Емле ережелерін дайындауда елдің пікірі ескеріледі
Елімізде жаңа емле ережелерінің қанатқақты жобасының сынамасы басталды. Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері қанатқақты жобасының сынама жұмыстарын Өскемен қаласында да өткізді. Оған 120-ға таяу адам қатысты.
Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтары үстіміздегі жылдың 4-10 шілдесі аралығында Қазақ орфографиясы ережелерінің концепциясының негізінде «Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерінің жобасын» сараптап, талқылаудан өткізген болатын. Десе де, осынау шараның басты мақсаты – қазақ тілді қауым арасында сынама сауалнама жүргізу арқылы жаңа емле ережелері жобасын әзірлеу барысында туындаған мәселелердің тиімді жолдарын анықтау. Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің №9 оқу ғимаратында өткен сынамаға облыстағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдік қызметкерлері мен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, мектеп мұғалімдері мен әдіскерлері, балабақша тәрбиешілері, облыс бойынша халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің қызметкерлері мен лингвистикалық орталық оқытушылары, Шығыс Қазақстан облысы тілдерді оқыту орталықтары, колледж оқытушылары мен әдіскерлері қатысты.
Ең алдымен жиналғандарға Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары туралы баяндама жасады. Ғалым «латын әліпбиіне көшудің бірнеше себептері бар» дейді. Біріншіден, бізге кирилл әліпбиі отаршылдық саясатпен бірге келгені анық. Бұл әліпби қазақтың төл жазуына, ана тіліне өзінің әсерін тигізгені, тілдің дамуына бөгет болғаны анық. Мысалы, ағылшын тіліндегі 45 дыбыс 26 ғана таңбамен, француз тіліндегі 35 дыбыс та 26 таңбамен белгіленеді. Ал қазақ тіліндегі 28 дыбыс кирилл әліпбиінде 42 таңбамен белгіленіп жүр. Латын әліпбиіне көшудің негізгі себебінің бірі осы. Екіншіден, қазіргі таңда дүниежүзіндегі түркі тілдес халықтардың 60 пайызы осы латын әліпбиін пайдаланады. Оның ішінде дербес мемлекет дәрежесін алған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан секілді мемлекеттердің ішінде тек Қырғызстан мен Қазақстан ғана латын әліпбиіне әлі көшкен жоқ. Өзбектер мен әзербайжандар тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басында-ақ көшіп кетсе, біз енді ғана қолға алып жатырмыз. Латын әліпбиі түркі тілдес халықтардың бір әліпбиде жазып, бір әліпбиде оқуына, біреуінің рухани мұрасын екіншісі білуі үшін өте қажет. Бірі кириллицаны, енді бірі латынды білмеуі себепті түбі бір туысқан халықтардың бір-бірін түсіне алмай, ажырап қалып отырған жағдайы бар. Үшіншіден, халықаралық қауымдастықта латын таңбалы әліпбидің маңызы зор. Латын әліпбиін пайдаланып отырған мемлекеттерді айтпағанның өзінде, Жапония, Қытай, Ресей, Беларусь, Украина секілді мемлекеттердің өздері біртіндеп латын әліпбиін пайдалануға қадам жасап жатқан көрінеді.
Жандос Смағұлов осы арада өз басынан ғана бір мысалды келтірді.
– Бейжіңдегі Ұлттар университетінде қазақ тілі мен әдебиеті деген факультет бар. Бұл – осылай аталатын жаһандағы жалғыз факультет. Қазақстандағы қаптаған жоғары оқу орындарының барлығында филология факультеті бар да, қазақ тілі мен әдебиеті деген факультет жоқ. Осы факультеттің деканы – Жан Дин Жин есімді қытай. Құлжадағы қазақ ауылында туып-өскен, қазақ мектебін бітірген. Ғылыми жұмысын қазақ тілінің грамматикасынан қорғаған, филология ғылымдарының докторы. Олар электронды поштаны хат-қалта дейді. Міне, осы қытайлық азаматпен мен латын әліпбиінде хат алмасып тұрамын. Мен қытайдың иероглифін, ол біздің кирилл әліпбиін білмейді. Бірақ екеуіміз латын әліпбиінде хат алмасып, бір-бірімізді жақсы түсінеміз, дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов.
Ғалым латын әліпбиіне көшу барысында біраз қиындықтар туындауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды, бірақ ол – уақытша ғана қиындықтар. Елбасымыздың латын әліпбиіне көшуді сатылап, 2025 жылға дейін жоспарлы түрде жүргізуді тапсырғаны белгілі. Десе де, ғалым айтып отырған қандай қиыншылықтар? Ж.Смағұлов, біріншіден, жаңа әліпбиге көз дағдысы мен қол дағдысы үйренуі үшін уақыт керек екенін айтады. Бұл әрине, белгілі дәрежеде қиындық тудырады. Десе де, оған біз бұған 2025 жылға дейін бейімделуіміз керек. Екіншіден, кирилл әліпбиіндегі әдебиеттер жаңа әліпбиге көшірілуі үшін оған да белгілі бір дәрежеде уақыт қажет. Біздің рухани, әдеби мұраларымыздың барлығы кирилл әліпбиінде. Осы орайда 2025 жылы латын әліпбиіне көшіп кеткенімізде, олар қайда қалады деген мәселе бүгінгі күні көп адамды толғандырып отырғаны рас. Ғалым бұл шаруаның да біртіндеп оң шешілетініне сенімді. Қазақ қоғамы жаңа латын әліпбиіне көшкенімен, кирилл әліпбиі қолданыстан бірден шығып қалмайды. Ол алғашқы кезеңде жаңа әліпбимен қатар пайдаланылатыны сөзсіз. Жалпы, кирилл әліпбиіндегі әдебиеттердің латын әліпбиіне көшірілуіне ешқандай қиындық жоқ. Мысалы, заманымыздың заңғар жаузшысы М.Әуезовтің төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» эпопеясы арнайы бағдарламаның нәтижесінде төрт-ақ сағаттың ішінде латын әліпбиіне көшіріліпті. Тек бұған біздің өзіміздің ұлттық санамыз дайын болуы тиіс. Кейбір адамдардың арасында, әсіресе өзге ұлттар көп шоғырланған ортада «латын әліпбиіне көшкенде, мемлекеттік тілді үйрену қиынға соғады» деген пікір бар. Ашығы керек, егемендік алғалы кирилл әліпбиінде жүрміз, осы уақытқа дейін қазақ тілін үйреніп алса, оларға кім қарсы болды. Ғалым өзінің бұл пікірмен қосылмайтынын да жеткізді.
Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Сондай-ақ осы комиссияның жанынан орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық-ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары тағы құрылды. Олар осы латын әліпбиіне көшу реформасын барынша насихаттап жатыр деп ойлаңыздар. Орфографиялық жұмыс тобына еліміздегі жеті жетекші университеттің әдебиетші-тілші ғалымдары тартылды. Бұл жұмыс тобының негізгі мақсаты – жаңа қазақ әліпбиінің емле ережесін дайындау. Біз ең алдымен емле ережелерін дайындап алмасақ, әрқайсымыз өзімізше жазып кетеміз, – дейді Ж.Смағұлов.
Ғалым көрші өзбектер латын әліпбиіне 1993 жылы көшсе де, әлі қиналып жатқанын тілге тиек етті. Неге? Себебі жаңа әліпбиге көшуге халықтың санасы, материалдық жағдайы дайын болмады. «Ал бізде бәрі жоспарлы болғандықтан, ондай қиыншылықтарды бастан кешпейміз»н – дейді ол.
Қалай десек те, жаңа латын әліпбиіндегі емле ережелері мәселесіне қазақ қоғамы бейжай қарамауы тиіс. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әдістемелік бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабира Сапинаның айтуынша, сынама осыған дейін Ақмола, Қарағанды облыстарында өтіпті.
– Бүгінгі күні емле ережелерінің бастапқы жобасы әзірленді. Десе де, дау тудыратын мәселелер әлі де бар. Жалпы, емле ережесі дегеніміз не? Ол – дұрыс жазу. Қалай дұрыс жазамыз? Осы орайда емле ережелерінің ішінде дау тудыратын сөздерді қалай жазу керектігі туралы халықтың өзінің пікірін білгіміз келеді. Қазір сынама бүкіл республика бойынша жүріп жатыр. Халықтың пікірін білгеннен кейін, ғалымдар сынама жұмысының сандық және сапалық көрсеткіштерін саралап, талдайтын болады. Содан кейін қыркүйек айының соңында сол жұмыс тобы қайтадан жиналып, емле ережелерінің соңғы нұсқасын бекітеді, – дейді Сабира Мінатайқызы.
Оның айтуынша, әдетте басқа елдерде емле ережелерін тілші ғалымдар дайындайтын болса, біздің елде бұл жалпы тілдік қана мәселе емес, қоғамдық, халықтық мәселеге айналып отырған көрінеді. Сондықтан да бұл мәселеде халықтың пікірін білу өте маңызды.
– Бүгінгі латын әліпбиі негізіндегі жаңа емле ережелері жобасының сынамасы өте маңызды шара деп ойлаймын. Өйткені, латын негізіндегі жаңа әліпбиіміздің сәтті жасалуы біздің сұрақтарға тиянақты жауап беруімізге байланысты. Бұл әліпбиде біздің өзіміз ғана емес, ұрпақтарымыз жазып, оқитын болады. Сондықтан да мен бұл шараға өте жауапкершілікпен қарап, атсалыстым. Өзімнің ұсыныстарымды да жазып бердім, – дейді Күршім аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Гүлжан Жакупова.
Мейрамтай Иманғали