Әріптесіміз жыр бәйгесінің жеңімпазы атанды
Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада Ұлан ауданының тумасы, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Өскемен қаласының «Құрметті азаматы» Серік Ғабдуллинді еске алуға арналған «Сөйле менің, жүрегім» атты облыстық жыр мүшәйрасы мәреге жетті.
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ
«Сөйле менің жүрегім, сөз келгенде,
Шаршы топта сайрайтын кез келгенде.
Таразылап тарт ойды безбендерге,
Көңілімнің сырын айт көз көргенге.
Өркен жайып өмірім өзгергенде,
Сөйле менің жүрегім сөз бергенде», – деп Серік ақынның өзі жырлағандай, бұл күні тек ақындар сөйледі. Ал шын ақынның сөзі жүректен шығатыны белгілі ғой. Ақынның сөзі – өлеңі. Сөйтіп, ақын Серік Ғабдуллиннің туғанына 85 жыл толуына арналған жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті.
Жыр додасынан қай ақынның арғымағы бірінші мәреге жеткенін әйгілемес бұрын айтыскер ақын Аян Қалымбек жырдан шашу шашты. Одан кейін сөз тізгінін Серік Ғабдуллин ақынның туған жерінен арнайы келген Ұлан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Тоқтарханұлы алды.
– Ұлан ауданы – ұлағатты мекен. Ақындар мен батырлардың бесігі. Өздеріңіз білесіздер, бір ғана Ұлан ауданында тоғыз Кеңес Одағының батыры, бір Халық Қаһарманы дүниеге келген. Егер көзі тірі болса, Серік Ғабдуллин ағамыз биыл 85 жасқа толушы еді. Бірақ сұм ажал арамыздан ертерек алып кетті. Бірақ соның өзінде ақынның артында мол мұрасы қалды. Ол 1994 жылы «Шабыт» ақындар мектебін ашты. Сол «Шабыттан» қаншама жас ақын түлеп ұшып, бүгінде қазақ поэзиясының мерейін асырып жүр. Бүгін осы мүшәйраны өткізуді өзіміздің парызымыз деп санадық, – деген ол шараға қаржылай қолдау білдірген Марат Өмірбекұлы, Ерғали Зейнолла, Нұрмұқан Қуанышбек, Тоқаш Оралбек секілді кәсіпкер азаматтарға зор алғысын жеткізді. Алдағы уақытта бұл мүшәйраны дәстүрлі түрде өткізу де ойда бар екенін айтқан Нұрхат Тоқтарханұлы өз тілегін «Мүшәйра жаңа жұлдыздарды аша берсін. Қазақтың ақындары көбейіп, аспанымыз ашық болып, көк туымыз ешқашан жығылмасын» деп тәмамдады.
Одан кейін сөз кезегін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев алып, Серік Ғабдуллин жайлы естелігін ортаға салды.
– Олардың кеуделерінде бір үміт, бір өкініш кетті. Мен білемін. Серік көкеміз күркіреп жүретін, күркіреп күлетін, өмірден де күркіреп өтті. Журналистикада да, поэзияда да жалына қол тигізбей жүруші еді. Өмірде де солай жүрді. Алдында аға болып Тұрғазы Нұқай, жанында Мүсілім Құмарбеков ағамыз жүретін. Тұрғазының лирикасы қандай еді! Мүсілім ағамыз да Шығыстағы қазақ прозасының негізін салған адам. Бірақ Серік те, Тұрғазы да, Мүсілім де дүниеден өткен кезде әлі де еңсемізді тіктей алмай жатқан кезіміз болатын. Тұрағаң 2000 жылдардың басында бірінші кетіп қалды. Одан кейін Секең, одан кейін Мүсілім аға дүниеден озды. Енді Ұлан ауданының сол кезде істей алмай қалғанын қазіргі жастар сендер істеулерің керек. Бұл мүшәйраны алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізсек дегендерің құптарлық. Бірақ Тұрғазы мен Мүсілімді Серіктен бөліп алып қарауға әсте болмайды. Үшеуі тұтас бір дүние. Осыны ұмытпаңдар. Үшеуі де Ұланның перзенті. Үшеуі біріне-бірі өмір бойы сүйеу болды. Серікті көтермелеп, қалған екеуіне қиянат жасауға болмайды, – деген Әлібек Қаңтарбаев көзі тірісінде үшеуіне де Ұлан ауданының Құрметті азаматы атағы берілмегенін де өкінішпен жеткізді.
Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин де сөз алып, осынау шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Осыдан екі жыл бұрын Серік Ғабдуллиннің аты өшпесін деп жыр мүшәйрасы өткенін, отыздан астам ақын қатысқанын да тілге тиек етті.
Осылайша Серік Ғабдуллиннің шығармашылығын насихаттау, жастарға үлгі ету, талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында өткен облыстық жыр мүшәйрасында бірінші орынды талантты ақын, әрі әріптесіміз Қызырбек Дүргінбай жеңіп алды. Мүшәйра жеңімпаздарының барлығы арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.