың аналары. Қазақ ұлтының аналары. Ұлдан нағыз нар тұлғалы Азамат, халқы үшін бары мен бағын құрбандыққа шалып жіберетін қайраткерлер, қыздан абыз-ана құйып шығаратын ұста-зергерлер де, созылмалы дерттен емдеп жазатын дәрігер-оташылар да – Аналар. Жасаған иеміз сол ана-қыздарымызға иман мен зерде берсін деп тілейік.

Әлібек Қаңтарбай
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button