Жаңалықтар

Энергетика саласы делдалдардан арыла бастады

Елдің энергетика саласындағы дау-дамай мен талас-тартыс әлі күнге дейін толастамай келеді. Сәуір айының басында тағы бір үлкен өзгеріс болды, атап айтсақ реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы компаниялардың лицензиясы тоқтатылды. Елімізде ондай 105 компания бар екен. Бұдан басқа, Қазақстанда 35 кепілдік беретін электр энергиясын жеткізуші жұмыс істеп жатыр. Олардың қызметі мен тарифтері мемлекеттің бақылауында. Алайда олар елімізде өндірілетін бүкіл электр қуатының тек 25 пайызын ғана таратады. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстандағы барлық тұтынушыларға электр энергиясын «Шығысэнерготрейд» ЖШС ғана жеткізетін болады.

Үлкен өзгерістер күтіп тұр

Биылғы 26 наурызда энергиямен жабдықтайтын «Эксклюзив Энерго Групп» ЖШС «KEGOK» АҚ-ның облыстық филиалынан шартты бұзу туралы хабарлама алады. Онда Табиғи монополияларды реттеу комитеті Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың лицензиясын тоқтататыны жазылған.

Айта кету керек, «Эксклюзив Энерго Групп» электр қуатын облыстың бюджеттік ұйымдарына, оның ішінде мектептер мен балабақшаларға жеткізеді. Тұтынушылармен арнайы ұйымдастырылған кездесуде компания өкілдері осы жылдың бірінші сәуірінен бастап оларға қызмет көрсете алмайтындарын хабарлады.

– Заң аясында қызмет көрсететін кәсіпкер ретінде бұл хаттың заңды күші жоқ деп санаймын. Себебі Премьер-министрдің энергетика министрлігі мен табиғи монополияларды реттеу комитетіне берген тапсырмасы заңды күшке ие емес. Егер олар Үкіметтің қаулысын немесе Премьер-министрдің реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысын тоқтату туралы жарлығын ұсынса, онда біз өз тұтынушыларымызбен шарттарды заңды түрде бұза алар едік. Ал, біздің тұтынушылар – мемлекеттік мекемелер. Жуырда Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда электр энергетикасы туралы заңға түзетулерді мақұлдады. Сол арқылы заңнан «энергиямен жабдықтаушы ұйым» ұғымы алынып тасталды. Күресті реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан бастап отыр, – дейді «Эксклюзив Энерго Групп» ЖШС директоры Ренат Жексенбаев.

Кәсіпкер депутаттардың энергиямен жабдықтаушы ұйым институтынан бас тарту жөніндегі шешімі Мемлекет басшысының энергетика саласын монополиясыздандыру саясатына қайшы келеді деп санайды. Ренат Жексенбаев өз компаниясының, сондай-ақ ондаған басқа компаниялардың өз тұтынушылары алдында жосықсыз жеткізуші болып шыққанына алаңдаулы, алда оларды ұзақ дау-дамайлар күтіп тұр.

Мектептер мен балабақшалардың директорлары болса абдырап отыр. Өйткені жыл басында олар осы компаниямен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан болатын. Сол кезде электр энергиясының бір киловатт/сағаты 34 теңге болған. «Шығысэнерготрейд» ЖШС-не ауысқан кезде бюджеттік ұйымдар бір киловатт/сағат үшін қосымша құн салығынсыз 61,002 теңгеден төлеуге міндетті болады. Қосымша қаржыландыру мәселесі әлі шешілген жоқ. Кепілді жеткізуші бұрынғы реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тұтынушылары үшін басқа тарифтер белгіленетінін хабарлаған емес.

Желілерді жаңартуға қаржы салмаған

Ел Үкіметі бір электр желісіндегі, яғни «бір тізбектегі» энергия жеткізуші ұйымдардың санын қысқарту үшін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен өңірлік электр желілік компанияларды біріктіруді жөн деп тапқан. Нәтижесінде бірнеше энергия беруші ұйымды бір компанияға біріктіру түпкілікті тұтынушының тарифтердің түрлі деңгейі бойынша бірнеше компанияның электр энергиясын беру жөніндегі қызметіне ақы төлеу міндеттемелерін алып тастамақ. Біз Астанадағы құзырлы органдардан осы жайтқа қатысты түсініктеме берулерін сұрадық.

– Бұл – бұрыннан келе жатқан мәселе, ол талай мәрте көтерілген болатын. Кепілді жеткізушілер сараланған тарифті ұсынады, яғни тұрғындарға арналған төмен тариф заңды тұлғаларға арналған жоғары тарифпен өтеледі. Жиырма жыл ішінде бұл институт өз мақсаттарына жете алмады. Реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тұтынушылардың жекелеген санатын – негізінен заңды тұлғаларды алып алды. Тарифтерді 1,2 теңгеге төмен белгілеп, табыс тауып отырды. Бірақ желілерді жаңартуға көп қаражат салмады, ел экономикасына пайда әкелмеді. Ал мемлекет реттейтін секторда тұрғындарға арналған тарифтер тұрақты түрде өсті. Энергия секторында бәсекелестік біз күткендей дамыған жоқ. Олар белгілі бір бағытты, тұтынушылардың белгілі бір санатын өздеріне алып ап, жай ғана байып жатты. Бұл туралы өткен жылы Бас прокуратура да, түрлі деңгейдегі депутаттар да айтқан болатын. Бірақ бұған жауап ретінде «бұл – бәсекелестік, бұл – күрес» деген уәжді ғана естідік. Алайда, біз тұтынушылар үшін күресті ғана көрдік. Тұрғындар үшін, сапа үшін, тарифті төмендету үшін күрес болған жоқ. Бұл тұрғындар мен басқа заңды тұлғаларға арналған тарифтерді реттеу барысында жағдайды ушықтырып отырды, – деп түсіндірді Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев.

Осылайша, Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тұтынушылары белгілі бір технологиялық, экономикалық себептермен олармен шарт жасай алмағандар алдында жасанды түрде артықшылықты жағдайда болды. Яғни, реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қуатты кімге жеткізетінін және кімге жеткізбейтінін өзі таңдады.

Мәселеге нүктені депутаттар қойды. Олар тұтынушы мен электр станциясы арасындағы «делдалды» алып тастауды қолдап дауыс берді. Келешекте желілерді иеленетін барлық энергия беруші ұйымдарды бұрынғыдай біріктіру жоспарлануда.

Ахмерліктердің талабы орындалды

Комитеттің ұстанымын «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Әділ Пішенов қолдап отыр. Жемқорлықпен күресуші бұл шешімді дұрыс деп санайды.

– Менің ойымша, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мүлдем қажет емес. Олардың қызметтерінен бас тарту керек. Энергияны тұтынушыға беретін электр станцияларын дамытқан дұрыс. Ал қаражат желілерді, трансформаторлық подстанцияларды күтіп-ұстауға, жөндеуге жұмсалуға тиіс. Бұл тарифтің қалыптасуына оң әсер етуі керек. Мысал келтірейін, Ахмер ауылындағы әскери қалашықта компания электрмен жабдықтау конкурсында жеңіске жеткен. Бірақ әскери бөлімнен басқа ол компания тұрғын үйлерге де қызмет көрсетті. Қалашық тұрғындарына электр энергиясы Өскеменнің басқа шағын аудандарында тұратындарға қарағанда қымбатқа түсті. Ақыры олар өз желілерін «Шығысэнерготрейд» ЖШС-не ауыстыруды талап етті. Себебі, оларда жеке тұлғаларға арналған тариф әлдеқайда арзан. Әлбетте, бизнес дамып, өркендеуі керек, бірақ бизнес өз қаражатын да салуға міндетті. Өйткені Қазақстанның шығысы мен солтүстігі суға бай, бізде көптеген су электр станциялары бар, бізде электр энергиясының тарифтері, мысалы, оңтүстік аймақтарға қарағанда төмен болуы керек. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметіне тиянақты аудиторлық тексеру жүргізу қажет, – дейді ол.

Заңдағы өзгерістер бюджеттік ұйымдардың жұмысын да жеңілдетеді. Енді оларға жеткізушіні өз беттерінше іздеудің, олардың қызметіне ақы төлеудің қажеті жоқ. «Мемлекеттік ұйымдардың айналымында ақша неғұрлым аз болса, соғұрлым сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де кемиді» дейді қоғам белсендісі. Жалпы, ол қоғамдық тыңдаулар өткізу, халықпен осындай проблемаларды талқылау қажет екенін алға тартып отыр. Өйткені ертең электр энергиясы үшін түбіртектер олардың өздеріне келеді ғой.

– Жарық үшін кімге және қанша төлеу керектігін халықтың өзі шешуге тиіс, – деп түйіндеді «Әділдік жолы» филиалының басшысы.

Десек те Әділ Пішенов сараптама жүргізіліп, оның қорытындысы шыққаннан кейін жыл басында электр энергиясын тұтынушылармен шарт жасасқан кәсіпкерлерге уақыт беру керек деп санайды.

Артық шығындар азаяды

Облыстық энергетика басқармасындағылар біздің сұрағымызға «лицензияны тоқтата тұрудың заңды негізі бар, шенеуніктер заң шеңберінде әрекет етуде» деп жауап берді. Лицензия беруші орган – Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңның 45-шы бабының 1-ші тармағын басшылыққа ала отырып, 22 реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымды хабардар еткен.

Ведомство энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың функцияларын өңірлік энергетикалық компанияларға беру екі кезеңге жоспарланғанын, оның алғашқысы өтіп кеткенін мәлімдеді.

Мәселен, 2024 жылғы 6 сәуірде «Кейбір заңнамалық актілерге бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Соның негізінде барлық мемлекеттік органдардың электр энергиясын кепілді жеткізушімен шарт жасауға техникалық мүмкіндігі бар.

Екінші кезеңде барлық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар алынып тасталады, яғни кепілдік беретін делдалдар да нарықтан шығарылады.

– 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін әр өңірде бір электр энергиясын жеткізуші ғана болады. Ол монополиялық қызмет түрін – электр энергиясын беруді де, бәсекелестік қызмет түрін – электр энергиясымен жабдықтауды да атқаратын болады. Бұның нәтижесінде шығындар қысқарып, тиімділік артады. Сондай-ақ инвестициялар тартуға және тиісінше жалпы тарифке ықпалды төмендетуге оң әсер етеді, – дейді энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Ел Үкіметі бір электр желісіндегі, яғни «бір тізбектегі» энергия жеткізуші ұйымдардың санын қысқарту үшін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен өңірлік электр желілік компанияларды біріктіруді жөн деп тапқан.

Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button