Білім

Емле ережелерінің сынмама жұмыстары жүргізілді

Емле ережелерінің сынмама жұмыстары жүргізілді
Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің жанынан құрылған Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы қазақ тілінің жаңа латын әліпбиіне негізделген емле ережелерінің сынама жұмыстарын Өскеменнен кейін Семей қаласында жалғастырды. Жұмыс тобының құрамында келген Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Жандос Смағұлов латын әліпбиі туралы дәріс оқыды.
-Биыл ақпан айынан бастап латын графикасының орфографикалық тұстары қайта жасалып жатыр,-деді Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, латын тіліне көшуге орай үкіметтік орфографикалық топтың мүшесі Назигүл Төленбергенова,-мәселен, «я», «ю», «ё», «э» әріптері қалай жазылауы керек, осы талқылануда. Бұл әріптерді жаңа әліпби бойынша қалай жазуы керек, осыны түсіндірдік. Біз ең бастысы, кирилицадан латынға көшу кезеңі халыққа жеңіл болуы керектігін ойладық. Сынама жұмыстары әліпбидің түгел әріптеріне емес, тек осы әріптеріне ғана жүріп жатыр.
Сынамаға қаладағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдік қызметкерлері мен әскери қызметшілер, студенттер қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 150 адамды құрады.
Олардың қолына түрлі тапсырмалары бар кітапшалар таратылып берілді. Кітапшада ең қолайлы әріптерді, сөздерді теріп жазу туралы айтылған. Ал кейбір беттері бос тұр. Оған сынама жұмысына қатысушылар өз өтініштерін, ұсыныстарын қалдыра алады. Орфографиялық топ мүшелерінің айтуынша, бұл тапсырманы жастар тез орындайды екен. Себебі, көптеген жастар мен студенттер ағылшын тілін жақсы меңгерген.
-Әзірше егде адамдардың қолдары үйренбей жатыр,-деді профессор Назигүл Төленбергенова,-сондықтан бірнеше рет қайта оқып, терең меңгеру қажет. Латын қарпіне көшу аса маңызды, себебі, интеграциялық үдеріс, шетелдермен байланыс ағылшын тілінде екендігін ескеруіміз керек. Жаңа латын әліпбиінде апостроф деген жоқ. Тек әріптер үстінен белгі қойылады. Дегенмен Ә, И, Й, Ғ, Ң, Ө, Ү, У әріптері басқаша жазылады.
Айта кету керек, Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтары қазақ орфографиясы ережелерінің концепциясының негізінде «Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерінің жобасын» сараптап, талқылаудан өткізген болатын.
– Халықтың латын әліпбиін жылдам, ыңғайлы және сауатты игеріп кетуіне мүмкіндік жасауымыз керек. Латын әліпбиін үйретуде қоғамның қабылдау, меңгеру деңгейін, жас ерекшелігін ескере отырып, мемлекеттік тілдің аудиториясын кеңейту біздің басты мақсатымыз,-деді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Бақытгүл Искакова.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button