«Ер Төстікте» үш тілді үйретеді

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы», – деп данышпан әл-Фараби тегін айтпаса керек. Әр адам тал бесіктен бастап тәрбие берудің басты құралы – тіл арқылы имандылыққа, ізгілікке, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, ең бастысы ар айнасы – адалдыққа тәрбиеленеді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында ғылым мен техникасы қарыштап дамыған, әлемдегі өркениетті елу елдің қатарына қосылып, одан ары озық отыздықтан ойып орын алу үшін ең бірінші жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру қажет. Өскемендегі «Ер Төстік» балабақшасының басшылыққа алған басты міндеті де осыған саяды.
Қазір әлемдік білім кеңістігінде мектепке дейінгі педагогика мәселелерін шешуде тәрбие мен білім берудің жетілдірілген тиімді шығармашылық әдіс-тәсілдерін іздестіріп, үнемі жаңа бағыттар қарастырылуда. Мен балабақша қызметкері ретінде тәрбие мен білім беру ісінде баланың психо-физиологиялық дамуына, ой, дене еңбегіне белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге, адамгершілік, эстетикалық талғамын қалыптастыруға, әр баланың жан-жақты жетілуіне баса көңіл бөлемін.
Бүгінгі таңда білім мекемелерінде үштұғырлы тіл саясаты салтанат құрып, балабақшадан бастап мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ұлтаралық орыс тілі және халықаралық қатынас тілі –ағылшын тілі бойынша ертеңгіліктер, сахналық қойылымдар мен көріністер ұйымдастырылып, шағын концерттік бағдарламалар өтуде. Бұл шараларға жас тәрбиеленушілердің қызығушылықпен қатысуы қуанышты жағдай.
Әр топтағы бүлдіршіндер күнделікті орыс және ағылшын тілдерінен арнайы дәріс алумен қатар, сурет салу, шебер қолдар, ән, би сияқты тағы да басқа үйірмелерге қатысады.
Еліміздің ертеңі үшін аса қажет үштұғырлы тіл саясатымен қатар Президенттің латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасын барша халықпен бірге біздің балабақша ұжымы да қолдап, жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Өйткені қазақ халқы тәуелсіздігін алған күннен бастап латын қарпіне көшу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі – ең бірінші еліміздің ұлттық құндылығын арттырып, сана-сезім, ой-өрісіміздің жаңғыруына ықпалы тиеді деп ойлаймын.
Айгүл Бекбосова,
«Ер Төстік» балабақшасының тәрбиешісі
Үржар ауданы