Өнер

Әр бұйымды жасаудың әдісі бар

Айжанат Бақытқызы

Глубокое ауданының Абай атындағы Мәдениет үйінде «Шығармашылық қиял шеруі» атты сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ашылады.

Көрмеге Глубокое ауданының Быструха, Опытное поле, Секисовка, Уварово, Черемшанка, Алтай, Прапорщиков ауылдарының 33 талантты қолөнер шебері қатысып, олардың қолынан шыққан 150-ден астам бұйым қойылды. Көрмедегі бұйымдарды жасау барысында қолөнершілер негізінен киіз, әртүрлі маталар, тоқыма, керамика, моншақ пайдаланған. Ағаштан жасалған, темірден соғылған бұйымдар да аз емес.

Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Елена Старенкова аудан тұрғындары мен қонақтарын көрменің ашылуымен құттықтап, оның жоғары дәрежеде ұйымдастырылуына үлес қосқан аудан қолөнершілеріне алғысын білдірді.

Қолөнершілер көрмеге келген мектеп оқушыларына шеберлік сағаттарын өткізіп, бұл өнердің қыр-сырымен бөлісті.

Мәдениет үйінің маманы Ирина Түсіпованың айтуынша, аудан қолөнершілерінің көрмесін өткізу дәстүрі карантин кезіндегі үзілістен кейін қайта жалғасқан, өйткені бұл шараның жас ұрпақ тәрбиесіне берері мол.

Көрме барысында О.Бөкей атындағы орта мектебінің көркем еңбек пәнінің ұстазы, қолөнер шебері Нұржан Бекенұлы келушілерге шеберлік сағатын өткізді. Қолөнершінің сөзінше, табақ-астауларды сапалы ағаштан ойып жасағаннан кейін міндетті түрде көне әдіс бойынша малдың жілік майымен өңдейді екен.

– Бірнеше рет қайнату арқылы ағашқа сіңіріп алған соң мұндай астауларға май, су жұқпайды. Яғни бояу үшін жылтырақ лакты қолданбаймыз. Табақ, тостаған, астау сияқты мұндай табиғи ыдыстардың күтімі де ерекше. Оларды химиялық ыдыс жуатын заттармен жууға болмайды. Тек сулап, сүртіп алу қажет, – деп түсіндірді шебер.

Сонымен қатар қолөнерші тері өңдеп, оған сурет салып, бедерлейді. Мал сүйектерінен әртүрлі кәдесыйлар жасаумен айналысады. Сандық, ағаштан жасалған басқа да бұйымдарды әзірлеу барысында ақ желіммен қатар қара желімді пайдаланады. Айтуынша, ақ желім зауыттан шыққан заманауи желім болса, қара желім – құйқаны бірнеше рет қайнату арқылы оған қарағайдың шайырын қосып, алынған жабысқақ зат. Бұл – ата-бабаларымыздан бері жалғасып келе жатқан көне әдіс.

Нұржан Бекенұлының қолөнермен айналысқанына жиырма жылдай уақыт болған. Осы уақыт аралығында оның қолынан шыққан бұйымдар бірнеше рет республикалық, халықаралық байқауларға жіберіліп, үздіктер қатарынан көрінген. Тәрбиелеп жүрген шәкірттері де аз емес.

Гүлшат Сағымбекқызы Абай атындағы Мәдениет үйіндегі қолөнер үйірмесіне жетекшілік етеді. Мәдениет үйінің өнарпаздарына сахналық ұлттық киімдер тігеді. Өзінің тігін цехы бар.

– Қолөнер – ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық шығармашылығы. Ол талай кезеңнен өтіп, түрленіп, жаңарып отырады. Қазақ – ырымшыл халық. Мәселен, апаларымыз қызының жасауына «Жұлдызың жарық болсын» деген ырыммен, жұлдыз құрақтан жастық берген. Әжелеріміз қызды 13 жасынан қолына ине-жіп ұстатып, ұлттық қолөнерге баулыған. Қазіргі жас ұрпақ та осы дәстүрді ұмытпауы керек, –дейді Гүлшат Сағымбекқызы.

Ал Айкен Құмарбекқызының өнері тіпті ерекше. Қолөнерші алқа, білезік сияқты бұйымдарды балықтың омыртқасынан, құрма сүйегінен жасалған моншақтардан тізбектеп жасайды. Оның өзіндік әдісі бар. Алдымен балықтың омыртқасын тұзды суға шамалы қайнатып, салқын сумен шайып, кептіріп, кейін моншақпен араластырып жіпке тізеді. Одан соң лакпен қалаған түске бояйды.

Аудан тұрғындарының, әсіресе балалардың көрмеден алған әсері ерекше болды, өйткені мұндағы бұйымдар бірінен-бірі өткен әдемі.

 

Осы айдарда

Back to top button