Мәдениет

Елу жыл бұрынғы түлектер Қалжырда қауышты

Елу жыл бұрынғы түлектер Қалжырда қауышты


Қалжыр орта мектебін осыдан табаны күректей 50 жыл бұрын тәмамдаған түлектер туған ауылында бас қосты.

Мектепті 1967 жылдың жазында бітірген 39 түлектің самайын қырау шалған, алды жетпіске, соңы 67-ге толып отырған жиырмасы бұл кездесуге арнайы келіп, шұрқырай табысты. Бір кездегі балғын қыз-жігіт, бүгінгі қартаң ата-әжелердің балаша қуанып, емен-жарқын жүздескендеріне қарап тұрған адамның еріксіз көңілі босайтыны рас еді. Осы 39 түлектің тоғызы өмірден өтіп кеткен екен. Енді бір сәтте кластас достар бүгінде өмірде жоқ замандастарын еске алып, сәл уақыт мұңайып та қалысты.

Мектепті бірге бітіріп, сан тарапқа арман қуып кеткен осы түлектердің ауылда тиянақтап қалғаны – Төлеген Ілдербаев деген ағамыз ғана екен. Достар келген бойда сол шаңыраққа ат басын тіреді. Күні бұрын дайындалып отырған Төлеген аға мен Рахат жеңгей аянып қалған жоқ, екі күн бойы бұл үйдің қазаны оттан түспей, ауласынан ән мен күй, шат күлкі үзілмей тұрды. Бүгінгі қонақтардың бірқатары Өскеменнен келген болса, енді біреулері ат арытып, Алматыдан жетіпті. Ал бір кездегі Марқакөлдің белгілі әншісі, актер Минутбек Шідерин зайыбы Эмманы ертіп, сонау Германиядағы Франкфурт қаласынан келген екен.

Алдымен қонақтардан басқа, мектеп мұғалімдері, әкімдік қызметкерлері және ауыл тұрғындары ауыл мешітіне беттеді. Мешіт имамы Жандос Ыдырышев қадірлі қонақтарды құрметпен қарсы алды. Келген жұрт тегіс жайғасқан соң, имам құттықтау тілегін жолдап, мешіт молдасы Ағзам қария дүниеден мезгілсіз өтіп кеткен марқұмдарға арнап қатым шығарды.

Осыдан кейін қонақтар ауыл орталығындағы «Даңқ аллеясына» келді. 2011 жылы салынған бұл ескерткіштің құрылысына Жақсыбай Бижігітов ауқымды қаражат қосып, бастан-аяқ көмек көрсеткен болатын. Қалжырдың өзінен Ұлы Отан соғысына қатысып, қан төккен, көпшілігі майдан даласынан оралмай қалған боздақтар мен ардагерлерге арналып тұрғызылған ескерткіштің тақталарына 360 адамның есімі қашап жазылған екен. Бұдан кейін ауыл қонақтары ауылдық округ әкімдігіне келіп, ондағы жетістік-жақсылықтарға назар салды.

Ауылға ерекше көрік беріп тұрған үш қабатты ғимарат – Қалжыр орта мектебінің алдында ауыл қонақтарын директор Д.Әзімбаева бастаған мектеп ұжымы қошеметпен қарсы алды. Әдеттегі амандық-саулықтан соң ішке шақырған ұстаздар қауымы қонақтарды ертіп жүріп, осындағы кабинеттермен, мектеп жетістіктерімен таныстырды. Қалжыр мектебінде жеке адамдардың есімімен аталатын 12 кабинет бар екен. Осы соғыс және еңбек ардагерлерінің, байырғы ұстаздардың құрметіне ұйымдастырылып, ашылған кабинеттерді сол адамдардың ұрпақтары, туған-туысқандары жабдықтаған болып шықты. Мектепте Жақсыбай Бижігітов атындағы кабинет те бар екен. Өзін-өзі тану пәніне арналған осы кабинетке Жақсыбай Бидахметұлы айтулы қаржы жұмсап, қажетті мүліктердің барлығымен қамтамасыз етіпті. Осыларды аралай келе, мектептің (ол кезде басқа ғимарат болған) 1967 жылғы түлектері бір кабинетке кіргенде әркім өзі отырған тұстағы партаны иеленіп, бір сәт оқушы бейнесіне енді. Олар дуылдасып, кезекпен жарыса сөйлеп, шынайы балалық албырттықпен сол кездерде сабақта болған қызықты оқиғаларды жарыса айтып жатты. Сырттай қарап тұрған жанға осының бәрі қызық та, көңіл толқытар тебіреністі де сәттер еді.

Бұдан кейін кеш қонақтары мектеп асханасында жайылған мол дастарқанға шақырылды. Ауқаттан соң мұндағы жұрт бір кісідей көтеріліп, іргедегі Қалжыр өзенінің жағасына аттанды.

Кешкісін ауыл клубында өткен қонақкәде концерттің онда бас қосқан қауымға шынайы қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Оны осы кездесуді ашып, сөз сөйлеген ауыл әкімі Самат Нәбиолдаұлы да баса айтып өтті. Өзі құрмет тұтатын аға-апайларына деген жүрекжарды тілегін ортаға сала отырып, С.Кентбаев бүгінгі жиынның шын мәнінде тарихи маңызы бар айтулы шара екендігіне тоқталды. Осыдан кейін екі сағатқа таяу уақыт әсем ән мен тәтті күй төгіліп, оған атсалысқан Т.Ғадылбеков, М.Иманкенов, М.Байтеміров, А.Тоқанов, Қ.Солтабаева, Қ.Әубәкірова, А.Бекжанова, Д.Жукбаев, Л.Ауғанбаевалар тыңдаған жұртты ризалыққа бөледі. Үлкен қалалардан келген, сауық пен ойынның алуан түрін көріп жүрген жандар болса да, қонақтар бұл қарапайым концертті жоғары бағалап, өнерпаздарға жеке-жеке алғыс айтты.

Елу жыл бұрынғы түлектер Қалжырда қауышты

Бұдан соң сахна төріне көтерілген белгілі меценат, Алматыдағы «АСМЕД» медицина орталығының бас директоры профессор Жақсыбай Бижігітов алдында берген уәдесінде тұрып, мешіт имамы Жандос Ыдырышевқа жаңа үйдің кілтін табыс етті. Жас имам үшін бұл үй Ж.Бижігітовтың әдейілеп бөлген қаржысына алдын ала сатып алынып қойған болатын. Бұдан соң Жақсыбай Бидахметұлы ауылдық округ ұжымы мен мектеп ұжымына әдейілеп сатып әкелінген көркем картиналарды сыйға тартты. Осыдан кейін ол кездесуге жиналған ата-әжелерінің ризашылығы ретінде сахнаға шығып, өлең оқыған, қонақтарға музыкалық сәлем жолдаған 4-5 сынып оқушыларына естелік сыйлықтар табыстады. Ал еңбек ардагері Кәлима Жықбаева өз тілегін ортаға сала келе, клуб меңгерушісі Ерлан Сәдуақасовқа қорабымен сатып алынған жаңа домбыраны тарту етті.

…Қоштасар сәттің біраз мұңға бөлеп, жүректі сәл сыздатып кеткені болмаса, осы мәнді де мазмұнды кездесудің, одан алған қуанышты әсердің ұзақ жылдар бойы сан сананы серпілтіп, жанға шуақ құйып тұратын қанағатты сезімге себепкер бола берері сөзсіз.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button