Қоғам

Ендігі үміт – шорт-тректе

Ендігі үміт - шорт-тректеСочи-2014

Сочи Олимпиадасының он екінші күнінде ұлттық құрама команда өкілдері спорттың 4 түрінен додаға түсіп, өкінішке қарай жүлделі орындардың бірін де иелене алмады.
Параллельді алып слалом бағдарламасында ел үмітін арқалаған өскемендік сноубордшы Валерия Цой іріктеу кезеңінен аса алмай сүрінді. Ол жалпы есепте небәрі 23 орынды қанағат тұтты.
Шаңғышыларымыз Елена Коломина мен Анастасия Слонованың да көрсеткен өнерлері көңілден шықты деуге келмейді. Бұл бәсекеде жүлдеге таласқан тоғыз команданың ішінде мәре сызығын ең соңғы болып кескен біздің қыздардың көрсеткіші 17 минут 49,66 секундқа тең.
Шаңғышыларымыз Алексей Полторанин мен Николай Чеботько тау шаңғысынан ерлер арасындағы командалық классикалық спринт сайысында 23 минут, 28.50 секунд уақыт көрсеткішімен ұйымдастырушылар есебінен әупірімдеп жүріп финалға шыққан еді. Алайда ақтық сында ел намысын қорғаған қос спортшымыз жарысты сегізінші нәтижемен аяқтады. Бұл сында Финляндия құрамасы топ жарды. Екінші орын Ресей құрамасына бұйырса, қоланы швециялықтар қоржынға салды.
Биатлоннан болған аралас эстафеталық бәсекеде біздің ұлттық құрама спортшылары 15-ші орыннан бой көрсетті.
Кешегі жарыс күнінде барлығы алты медаль комплектісі сарапқа салынды. Бұл күні біздің спортшылар өнер көрсеткен жоқ. Есесіне, 21 ақпанда шорт-тректен Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Аслан Дауымов және Денис Никиша жарыс көрігін қыздыратын болады. Біздің жігіттер ақтық сайыста Нидерланды, Ресей, Қытай, АҚШ елдерінің шорттрекшілерімен Олимпиада жүлдесіне таласатын болады.
Сонымен қатар, Сочиде өтіп жатқан Олимпиада ойындарының жабылатын күнінде ерлер арасында 50 шақырым қашықтықты еркін әдіспен жүгіруде (масстарт) риддерлік шаңғышы Алексей Полторанин өзінің осы дүбірлі додадағы ең соңғы мүмкіндігін пайдаланып көрмек.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпиаданың жабылуы ақпанның 23-ші жұлдызына белгіленген.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button