Қоғам

Еріктілердің еңбегі бағаланады

 Өскемен қаласында еріктілер орталығы ашылды. Жас белсенділердің бастамасымен қолға алынған бұл іс-шараға қала әкімі Жақсылық Омар қатысып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

Бұл бастама  Волонтер жылының жариялануымен  тұспа-тұс келгенін, қала  жастары волонтерлікпен бұған дейін де белсенді айналысып, жұмысты бір арнаға тоғысытыратын орын қажет екендігін айтып жүрген.

Орталық директоры Ринат Ахметжановтың айтуынша, қалада қоғамдық жұмысқа араласқысы келетін белсенді жастар саны жыл сайын артып келеді. Тіпті олардың қатарында орта буын өкілдері де бар. Еріктінің ісі еркіккеннің ермегі емес. Орталықты ашудағы мақсат –  ерікті жастардың ісіне биліктің баға беруі. Мамандығы бар жастардың жұмысқа орналасауына ықпал ету. Волонтерлікті еңбек өтіліне енгізу бастамасын көтеру.

Мұны өз сөзінде қала әкімі Жақсылық Омар да атап өтті.

-Әр істің қайыры бар. Еңбек еткеннің ақысын жемеу керек. Бұл жастарға жұмысқа орналасуға көмек қолын созып, белсенділіктері үшін қаржылық қолдау көрсету мәселесіне де назар аударуымыз керек. Ал орталықтағы жастардың міндеті – жыл бойында бір координатордың бағыт-бағдарымен жүріп, бекітілген жоспар бойынша жұмыс істеуі тиіс. Концерттік шараларды жиі ұйымдастырғаннан гөрі қоғамға пайдалы жұмыстарды атқаруға ұмтылу керек, – деді қала әкімі.

Қазіргі күні орталыққа  жұмылдырылған еріктілер аязды күндері далада жаурап тұрған жандарға ыстық шай ұсынып, қарт адамдардың үйіне барып, қар тазалауға көмектесуде. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасып табады.

Аталған орталық өңірдегі бүкіл еріктілер қозғалысын үйлестіретін болады, Осылайша, ол жерде кімге көмек керек, қандай қолдау шаралары өтуі тиіс, барлығы талқыланып, бірауыздан шешім қабылданады.

Орталықтың ашылу салтанатында осы еріктілер қозғалысына қатысушылар бас қосты. Олардың айтуынша, биыл атқарылар шаруа шаш етектен. Олардың ішіндегі ең бастысы – Абайдың  175 жылдық мерейтойы. Халықаралық деңгейдегі бұл жиынға 500 ерікті жұмылмақ. Олар қонақтарды қарсы алып, экскурсия өткізуді қолға алады. Тілмаштық қызметті де атқарады.

– Қазіргі уақытта ардагерлер үйіне, қарттар үйіне, жетім балалар үйіне көмектесіп жүрген жайымыз бар. Жыл сайын жасап жүрген жұмыстарымыз орасан зор. Биыл  баршаңызға белгілі, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы міне, еріктілер жылымен тұспа-тұс келді.  Біз атамыздың үлкен мерейтойында қызмет атқарамыз деген сенімдеміз,- дейді еріктілер клубының мүшесі Марлен Әбубәкір.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button