Спорт

Ерасыл тағы да топ жарды

Хасен Зәкәрия

«Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу сыны саналатын «Нұр-Сұлтан барысы» додасында жерлесіміз, Күршім ауданының түлегі Ерасыл Тұрсынбеков топ жарды. Енді ол өз бағын Астана  күніне орай өтетін «Қазақстан барысы» турнирінде сынайтын болады.

Күршімдегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, тәжірибелі маман Құрманбек Мұқажанов шәкіртінің жеңісіне ерекше қуанғанын жасыра алмады.

– Мен Ерасылды 12 жасынан тәрбиелеп, спорттың осы бір түріне баулыдым, – дейді Құрманбек Нұрсадықұлы. – Ол өте тиянақты, төзімді әрі тәртіпті шәкірт болды. Әу бастан-ақ қажырлы да табанды бала екенін көрсетіп, айтқандарымды бұлжытпай орындап отырды. Ерінбей еңбектенгеннің арқасында сәл есейген соң жүлде атаулының бірінен соң бірін алып, қарсылас шақ келтірмейтін нағыз арқалы балуанға айналды. Басқа жеңістерін айтпағанда, Ерасыл небәрі 17 жасында Ақтау қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен балуандардың бәрін айқын басымдықпен жеңіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілген. Ол сол сапарында қазақ күресінен спорт шебері атағына да ие болған.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің денешынықтыру факультетін бітірген Ерасыл Тұрсынбеков бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Арлан» арнайы жасағының құрамында қызмет етіп жүр. Қызметіне қарамастан, 31 жастағы талапты жігіт спорттан қол үзген жоқ, ол қазіргі кезде ұлттық құраманың мүшесі ретінде жаттығуларын одан әрі жалғастыруда.

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button