Енді Алакөлде халықаралық фестиваль ұйымдастырылады
Келесі жылы Үржар ауданында «Alakol» атты халықаралық өнер фестивалі ұйымдастырылады. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналып, өзара бақ сынаспақ. Бұл туралы осы өңірге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.
Байқаудың шарты бойынша қатысушылар үш тілде ән шырқайды. Репертуарға шектеу қойылмайды. Басты талап – қазақ тілінде міндетті түрде бір композициялық туынды орындалуы керек.
– Біріншіден, байқауды ұйымдастыру арқылы шынайы талант иелерін анықтаймыз. Екіншіден, бұл шипалы Алакөлдің жағалауына туристерді тартудың бірден-бір тиімді жолы, – деді Даниал Ахметов.
Биыл да көл жағалауында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Алакөл-2018» фестивалі өтті. Онда отандық жұлдыздар өнер көрсетіп, тыңдарман қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бұл күні өресі биік өнерді тамашалау үшін көл жағасында өткен фестивальге халық көп жиналды. Мерекелік кеште Сүндет Байғожин, Гүлмира Сарина, «Меццо» тобы, Ильяз Абдразаков сынды әншілер Алакөлдің аспанын ән мен күйге бөлеп, көрермендерге жылы лебіздерін білдірді.
– Алакөлдің жағалауы бізге ұнады. Халқы да сондай қонақжай. Алдағы уақытта бұл аумақ одан әрі көркейіп, туристердің саны артатынына кәміл сенеміз. Осы сәтті пайдалана отырып, бізді киелі Шығыс өңіріне өнер көрсетуге шақырған облыс басшылығына алғысымды білдіремін, – деді Сүндет Байғожин.
Фестивальге жиналған тыңдармандардың қарасы мол болды. Солардың бірі – Қуаныш Қалибеков. Ол сонау Шымкенттен Алакөлдің жағалауына демалуға келіпті.
– Мерекелік кеш керемет көңіл күйде өтуде. Бәрі тамаша. Бізге барлығы ұнады. Шынымды айтсам, осыдан төрт жыл бұрын Алакөлге келгенде бұл аумақ қазіргідей көрікті болған жоқ. Бүгінде мұнда бәрі басқаша екен. Ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін байқадық. Сол себептен Алакөлдің жағалауы Анталиядағы демалыс орындарынан артық болмаса, еш кем емес деп айтуға толық негіз бар, – деді ол.
Мерекелік кеште туристер мен демалушылар назарына түрлі концерттік бағдарламалар ұсынылды. Фестиваль соңы жастардың би кешіне ұласты. Ашық аспан астында өткен кешке жиналған қауым айдын көлдің көркіне тамсанып, жаңа жағажайға жоғары баға берді.
Айта кетейік, Алакөлде демаламын деуші туристер кез келген көлікпен, яғни ұшақ, теміржол, жеңіл көлікпен жете алады. Ал Жалаңашкөл станциясынан көлге дейін арнайы екі автобус қатынайды. Билет құны небәрі мың жарым теңге. Ал «Өскемен-Жалаңашкөл» бағытындағы пойыз билетінің құны – 2800 теңге тұрады.
Ажар Сағатбекова