Ерекше сипат пен маңызға ие жарыстар
Шығыс Қазақстанда ерекше маңызға әрі сипатқа ие екі бірдей жарыс жалауын желбіретті. Оның бірі Глубокое ауданының Винное ауылындағы ат спорты манежінде ұйымдастырылған паралимпиадалық ат спортынан ел чемпионаты болса, екіншісі Өскеменде басталған ментальды ауытқуы бар науқастар арасындағы республикалық дода еді.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, Винное ауылындағы жарысқа жергілікті спортшылармен қатар, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан жиналған барлығы 21 шабандоз қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар жасына және жүріп-тұрудағы ерекшеліктеріне қарай бірнеше санатқа бөлініп, өнер көрсетті. Осы ретте, қазылар алқасы түгелдей дерлік шабандоздың жылқымен өзара әрекеттесу шеберлігін жоғары бағалағанын айтқан жөн. Дегенмен, бұл жолы да үздіктердің үздігі болып шығысқазақстандық спортшылар танылды. Жалпы, соңғы жылдары біздің облыстың шабандозары республикалық жарыстарда қарсылас шыдатпай жүргенін атап өту керек. Бұл жарыста да солай болды. Тек бір сайыста ғана бас жүлде өзге облыстың спортшысына бұйырды. Ал қалған төрт санатта шығысқазақстандық саңлақтар оза шапты. Тарқата айтсақ, V деңгейлі сайыста Ақтөбе облысының өкілі Сұлтан Жасыбайдың мерейі үстем болса, IV деңгейлі бәсекеде Диана Оралбек, III деңгейде Диас Ескермесов, II деңгейде Ринат Бектұрсынов, ал I деңгейде Райхан Байырқанова жеңіске жетті. Соңғы төртеуінің бәрі – біздің жерлестер. Дегенмен, мамандар айтқандай, соңғы жылдары еліміздің өзге өңірлерінде де паралимпиадалық ат спортының танымалдылығы артып, елішілік жарыстардағы бәсекелестік күшейе түскен.
Сондай-ақ бұл күндері Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында өтіп жатқан ментальды ауытқуы бар науқастар арасындағы республикалық жарыс та тартысқа толы болуда. Еліміздегі Special Olympics бірлестігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған турнирге елорданың, сонымен қатар, Абай, Ақмола, Атырау, Қызылорда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының командалары, барлығы 110 спортшы қатысуда.
Special Olympics Kazakhstan бірлестігінің бас директоры Любовь Червонных мәлім еткендей, биылғы бәсекеге қатысушылар 50, 100 және 200 метрге жүгіру, орыннан ұзындыққа секіру және теннис добын лақтыру сияқты спорт түрлерінен шеберлік байқасатын болады.
Сәрсен Қабылым