Мәдениет

Елордаға семейліктер отшашу апарады

Елордаға семейліктер отшашу апарады

Түнгі аспанда жарқыраған түрлі-түсті отшашуларды көру әркімнің арманы. Оны мерекеге сай етіп көрсету үшін әрі келген көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлау үшін бесаспап шебер болуыңыз қажет. Биыл Астана күніне орай елордада үш жерде салют беріледі екен.

Бұл туралы Семей қаласындағы «Қазақстан-Салют» кәсіпорнының басшысы Вадим Гостев мәлім етті. Бірінші отшашу Астана саябағының қарсысында, екіншісі – Хан Шатырға қарама-қарсы жерде, үшіншісі – Орталық алаңда. Биылғы мерекелік шаралардың тағы бір ерекшелігі, Есілдің беті түрлі-түсті бейнедегі отшашуларға толмақ. Судан отшашуға оранған гүлдер атып шығып, Астана символы «Бәйтерек» өзеннің бетінен тік көтеріліп тұратын болады, дейді Вадим Гостев.

Астана мерекесін 20 кәсіби майталман пиротехниктер жүзеге асырмақ. Себебі, аты айтып тұрғандай, бұл оттан тұрғандықтан, сәл қателесіп кетсеңіз, мерекеге жиналған қауымға от тиіп кетуі мүмкін. Жоғарыда айтылған үш жерден 5 мың пиротехникалық снаряд жарылатын болады. Аспанға салют беріліп, атылған отшашу сәті 5 минуттан 20 минутқа дейін созылмақ. Бұл жолы халық отшашуды бұрынғыдан ұзақ тамашалайтын болады. Отшашу техникасы әлемде кеңінен дамыған. Қазақстан бойынша тек Семей қаласында ғана бар. Алдағы тамыз айында семейлік кәсіпорын отшашумен бірге ойыншықтар фабрикасын да іске қоспақшы.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, «фе-йерверк» деген сөз неміс тілінен аударғанда «фейер»-от, «верк» іске қосу дегенді білдіреді екен. Бір қызығы ол Германияда пайда болмаған. От ежелгі Греция, Римде ерекше құрметке ие болған. Тіпті, біздің қазақтардың ұлттық салт-дәстүрінде де жаңа түскен келінге отқа май құйғызған. Ежелгі римдіктер мен гректер құдайдан мейірім тілеп, үйлерінің айналасына, ішіне көптеген шырағдан оттарды жағып қойып отырған. Фейерверк-отшашудың негізі Қытайдан бастау алады. Біздің эрамызға дейін 206-220 жылдары өмір сүрген хан династиясы Қытайда отшашудың негізін салған. Сол кезеңде қытай ғалымдары бамбук ағашының қызық қасиетін байқайды. Одан жасалған қағаз ең алдымен жанады.

Жанып болған соң гүрс етіп атылған. Қазіргі заманда жыл сайын жаз маусымының орта тұсында Мексиканың Тульпек аталатын қаласында пиротехника жанкүйерлерінің қатысуымен тоғыз күндік Отшашу фестивалі өтеді. Әртүрлі аттракциондар мен дәмді тағамдар, әуезді әуендер мен естен тандырарлық отшашулар арқылы көңіл көтеруге болатын думанды мерекеге әлемнің түкпір-түкпірі-нен мыңдаған турист жиналады екен. Сондай-ақ, әлемдегі ең мықты өндіріс орындары да бұл мерекеден қалмай келеді. Фестивальдің ең танымал конкурстарының бірі – «Castillos» деп аталады. Конкурс барысында қатысушыларды 15 күн бойы қағаздар мен ағаштардан тұрғызылған қамалдар қоршап тұрады. Пиротехникалық заттар тұтатыла бастағандағы қатысушылардың хал-жағдайын көз алдыңызға елестете беріңіз. Мексикадағы ұлттық от шашу фестивалінің жыл сайын танымалдылығы артып, қатысушылар саны өсіп келеді.

– Біз де осы халықаралық отшашу фестиваліне қатысуды ойластырып жүрміз. Бүгінде түрлі мерекелерде семейліктер шетелдің арзанқол қауіпті отшашуларынан гөрі «Қазақстан-Салют» кәсіпорнында жасалған сапалы отшашуларды қолданғанды жөн көріп отыр, – дейді кәсіпорын басшысы Вадим Гостев.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button