Экономика

Енді қытайдан қап сатып алмаймыз

Енді қытайдан қап сатып алмаймыз

Ашылғанына жарты жылдай ғана уақыт өтсе де, талай тапсырысты бұлжытпай орындаған кәсіпорын әзірге жоспарлы жұмысынан жаңылған жоқ. Өндірістік қуатына толық көше қоймағанымен, айына 300-400 мың дана полипропилен қапшықтарын шығарып отыр. Олардың негізгі тұтынушылары – ұн тарту, жарма, макарон өнімдерін өндіретін кәсіпорындар.
– Өнімді облыстан тыс жерлерге де шығарсақ деген мақсат бар. Қарағанды, Павлодар өңірлерінен ұсыныстар түсіп жатыр. Алдағы уақытта тауарды ел көлемінде ғана емес, экспортқа да шығаруға мүмкіндік бар. Бұл орайда өнім көлемін арттыру бағытында жұмыстар жасалуда, – дейді «Темпра» ЖШС бас есепшісі Оксана Ипатко.
Бұған дейін осындай қапшықтарды тұтынушылар Қытай елінен сатып алатын. Сырттан сатып алудың өзіндік кемшіліктері де жоқ емес. Қаптама сыртындағы логотиптерде көптеп кездесетін әріп қателерін айтпағанда, тауарды жеткізу мерзімі ұзаққа созылады әрі баға жағынан да жергілікті өнім тиімдірек.
– Біз әр тұтынушының жеке қалауын ескереміз, дизайн жағына назар аударамыз. Оған алты түсті логотип принтерінің мүмкіндігі жетеді. Заман талабына сай өндірісті іске қосу үшін аз күш пен қаржы жұмсалған жоқ.
Бүгінде елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалған. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры бізге қол ұшын созып, бизнес жоспарымыз қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылғанда, соған көзім анық жетті. «Даму» ұсынған екінші деңгейлі банктер ішінен біз «АТФ» банкін таңдап, «Темпра» ЖШС құрылтайшысы Ирина Основина мен банк және «Даму» қоры арасында үшжақты келісімге қол қойылды. Ғимарат құрылысы мен қондырғыларға, жинақтау жұмыстарына бөлінген 70 миллион теңге мен тауар айналымына қажетті 10 миллион теңге қаржының белгілі бір пайызын қор субсидиялады, – дейді Оксана Владимировна.

Енді қытайдан қап сатып алмаймыз

Өндіріске қажетті қондырғылар Қытай елінен сатып алынды. Сондай-ақ, «Темпра» ЖШС бірнеше адамды сол жаққа қондырғыларды күтіп ұстау және жұмыс үдерісін үйрену мақсатында оқуға жіберді. Зауыт тоқыма және химия өндірісінің қосындысы сынды. Бірінші кезекте сатып алынған шикізат – полипропилен гранулары пленка болып қайта өңделеді, соңынан одан жіңішке жіптер жасалады. Сол полипропилен жіптерден сыйымдылығы 10-55 келі қаптар тоқылып, тігіледі. Тапсырыс берушінің қалауынша каптардың сырт жағына жарнамалық мәтіндер немесе түрлі түсті логотиптер басып шығарылады.

Енді қытайдан қап сатып алмаймыз

Серіктестікте 46 адам екі ауысымда жұмыс істейді. Жұмыс үдерісі тікелей тоқыма станоктарымен байланысты болғандықтан, олардың басым көпшілігі – әйелдер.
– Мен мұнда өндіріс іске қосылғаннан бастап жұмыс істеймін. Ұжымымыз тату, басшылығымыз өз міндеттемелеріне өте жауапты. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – дейді цех шебері Сергей Викторович.
Иә, біздің бұл көргендеріміз – өндіріс орны атқарып жатқан жұмыстың бір бөлшегі ғана. Алда атқарылатын шаруа шаш етектен. Өндіріс қанатын жайып, өңірді ғана емес, елімізді қамтамасыз етіп, одан қалса өнімдерімен шетелге шықпақ. Жоспар орындалса, жұмыс орындары да көптеп ашылады.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button