Әлеумет

Ерекше балалардың ерекше киімі

Қазақстанда алғаш рет ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған киім топтамалары шығарыла бастады. Ерекше балалардың ерекше киімі Өскемендегі «Рауан» тігін фабрикасында тігіліп жатыр.  

Пазл бейнелі топтамалар

Ерекше балаларға арналған киімдердің логотипін Алматы қаласында тұратын дизайнер Ербол Насанов жасапты. Ерекше киімдердің логотипінде аутизм ауруының халықаралық белгісі – пазлдар мен күн бейнеленген. Күннің суретін «Рауан» фабрикасының ұжымы мейірімділік пен жылылықтың символы ретінде өздері таңдап алыпты. Болашақта пазл бейнелі, күн бейнелі өскемендік киімдер топтамалары бүкіл қазақстандық ерекше балалардың үстінен табылатын болады. Топтамалар фабриканың өндірістік желісімен  жаппай отандық нарыққа шығарылмақ.

Фабрика басшысының айтуынша, аутизм, церебралды сал ауруларымен ауыратын мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған өскемендік кәсіпорынның киімдері шетелден әкелінген киімдерге қарағанда үш есе арзан.

– Қазақстанда біздің тауарларымыздың баламасы жоқ. Елімізде мүгедектігі бар балаларды киіндіру ата-ана үшін қиын және өте қымбатқа түсіп келеді. Арнайы тігілетін киім-кешектерді таңдау да оңай емес. Өйткені олар көбіне тапсырыспен жасалады немесе шет елдерден әкелінеді. Көршілес Ресейде мұндай киімдердің бағасы біздегіге қарағанда екі есе қымбат. Бізге киімдер қымбат бағада Санкт-Петербургтен импортталады. Киімдер келмей қалған жағдайда аналары киімдерді өздері өзгертіп тігуге мәжбүр болатын көрінеді. Елімізде церебралды сал ауруы бар балаларға арналған киімдер тігілмейді. Бұл ата-аналар үшін үлкен проблема болып келеді. Ойлана келе осындай топтаманы жарыққа шығаруға бел будық.  Біздің мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап тігіп жатқан киімдеріміз шешініп, қайта киюге өте ыңғайлы. Матасы өте жұмсақ. Құрамының  80-90 пайызы табиғи мақтадан. Бала денесінің демалуына қолайлы. Мүмкіндігі шектеулі балалар көп жүре де алмайды, с-ндықтан олардың киімдерін ауыстыру да қиын. Киімдер соның бәрін ескере отырып ыңғайлы етіліп тігіліп жатыр, – дейді Өскемендегі «Рауан» ӨК» ЖШС-нің басшысы Әлия Адамова.

«Рауан» тігін фабрикасының басшылары арнайы топтамаларды тікпес бұрын ерекше балалары бар ата-аналардың ортақ чатын ашып, мұндай киімдер қандай ерекшелікте тігілу керектігін сұрап, зерттеген. Одан кейін Өскемендегі аутизм, церебралды сал ауруы және басқа да диагноздар қойылған балаларды тәрбиелеп, оңалтып жатқан «Мархабат», «Demey» түзету орталықтарына барып бүлдіршіндердің өлшемдерін алып, алғашқы топтаманы тігуге кіріседі.

«Осыншама бала бар деп ойламаппыз»

«Рауан» фабрикасы енді маусымдық және қысқы киім түрлерін: боди, спорттық костюмдер, комбинезондар тігуге кіріскелі отыр.

Облыс кәсіпкерлері палатасының баспасөз қызметі хабарлағандай, «Рауан» тігін фабрикасы ерекше киімдерімен ең алдымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қамтымақ. Кәсіпорынның басты мақсаты – бизнес-жобадағыдай, бүкіл Қазақстандағы ерекше күтімді қажет ететін  балаларды қамтамасыз ету.

– Менің балам бес жаста. Ол сөйлей алмайды, өздігінен киінуі де қиын. Әлия Маратқызы ерекше балаларға арналған киімдер тігу туралы ұсыныс айтқанда, әрине, қатты қуандық. Қолдары, саусақтары икемсіз, әлсіз балалардың күртешелердегі замоктарды ағытуға, бекітуге шамалары келе бермейді. Кейбір балалар түрлі түсті немесе қанық түстерді ұнатпайды, біркелкі, бірыңғай, «тыныш» түстерді жақсы көреді. Киімдерді тікпес бұрын, киімнің сапасы, түсі, қалталарының қалай, қай жерде орналасу керектігіне дейін біздің пікіріміз ескерілді, – дейді өскемендік ерекше баланың анасы Айтолқын Мұқашева.

Кәсіпкер қазір ерекше балалар киімдерін электронды сауда желілерінде жарнамалап, жаңа желінің жұмысын жандандыруда. Сонымен бірге тауарларына техникалық сертификат алып, тендерлік негізде жүзеге асатын аса ірі көлемдегі тапсырыстарды орындау үшін конкурстарға қатыспақшы.

Әлия Адамова тігіліп жатқан топтамалар толықтай жарыққа шыққанда жазғы топтамаларды тігуге арналған жабдықтарды сатып алмақшы.

– Біздің киімдерімізді көріп, демеушілер табылып жатса, жаздық киімдерді тігетін жабдықтар сатып әперуге көмек қолын созып жатса, жақсы болар еді. Мемлекет ерекше балалардың, олардың ата-аналарының мәселесіне назар аударып, біздің бастамамызға қандай да бір қолдау көрсетсе деген үмітіміз, тілегіміз бар, себебі бүгінгі күні ерекше балаларға қатысты шешілмеген мәселе өте көп. Бір ғана Өскемен қаласынан ерекше киімді қажет ететін қаншама бала шықты. Біздің қалада осыншама ерекше бала бар деп  ойлаған жоқпыз. Сонда бүкіл Қазақстан бойынша қанша бала осындай киімді қажет етіп отыр? – дейді Әлия Адамова

Суреттер Пошта Жанаргүл

Қоғамдық қолдау

«МамаPRO»  қалай көмектеседі?

Аймағымызда ерекші күтімді қажет ететін балалары бар аналар өте көп.  Қиындыққа жиі тап болып жататын олардың көпшілігі «психолог қайдасың?» деп арнайы мамандарға барып, таныстарынан кеңес сұрап, айналасындағыларға сырын да айта бермейді.

Қазақстанда жұмыс істеп жатқан «МамаPRO» (Кәсіпқой ана)  қоғамдық қоры осындай аналарға көмек қолын созу мақсатында құрылған. Биылдан бастап оның бөлімшесі Өскеменде де жұмыс істеп жатыр.

Орталықтың мақсаты – ерекше балалардың аналарына табыс табуға көмектесу және кәсібін жүргізуге қажетті дағдыларды қалыптастыру. Осы бағыттағы іс-шараларды арнайы мамандар жүргізеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп жатқан аналар бұл орталықта желілік маркетинг, компьютерлік сауаттылық, бухгалтерлік есеп, кәсіп жүргізу негіздері тәрізді өмірге, табыс табуға қажетті түрлі бағыттар бойынша оқу курстарынан өтіп, сабақ алуда.

Мұнда келгендер түрлі жобаларға, тренингтерге қатыса отырып, бір-бірінен психологиялық қолдау алады. Олар оқып, өздерін дамытып жатқанда, балалары екінші бөлмеде ойнап, сабақтарын оқып, тәрбиешілердің қарауында болады. Яғни, үйде отырған ана мұнда келу үшін баламды қайда апарам деп уайымдамайды.

– 2019 жылы әріптесім екеуіміз Астана қаласына «МамаPRO» қоғамдық қорына оқуға бардық. Онда өзім секілді ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналармен кездесіп, жақынырақ таныса келе көптеген пайдалы жаңалыққа тап болдым. Осы орталықта кәсіпкерлік курстарынан өтіп жатқан аналардың бастамалары, отбасыма, қоғамға пайдамды тигізсем деген талпыныстары мені қатты таңғалдырды. Олардың ерік-жігеріне куә болдым. Аналарға мотивация беріп, қанаттандырған «МамаPRO» орталығы екеніне көзім жетіп, мен де Өскеменге келген соң қордың филиалын ашып, өңірдегі, қаладағы ерекше балалардың аналарына қолдау көрсетуге бел будым, – дейді Өскемендегі «МамаPRO» орталығы филиалының жетекшісі Еркежан Ағажаева. Үш бала тәрбиелеп отырған Еркежан да – ерекше баланың анасы.

«МамаPRO» қоғамдық қоры филиалына келген аналар қызығушылықтарына, бейімдеріне қарай тігінші, дизайнер, макияж, маникюр, массаж жасау шеберлері курстарын, мемлекеттік гранттарды алудың мүмкіндіктерін оқып-үйренуде. Өскемендегі қор филиалының жетекшісі Еркежанға мына телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы хабарласуға болады: 8 777 267 83 21.

Суретте:  Өскемендегі «МамаPRO» қоры филиалының жетекшісі Еркежан және филиалға келіп оқып жатқан аналар

Осы айдарда

Back to top button