Қоғам

Елу жылдан кейін бас қосты

Ержан Әбіш

Таяуда Самар орта мектебінің 1971 жылғы түлектері мектеп бітіргендерінің елу жылдығына орай кездесу кешін өткізді.

Олар – Гүлнар Жұмаділова, Күлсағат Құскенова, Сәуле Мажетова, Мағрифа Меңдібаева, Нұрғиза Смағұлова, Еділ Күдербаев, Нүркен Макиленов, Бақыт Сайділдинов, Мырзахан Сейсенбаев, Асқабыл Туашев.

Жарты ғасыр уақытта мектеп бітірген 21 түлектің тоғызы бұл фәнимен қоштасқан екен. Кездесуге келгендер кеш басында бақилық құрдастарының рухына дұға бағыштады.

Замандастарының жүріп өткен жолдары, атқарған еңбектері жөнінде ерекше тебіреніспен түлектердің жас жағынан үлкені  Бақыт Сайділдинов баяндады. Бүгінде жетпіске таяп, зейнеткер атанған түлектердің бәрі өмірден өз орындарын тауып, әрқайсысы бір-бір шаңырақтың түтінін маздатып отыр. Түлектердің мектепте бойларына сіңірген тәрбие мен білімдерінің арқасында ұл-қыздарын мықты азамат етіп өсіріп жеткізген.

Кеште әр түлектің еңбек жолы, жетістіктері аталып өтілді. Айталық, Өскемен пединститутында, Шәкәрім атындағы Семей педуниверситетінде білім алып, өмірін ұстаздыққа арнаған Сәуле Мажетова республикалық «Бөкеев оқулары» байқауында бас жүлдені жеңіп, «Оқу-ағарту ісінің үздігі» атағына ие болған. Еділ Күдербаев Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдап, 40 жылдан астам құқық қорғау орындарында еңбек етіпті. Ол – «Прокуратура органдарының құрметті қызметкері», «Сот жүйесінің үздігі» атақтарының иегері.

Кездесуге қатысушылардың бір тобы өз мектептеріне барып, ауыл әкімі А.Күдербаевтың қабылдауында болды. Самар ауданының қалпына келуіне қуанышты екендіктерін айтып, ақ тілектерін білдірді. Ауыл басшысы өлкені өркендетуге бағытталған жоспарлармен бөлісті.

Елу жылдан соң жүздескен түлектер келер күнге деген зор үмітпен қоштасты.

Осы айдарда

Back to top button