Қоғам

Емханаға тіркелу басталды

Айна Ескенқызы

Қыркүйектің 15-інен бастап облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына еркін таңдау бойынша жыл сайынғы тіркелу  науқаны басталды. Емхананы таңдау  15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін созылады.

Бұл тұрғындарға қазіргі жағдайға көңілі толмаса, басқа емхананы немесе өз емханасында басқа учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндік береді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен  брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев айтты.

– 2022 жылы Қормен барлығы 27 жеткізуші шарт жасалды, оның 18-і мемлекеттік, тоғызы жекеменшік. Тіркеуге болатын емханалар тізімімен Қордың www.fms.kz сайтында, “емхананы таңдау” бөлімінде танысуға болады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыруға  тіркелген  пациентке төмендегідей медициналық көмектер, оның ішінде учаскелік дәрігердің қабылдауы, өзінің денсаулық жағдайын бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулерден, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулерден өту, емдеуге жатқызу қолжетімді. Тіркеу науқаны кезінде емханасын ауыстырған пациентке  таңдаған емханада  қызмет 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап көрсетілетінін атап өткім келеді. Өйткені емхана алдағы жылға МСАК қызметтерін көрсету үшін қормен шарт жасасуға тиіс, –  деді Нұрлан Қыдырбаев.

Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айнаш Қапанова емханаға тіркелу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылатынын хабарлады.

–  Барлық ниет білдірушілер электронды үкіметтің www.e.gov.kz. веб-порталы арқылы тіркеле алады, ол үшін ЭЦҚ болу керек. Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға келіп, тіркелуіне болады. Ол үшін өтініш жазып, жеке басын куәландыратын құжатты көрсету қажет, – деп толықтырды Айнаш Қапанова.

Сонымен қатар брифинг барысында спикерлер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдарға ғана тіркелуге болатынын ескертті. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтарға бұрын тіркелген емханада қызмет көрсетіледі.

– Биыл денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес енді азаматтар алдын ала 12 ай үшін бірден жарна төлеп, жыл ішінде МӘМС-тің пакетіндегі медициналық қызметтерге  қол жеткізе алады. Естеріңізге сала кетейік, дербес төлеуші әр кезең үшін жарна ретінде 3000 теңге аударуға тиіс, –  деп атап өтті ол.

Брифинг соңында филиал басшысы ТМД елдерінен елімізге уақытша келген шетелдіктер өміріне қауіп төнсе немесе айналасындағылардың денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар мен аурулар, жазатайым оқиғалар, улану, жарақат, босану және кезек күттірмейтін жағдайларға душар болса, ТМККК шеңберінде  жедел және шұғыл медициналық көмек алуға құқығы бар екенін айтты. Науқастың өміріне немесе айналасындағылардың денсаулығына төнген қатер жойылған сәттен бастап одан әрі көмек ақылы  көрсетіледі.

–  Жоспарлы емдеуге жатқызу, сұранысқа ие бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылушы болу қажет. Сақтандыру мәртебесін электронды үкімет порталынан, Қор сайтынан және Telegram – да SaqtandyryBot, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 арқылы тексеруге болады, –  деп түйіндеді Нұрлан Қыдырбаев.

Осы айдарда

Back to top button