«Ер Төстікті» суретпен сөйлетті
Қазіргі кезде баланы қызықтыра білмесең, кітапқа мойын бұрмайды. Өзімізде баланың назарын тартар шығармашылық өнім болмағандықтан өзге елдің руханиятымен сусындауға мәжбүрміз. Десе де, шетелдің мультфильмін тамашалап, ертегісіне есі кеткен балалардың бетін бері бұруға жас буын өзі әрекет ете бастағандай.
Бүгінгі таңда технологиялық үрдісті тиімді пайдаланып, қазақ руханиятының қажетіне жаратып жүрген жастар көп. Соның бір дәлелі ретінде Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен «Ер Төстік» комикс-альбомының тұсаукесерін атауға болады. Биылғы «Балалар жылы» аясында өткен шараға жиналған оқырман қазақ ертегісімен жаңаша үлгіде танысып, қызығушылық танытып қайтты.
– «Ер Төстік» – қазақ батырлық ертегілерінің ішіндегі ежелгі үлгісі. Мазмұны мен сюжеттік құрылысының, кейіпкерлері мен іс-әрекеттердің сипатынан «Ер Төстік» ертегісі архаикалық мифтің, хикаяның, қиял-ғажайып ертегілердің қасиеттерін бойына молынан сіңірген. Бұл ертегіні мектеп оқушысының комикске айналдырып, оқырман қауымға ұсынып жатқанына біз өте қуаныштымыз. Кітапхана қоржыны комикс альбоммен толығып жатыр, – дейді кітапхана қызметкері Гүлнұр Зұлқаршынқызы.
Жаңадан жарық көрген комикс-альбомның авторлары – №3 мектептің 8-сынып оқушысы Асыл Сұңғатқызы мен республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мерей Қайнарұлы. Авторлар жаңа кітапты биылғы балалар жылына тарту ретінда жасап шыққан. Ал Асыл Сұңғатқызы бұған дейін де бір комикс альбомның авторы атаныпты.
– Комикс – суретпен салынған ертегі. Туынды әдебиет пен сурет өнерін ұштастырады. Бұл өнердің сан түрлі тармағы бар екен. Ертегі кейіпкерлерін оқырман қауымға комикс форматында таныстыру – қазіргі таңда жасөспірімдер арасында танымалдылыққа ие болған шығармашылық ізденістің жаңа бір түрі. Бұл жанр өзімді қызықтырғандықтан айналысып жүрмін. Басты мақсатым – қазақ балалар шығармашылығына аз да болсын үлес қосу, шығармашылығымды ары қарай дамыту, – дейді Асыл Сұңғатқызы.
Бұл балалар жылындағы ең тартымды базарлықтың бірі болып отыр. Комикс альбомының тұсаукесеріне журналистер, студенттер, кітапхана оқырмандары мен автордың сыныптастары және ұстаздары қатысып, жас авторға шығармашылық табыс тіледі.
– Қазақ мультипликациясы дамымағандықтан балаларымыз шетелдің шығармашылығымен сусындауға мәжбүр. Осыдан баланың дүниетанымы мен болмысы да, тілі де өзгеше қалыптасуда. Ендігі кезекте осындай комикс сияқты жаңаша үлгіде шығармашылықпен айналысып жүрген жастарға мемелекет тарапынан қолдау көрсетілсе, қазақ руханиятының қоржынын жаңғыртып, заман талабына сай толтырар еді, – дейді журналист Мерей Қайнарұлы.
Осылайша, қазақтың «Ер Төстігі» оқырманға жаңаша үлгіде жол тартты. Бұл өз кезегінде бір баланың болсын кітап оқуға деген қызығушылығын оятары сөзсіз. Осындай жаңаша ойлайтын шығармашыл жастар көп болса, балалар әдебиетінің оқырманы да көп болмақ.
Алтай Ғали-Асқар