Қоғам

Ерекше күтім жасаудың қыр-сыры

Айна Ескенқызы

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының  облыстық филиалы Балалар жылында бөбектерді емдеуге арналған Ұлттық жобаның қалай жүзеге асып жатқанын көру мақсатында облыстық ана мен бала орталығының жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне баспасөз-турын ұйымдастырды.

Облыстық ана мен бала орталығы неонатология қызметінің басшысы Асхат Қуанышбаевтың айтуынша, жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі үш бөлімнен тұрады: ең ауыры – жаңа туған нәрестелердің терапия бөлімшесі, одан кейін жаңа туған нәрестелердің патологиясы бөлімшесі (күтудің екінші кезеңі) және дені сау сәбилер орналасқан бөлімше – бұл жерде анасы баласымен бірге жатады.

Кішкентай пациенттерді қалай күтіп, емдейтінін көру үшін бізге бөлімшеге кіруге рұқсат етті. Ол жерде шақалақтар жатқандықтан, бәрі стерильді таза болу керек. Сол себепті бетімізге бетперде, басымызға қалпақ, үстімізге халат, аяғымызға бахила киіп, сақадай сай бөлімшеге кірдік. Кең әрі жарық бөлмеде қабырғаны жағалай бірнеше кювез қойылған. Бұлар – шала туған нәрестелерге арналған арнайы инкубаторлар. Кювездердің үстін күлгін түсті көрпелермен қымтап, жауып қойған. Бұл шақалақтардың өзін қараңғыда, анасының құрсағында жатқандай сезінуі үшін жасалған.

Бес минуттан кейін ыстықтай бастадық. Сөйтсек, бөлмедегі ауа температурасы  25-тен 28 градусқа дейін екен және өте ылғалды. Балалардың жайлылығы үшін арнайы жасалған. Мамандардың айтуынша, кювездердің ішінде де белгілі бір ылғалдылық деңгейі сақталады. Нәресте жатқан қорапқа  әртүрлі аспаптар қосылған, солар арқылы бөбектің жағдайын бақылайды. Егер қандай да бір көрсеткіш норманың шекарасынан ауытқыт кетсе, сигнал естіледі және монитордың жоғарғы жағындағы қызыл шам жыпылықтай бастайды. Осы кезде пациентте бәрі жақсы екенін тексеру үшін медбике кувезге қарай асығады.

Бөлімше 12 төсекке есептелген. Мұнда әртүрлі перинаталды патологиясы бар, сондай-ақ хирургиялық түзетуді қажет ететін туа біткен ақаулары бар, ауыр жағдайдағы нәрестелер, дене салмағы өте төмен шақалақтар түседі. Қазір бөлімшеде бос орын жоқ. Осы жерде жаңа туған нәрестелер үшін барлық ем-дом бөлімше қабырғасында медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетілетінін атап өткіміз келеді.

– Жоғарыда айтқанымдай, біздің бөлімше үш бөлімнен тұрады – екі бөлімде күнделікті жұмыс, бұдан басқа хирургиялық науқастарға арналған бөлек шағын палата бар. Хирургиялық бөлімнің өз стандарты бар, өйткені операциядан кейін ашық жаралар болады. Сонымен қатар медбикенің посты да бөлек. Резервте бізде тағы екі төсек қарастырылған. Яғни, барлығы 14 бөбекті қабылдай аламыз. Олардың әрқайсысы инвазивті және инвазивті емес жасанды желдету аппаратымен, жүрек соғу жиілігін және нәресте денесінің қанмен қалай қамтамасыз етілетінін көрсететін бақылау аппаратымен, инфузоматтармен жабдықталған, олар арқылы инфузиялық терапия және парентеральды тамақтандыру жүргізіледі. Шала туған шақалақтар көп энергияны қажет етеді. Олардың ағзалары өте кішкентай, кейбіреуінде толық дамымаған, көп тамақтандыруға мүмкіндік бермейді, асқазанның көлемі аз, сондықтан біз энергия балансын сырттан толтырамыз, – дейді Асхат Мауытбекұлы.

Көз алдыңызға салмағы 500 грамм затты елестетіп көріңізші! Ересек адамның бір алақанына сыйып кетеді.  Осы жерде салмағы 500 грамм (22 аптадан бастап) және 1 килограмға дейінгі өте кішкентай пациенттер емделеді. Басшының айтуынша, салмағы 500 грамға дейін дүниеге келген шақалақтар да болыпты. Бұл шақалақтар титімдей ғана, шала туған балапандардан үлкен емес. Әртүрлі түтікшелерді қоятын тамырлары жібек жіптей нәзік. Оларды көргенде бейжай қалу мүмкін емес. Бір жағынан, бөбектерге сүйсініп қарайсыз, екінші жағынан, олар үшін керемет алаңдаушылық пен мазасыздықты сезінесіз.

Бөлімше ішінде жүргенде медбикелердің ептілігі мен икемділігіне қайран қалдық. Олардың қолдары сәбилердің үстінде  көбелектей қалқиды. Түтікшелерін мұқият түзетіп, памперстерді ауыстырып, тамақ берулері асқан шеберлікті талап етері сөзсіз…

– Медбикелердің күндізгі ауысуы 10 сағатқа созылады – таңертеңгі 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін. Содан кейін түнгі ауысым басталады. Бөлімшеде барлығы 16 медбике бар. Түнде бес медбике жұмыс істейді, күндіз төрт және тағы бір процедуралық медбике қызметіне кіріседі. Сондай-ақ бізге жаңа туған нәрестелердің аналары келеді, медбикелер оларды сәбилерге қалай күтім жасауға үйретеді. Аналары сүтін алдын ала сауып, кішкене бөтелкемен әкеледі,  сәбилерді өздері тамақтандыруға рұқсат етілген,  – дейді аға медбике Сандуғаш Смаилова.

Өте ыстық әрі ылғалды бөлмеде медбикелер он сағат бойы аяқтарынан тік тұрып жұмыс істейді. Біз бөлімшеде 20 минутқа жетер-жетпес уақыт өткіздік, соның өзінде терге малшынып шықтық, әлі тыныс алуымыз да оңай болған жоқ. Бөбектердің денсаулығы үшін өздеріне қолайсыз осындай жағдайда төзіп, жұмыс істейтін медбикелер қандай да құрмет пен марапатқа лайық! Бір ғана жағымды тұсы бар – маған бөлменің ішінде жаңа туған нәрестелердің тәтті иісі аңқып тұрғандай сезілді.

Жаңа туған нәрестелердің өмір сүруіне келетін болсақ, Асхат Мауытбекұлының айтуынша, бұл көрсеткіш екі топқа бөлінеді. Біреуінде салмағы 1000-1500 грамға дейінгі нәрестелердің аман қалуы 97% құрайды, бұл тіпті Еуропа елдері үшін де жақсы көрсеткіш екен. Ал шала туған шақалақтардың аман қалу пайызы дамушы елдердің көрсеткішіне сәйкес, 60%-ға дейін.

– Мына жерде жатқан шақалақтың салмағы 690 грамм, – дейді Асхат Қуанышбаев. – Ол қазір күтімнің бірінші кезеңінде. Бөбектің өкпесі жасанды желдетуде болды, ал қазір ол өздігінен дем ала алады. Біз енді оны күтімнің екінші кезеңіне өтуге дайындаймыз. Дене салмағы өте төмен мұндай нәрестелерде күтімнің бірінші кезеңі ұзақ уақытқа,  үш-төрт айға дейін созылады. Қазір нәресте қалыпты дем алады, тезірек қатарға қосылуға мүмкіндігі жоғары. Шақалақтарға қатысты бүкіл әлемдегі басты проблема – дәрі-дәрмектермен жақсы қамтамасыз ету. Ең маңыздысы –өкпенің дұрыс жұмыс істеуі. Сәбидің тез оңалуы үшін бірінші кезекте қажетті заттар – ақуыз бен майлар. Ана сүтінен бұл керекті заттарды олар толық алмайды, өйткені қалай десек те, ана сүті жетіліп туған нәрестеге арналған. Сондықтан біз нәресте оңалғанша қажетті заттарды қан тамырынан жібереміз.

Салмағы аздап жоғары бөпелер жай ғана кювез-төсектерде жатыр. Үстелдегі жылу элементі қажетті температураны сақтап тұрады. Ал салмағы өте аз шақалақтар кювездердің ішінде жатыр, онда нәресте салмағын жоғалтпауы үшін барлық жағдайлар жасалған. Неонатолог бөбектер тері арқылы көп ылғалды жоғалтатынын айтады. Кювез дегеніміз – температурасы, ылғалдылығы және басқа да жағдайлары қарастырылған тұтас бір жүйе. Тіпті ішінде таразы да бар, кішкентай пациенттің салмағын өлшеу үшін оны қайта-қайта шығармас үшін.

Жыл сайын бөлімше арқылы 400-ге жуық жаңа туған нәресте өтеді, олардың 70%-ы – шала туған нәрестелер, ал олардың 25%-ы – дене салмағы өте төмен шақалақтар, яғни 500-ден 999 грамға дейін.

«Кенгуру» әдісі

Ана мен шала туған шақалақтың физикалық және психологиялық байланысын сақтау үшін мұнда «кенгуру» әдісімен күтім сеанстары өткізіледі. Асхат Қуанышбаевтың түсіндіруінше, бұл – «дамытушы күтімнің» бір бөлігі болып табылатын баланы ананың кеудесіне қою әдісі. Бөбектің терісі мен анасының терісі жанасады. Стрестік жағдайларда  нәрестенің жағдайы күрт нашарлап кетуі мүмкін. Ал егер анасының қасында екенін сезсе, анасы онымен сөйлесіп, басынан сипап, мейірімін төксе, бұл қауіп азаяды. Ал нәрестелерде өмір сүру деңгейі жоғарылайды екен.

Соңғы кезде бөлімшеде аналарға гормон салу әдісі де сәтті қолданылып келеді екен.

– Гормон ана сүті арқылы балаға жетеді де, оның өкпесінің жұмысы тезірек қалыпқа келеді. Біздің сараптамамызға сәйкес, осы әдісті қолданғалы бөбектердің аман қалуы 20 пайызға артты, – деп толықтырды басшы.

Сондай-ақ бөлімшеде зертханалық жабдықтар, жылжымалы рентген және ультрадыбыстық қондырғылар бар. Жақында гипотермия аппаратына қол жеткізіпті. Бұл –  инновациялық технология. Ол туралы біз жазған болатынбыз, бұл босану кезінде ауыр және орташа асфиксиямен туған балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Онымен бірге электроэнцефалография аппараты қоса келді. Ол диагноз қоюға көмектеседі. Ол гипотермия кезінде де қосылады. Асхат Мауытбекұлының айтуынша, жаңа аппаратураны бір рет пайдаланып үлгерген, бәрі ойдағыдай өтіпті. Басшының айтуынша, мұндай құрылғылар облыстың бірнеше ауданына  да алынған.

– Бұл аспаптан тиімділік болу үшін оны нәресте өмірге келген алғашқы алты сағатта қосу керек. Сол себепті біз аудандардағы әріптестерімізге қолымыздан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз. Осындай ауыр жағдайдағы сәби дүниеге келгенде сол ауданға дереу ұшып барып, сол жерде түсіндіріп, көрсету керек,  – деп нақтылады маман.

Реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде Ұлыбритания, Израиль, Литваның озық клиникаларында, Астана мен Алматы қалаларының жетекші отандық клиникаларында тағылымдамадан өткен білікті мамандар істейді.

Неонатология қызметінің басшысы Асхат Қуанышбаевтың айтуынша, қазір өңірде және әлемде неонатологтардың тапшылығы бар. Бұл салада әдетте аз адамдар қалады. Қазір бөлімшеде екі жас маман тағылымдамадан өтіп жүр. Асхат Мауытбекұлы олар ойларын өзгертпейді және болашақта осы мамандық бойынша өздеріне жұмысқа келеді деп үміттенеді.

Осы айдарда

Back to top button