Мәдениет

Еліне қайырлы таң тілеген ақын

Еліне қайырлы таң тілеген ақын


Облысымызда талантты, тұлға боларлық ағаларымыз жетерлік. Солардың бірі – ақын, журналист, облыс әкімі сыйлығының иегері, «Мәңгі жас ғұмыр» атты кітаптың авторы Мұрат Тастағанов.

Мұрат ағаның ақындығы өз алдына, адамгершілігі де орасан зор. Ақын жайында мақала жазу үшін өзіне арнайы жолығуды жөн көрген едік. Ол алыста Нұрмұрат атты немересін жетелеп келе жатты. Басындағы шляпасының астынан төгілген қою қара бұйра шашы иығына дейін жетеді. Иіле біткен қалың қасы, мөлдіреген қара көзі, қоңқақ мұрнына қарап, оны қазақтан гөрі тау халқының өкіліне көп ұқсатып қаласыз.

Айтулы ақын, қазіргі уақытта небір сахна саңлақтары, әншілер, өнер иелері әдейі ат басын бұрып, өздері келіп, амандасып жататын танымал тұлға Мұрат Тастағанов Күршім ауданы, Марқакөл өңірінің тумасы. Өзінің айтуынша, 1953 жылы желтоқсанда Марқакөлдің қияң түкпіріндегі, тау қойнауындағы Сарықамыс деген қыстақта дүниеге келіпті. Қыздары бар, ұлға зар боп жүрген кезде әке-шешесі қатты қуанады. Содан бір белдің астындағы көрші қыстақтағы Бекшекей деген туысқандарына әпкелері сүйінші сұрай жетіпті, ол кісі мал сойып жатқан екен, қолында балта. Қуанғанынан көз жасын төге, «а құдайлап» балтасын ұстаған күйі Мұрат туған қыстаққа жүгіріп жетеді. Кіндігін балтамен кеседі.

ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған соң, 1980-1992 жылдары қазіргі «Дидар», бұрынғы «Коммунизм туы» газетінде қызмет етіпті. Одан кейінгі жылдары «Қазақ тілі» қоғамында, облыстық радиотелекомпанияда жұмыс істеп, Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

-Семей қасиетті жер, Ұлы Абайдың, Шәкәрім мен Мұхаңның елі. Алаш арыстарының табанының ізі қалған жер. Қызмет бабымен Өскеменнен Семейге қоныс аударған кезімде ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы қонаққа шақырды. Отбасымызбен ерулікке бардық. Қазақ деген осы ғой, шіркін?! Қайда барсаң да жатсынбайды. Бауырына тартады. Сол кездерде достарым Тыныштықбек Әбдікәкімов, Мұратбек Оспанов, рухани інім әрі ауылдасым Сайлау Төлеуов қолды-аяққа тұрғызбай, бірінен соң бірі жетелеп барынша қолдау көрсетіп отырды. Қиындықпен арпалыса жүре, әдебиет сүйер, өнер сүйер халыққа танылған жайымыз бар, -дейді Мұрат аға ағынан жарыла сөйлеп.

Еліне қайырлы таң тілеген ақын

Телеарна – сыры бөлек бір әлем

Ағаның еңбек жолына қайта оралсақ, Семейге қоныс аударар алдында Мұрат Тастағанов Өскемендегі облыстық телерадиокомпанияда жұмыс істеген екен.
– Мен облыстық телерадиокомпанияға редактор болып келдім,-дейді ардагер журналист Мұрат Тастағанов,-сөйтіп, тележурналистикадағы шынайы шығармашылық қадамым басталды. Сол облыстық телерадиокомпаниядағы жеке шығармашылығымның жай-жапсарына келсем, қара үзіп кетпегеніммен, құдайға шүкір, көштен қалғаным жоқ. Телестудияның өз ішінде жазылатын әңгіме-сұхбаттар, тікелей эфир хабарлары, дөңгелек үстелдер сияқты бағдарламалардан бастап, бейнетүсірілімдер көмегімен дайындалған талай-талай телехабарлар, телеочерктер, телерепортаждар көрерменге жол тартты.
Телеарнада 1994-2004 жылдар аралығында 10 жыл қызмет етіппін. 1980 жылы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, \”Коммунизм туына\” (қазіргі \”Дидар\” газеті) келмес бұрын, телеарналарда хабар дайындап ысылған едім. Телеарна деген сыры бөлек бір әлем ғой. Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева сынды қазақ өнерінің майталмандарымен сұхбаттасудың орайлы сәттері де түскен болатын. Сол ұмытылмас жылдары \”Таным мен тағылым\”, \”Саңлақ\” сынды бағдарламаларым көрермендер назарына ұсынылды. Апта сайын жарыққа шығатын \”Саңлақ\” атты бағдарлама спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен, еліміздің батыл ұл-қыздары жайында болатын. Осы ретте 2000 жылдың аяғында Сидней олимпиадасының жеңімпаздарымен сұхбаттастым. Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, Мұхтархан Ділдәбеков, Болат Жұмаділов, Ольга Шишигина сынды спорт саңлақтары Өскеменге келді. Сол сұхбат 2001 жылдың 6 қаңтарында эфирге жол тартуы тиіс еді. Күтпеген жерден кикбоксингтен әлемнің бес дүркін чемпионы Асқар Можанов хабарласып, қазақ елі Бекзат Саттархановтай арысынан айырылғанын айтқанда, көзімнен еріксіз жас шықты. Содан әлгі эфирді қайта өңдеп, елге көңіл айту ретінде ұсындым. Қазір ойланып отырсам, бұл қазақ спортының маңдайына біткен жұлдызының қысқа ғұмырында берген соңғы сұхбаты екен. Сол сұхбат жазбасы менде әлі сақтаулы. Бекзаттың: \”Мен Сиднейге Құран алып бардым, менің бойыма күш-қуат берген сол шығар\”, – деген сәттерін анда-санда қарап отырамын. Семейге көшіп келген соң, «Ертіс өңірі» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарып жүрген кезім еді. Жұбайым Майра инсульт алған соң, жұмысты тастап, оның қасына күтуші болып отыруыма тура келді. Біраз уақыттан соң, Майраның жағдайы жақсарды. Мен де шығармашылыққа ден қойдым. Ұлықбек Есдәулет кітабыма пікір жазғанда, тағдырдың тауқыметін тарта жүріп уақытында кітап шығара алмады дегені бар, ол рас. Бірақ жасыған емеспін. Бір Алладан рақым күтемін. Рухани достарым, жанашырларым көп. Кітап шығару жайына келсек, егер мені қолдаушылар болмаса, бүгінде оның жарық көруі екіталай еді. Менің бойымдағы өнерімді аса жоғары бағалаған Жанарбек Білімбаевтың бұл жинақтың шығуына көп тер төккені анық. Лл: «Сенің кітабыңды шығарайық», – деп қолқа салған еді. Тағы да сол ниетпен: \”Алпыстың асқарына бет алдың, мерейтойыңның қарсаңында жинағыңды шығармадық па?\”- деп, осы істің ұйымдастырушылық жағын да, қаржыландыруды да өз қолына алды. Ал кітабымды шығарған баспагер – ауылдасым Сайлау Төлеуов. Айта кетерлігі, Бақытбек Жаманбаев, Ерікжан Әбдірахманов, Марат Мұзапаров, Қайрат Мусин, Бейбіт Сиқымбаев, Дархан қажы Төлеген, Мұқан Ағзамов сынды азаматтардың да көп көмегі тиді. Менің шығармашылығымның жылнамасы іспетті бұл жинақта әр алуан әзілдер, фельетондар, жалынды жастық шақтан бастап жазған өлеңдерім бар. Қалың оқырман қауым оқып, бағасын беріп жатыр.

Өлеңіне Тұрсынғазы Рахимов те ән жазған

Талантты ақын Мұрат Тастағанов 1996-97 жылдары \”Қазақстан\” ұлттық арнасының таңғы ақпараттық-сауықтық бағдарламасына арналған \”Қайырлы таң\” атты әннің мәтінін жазып, республика жұртшылығына бірден танылады. Бұл ән дарынды әнші Гүлмира Саринаның орындауында Қазақ радиосы тыңдармандарының сүйікті әніне айналып үлгереді. Бұл әннің өмірге келуіне ықпал еткен тағы бір дарын Оралхан Көшеров екен. Бірлесіп ән жазуды ұсыныпты. Осылайша, Мұрат аға 40-тан астам әнге мәтін жазады. Бұл да болса қазақ өнеріне деген құрмет әрі үлкен еңбек. Тіпті, композитор Тұрсынғазы Рахимовпен бірлесе жұмыс істеген кездері де әлі көз алдында. Мұрат Тастағановтың Оралхан Бөкей рухына арнап жазған «Мұзтаудың мұзбалағы» атты өлеңіне саз жазған композитор Тұрсынғазы Рахимов. Ал семейліктер Кентау Назарбектің әуеніне жазылған «Семейім» атты әнді ерекше қадір тұтады, ел ықыласына бөлену деген осы. Мұрат аға бүгінде талантты сазгер Серік Бабахановпен бірге шығармашылық байланыста.

Еліне қайырлы таң тілеген ақын

Мұрат Тастағанов Абайды пір тұтады, ал өскелең жастардан айтыскер ақын Нұржан Өмірбаевтың өнеріне тәнті. Кейде қарттар кейінгі буынға көңілдері көншімейтінін айтып жатады. Мұрат ағаның көзқарасы тіптен басқаша. «Бүгінгі жастар өте сауатты. Бойларында қуат бар. Ойлары терең, талғамдары сергек. Мен Мағжан ақын айтпақшы, бүгінгі жастарға сенемін. Оларды «мынау жақсы, мынадан бірдеңе шығар-ау» деп бөлмеймін. Ел ертеңі үшін барлығы да еңбек етеді, қазақ тілінің, қазақ өнерінің болашағы жарқын болады деп үміттенемін» дейді айтулы ақын Мұрат Тастағанов.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button