Қоғам

Еліміздегі инновациялық өнімдердің бестан бірі Шығыс Қазақстанда өндіріледі

Елбасы – ел ішінде

Еліміздегі инновациялық өнімдердің бестан бірі Шығыс Қазақстанда өндіріледі

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің металлургиялық кешенінде болды. Сондай-ақ, Президент қаладағы жаңадан салынған облыстық драма театрды аралап, мәдениет ошағында алғашқы концертті тамашалады.

«Қазцинк» – Қазақстанның мақтаны

Еліміздегі инновациялық өнімдердің бестан бірі Шығыс Қазақстанда өндіріледі

Өңіріміздегі алпауыт жүйеқұраушы өндіріс орындарының бірі саналатын «Қазцинк» ұжымы Ұлт Көшбасшысын ыстық ықыласпен және зор қошеметпен қарсы алды. Зауыт алаңына жиналған металлургтер қауымы еңбек көрігін қыздырып қана қоймай, алдағы сайлауға да біркісідей қатысатындарын көк байрақты желбіреткен көтеріңкі көңіл күймен жеткізді.
Елбасы алдымен мыс зауыты мыс қорыту цехының жұмысымен танысты. Цех балқытушысы Нұрлан Ыдрышев ескерткіш сыйлық ретінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА металлургтердің еңбек құралы – сынама іріктеушіні еңбеккерлер атынан сыйға тартты.
Зауыт алаңында Мемлекет басшысымен өткен кездесуге Өскемен қаласындағы жеті мың металлург пен телекөпір арқылы байланыс бойынша Қарағанды облысы, Теміртау қаласының металлургиялық комбинаты мен Павлодар облысындағы алюминий зауытының еңбек ұжымдары қатысты.
Жиналғандар алдында сөз алған Мемлекет басшысы «Қазцинк» кәсіпорны индустрияның тірегі болып табылатынын, ал аймақтың металлургиялық зауыттары мен тау-кен байыту комбинаттары – Қазақстанның мақтанышы екенін айрықша атап өтті.
– «Қазцинк» – еліміздің мақтаны. Әкелеріміз, аталарымыз осы зауытта еңбек еткен. Мұнда жұмыс істеудің өзі – мәртебе. Мыс зауытында болдым. Экологиялық жағынан таза, қалдықтар кәдеге жаратылып жатыр.
Компания жыл сайын 450 миллиард теңгенің әлемдік деңгейдегі өнімін шығарады. Мұнда 20 мыңдай адам еңбек етеді, технологиялық база ұдайы жаңартылып тұрады, тиімді жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған. Тек мыс зауыты ғана жылына 70 мың тонна сапалы катодты мыс өндіреді. «Қазцинк» өңірді дамытуда үлкен әлеуметтік жауапкершілікті де арқалап келеді, өндіріс орны аталмыш мақсаттарға үш миллиард теңгеге дейін қаржы бөлуде. Компания қаражаты есебінен медициналық орталық, балалар бақшасы, теннис орталығы, жабық бассейн, жекпе-жек сарайы салынды, ондаған өзге де әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр, – деді мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
«Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мырыш, қорғасын, алтын, күміс, мыс, кадмий және күкірт қышқылы өндіріледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 305 мың тонна мырыш, 144 мың тонна қорғасын, 70 мың тонна катодты мыс, 26 мың тонна қоспадан тазартылған алтын, 660 мың тонна қоспадан тазартылған күміс.
Кәсіпорында 10 485 адам жұмыс істейді.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіп ошақтары өткен жылы 1 триллион 98 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткіш 2013 жылдың деңгейімен салыстырғанда 100 миллиард теңгеге артық. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында облыстың өнеркәсіп ошақтарында құны 160,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.
Облыстың инновациялық әлеуеті жоғары, республикадағы инновациялық өнімдердің бестен бірі Шығыс Қазақстан облысында өндіріледі. Өткен жылы оның көлемі 109 миллиард теңгені құрап, өңір еліміз бойынша екінші орыннан көрінді.
Елбасы аймақ дамуының жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін де ерекше атап өтті.
– Қымбатты шығысқазақстандықтар! Мен өңірлеріңізге әр келген сайын аймақтың, Сіздердің еңбектеріңіздің тың табыстарына куә боламын. Бес жылда өңірдегі өндірістік қуат бір жарым есеге өсті. Былтыр бір триллионнан артық теңгенің өнімі өндірілді. Оның 83 пайызы өңдейтін өнеркәсіпке тиесілі. Еліміздегі инновациялық өнімдердің бестен бірі дәл осы жерде өндіріледі. Баршаңызға табысты еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін!
Қазақстанның индустриясының дамуы бүгін мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Тек бір жылдың ішінде ғана облыста 20 мыңнан артық жаңа жұмыс орны ашылды. Ол – өсіп келе жатқан жастар, басқалар жұмыс тапты, өздерінің жанұяларын қамтамасыз етті деген сөз. 360 шақырым жол, 300 мың шаршы метр тұрғын үй, 21 мектеп, 14 денсаулық сақтау мекемесі іске қосылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында көп шаруалар атқарылатын болады. 103 шақырымнан астам жоғары кернеулі электр желісі сіздердің өңірлеріңіз арқылы өтетін болады. 375 мың шаршы метр тұрғын үй жоспарланып отыр, тағы да 5 мектептің құрылысы салынады. Осының бәрі мемлекеттің елге, сіздерге деген үлкен қамқорлығының арқасы, – деді Елбасы еңбеккерлер алдында.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өңірдің өнеркәсіп саласын өркендету мемлекет алдында тұрған басым бағыттардың бірі екенін баса айтты.
– Шығыс Қазақстан – еліміздің жарқыраған маржаны және бұл тек табиғаты тұрғысында ғана емес. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 345 миллиард теңгеге жетті. Шағын және орта бизнесті қолдауға 2 миллиард теңге, өндірістік инфрақұрылымды жасақтау үшін тағы 3 миллиард теңге бөлініп отыр. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекет 11 миллиард теңге қарастырды, – деді Қазақстан Президенті.
Шығыс Қазақстан – еліміздің барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқан ірі өндірістік, энергетикалық, аграрлы, көліктік, туристік және мәдени аймағы.
Облыстың инновациялық әлеуеті жоғары, республикадағы инновациялық өнімдердің бестен бірі Шығыс Қазақстан облысында өндіріледі. Өткен жылы оның көлемі 109 миллиард теңгені құрап, өңір еліміз бойынша екінші орыннан көрінді.
Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында облыстың өнеркәсіп ошақтарында 160,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.
Биыл Шығыс Қазақстан облысында Индустрияландыру картасы аясында 846 миллиард теңгеге 25 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 76 жоба қолға алынды. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы жобаларына қаржы құю жағынан облыс республика бойынша бірінші орында. Бағдарлама қолға алынғалы бері Шығыс Қазақстан облысында 220 миллиард теңгеге 44 жоба жүзеге асырылып, 8,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы-2 Картасы бойынша 2015-2019 жылдары инвестицияның жалпы құны 625,5 миллиард теңгелік 30 жобаны (сондай-ақ, екі республикалық) жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2015 жылы 29,4 миллиард теңгеге 1,6 мың тұрақты жұмыс орнының ашылуымен 13 жобаны жүзеге асыру көзделуде.
Облыстың барлық өңірінде сауда жүйелерінде «Қазақстанда жасалған» акциясы жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылы облыстың барлық қалалары мен аудандарының 2598 сауда жүйесі мен нысанында «Қазақстанда жасалған» жазуымен 4506 логотип қойылып, 32 баннер ілінді.
Жүйе құраушы кәсіпорындар және ұлттық компаниялармен отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау аясында құны 150 миллиард теңгелік 9 меморандумға қол қойылды. Бүгінгі күні аймақтағы отандық тауар өндірушілермен меморандумдарды жүзеге асыру үшін құны 72,3 миллиард теңгелік 521 келісім бекітілді. Мұндай келісім компаниясы жалғасып келеді.
Елбасы өз сөзінде қоғамдағы тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың маңыздылығына баса назар аударды.
– Сіздердің облыстарыңыз – ұлы адамдар шоғырын дүниеге әкелген құтты мекен. Бұл – 100 ұлт пен ұлыстың Отаны. Өңірдің кіші Ассамблеясына 44 этно-мәдени орталық, 4 Достық үйі енеді, олардың баға жетпес мол іс-тәжірибесін бүгінде бүкіл әлем елдері, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы да зерделеуде. Біз осы байлығымызды, яғни, достығымызды сақтап, одан әрі нығайта беруіміз қажет, – деді Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
– Сіздің біздің кәсіпорынға келуіңіз біз үшін үлкен мәртебе. Көпұлтты ұжым атынан Сізге кәсіпорнымызға көрсетіп келе жатқан қолдауыңыз үшін алғыс білдіремін! – деді «Қазцинк» ЖШС-нің бас директоры Юрий Гусев.
– Бүкіл еліміз Шығыс Қазақстанның өндірістік орталық екенін жақсы біледі. Біздің барлық жетістіктеріміз Сіздің ерен еңбегіңіздің арқасында мүмкін болды. Біз Сіздің металлургтерге деген ыстық ықыласыңызды сезінеміз. Бізде тұрақтылық, ертеңгі күнге деген нық сенім бар, ал ең бастысы, бізде әлем таныған Көшбасшымыз бар! Біз – бір халықпыз, бізді ортақ тарихымыз біріктіреді. Біз тек сізге дауыс береміз! – деді «Қазцинк» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрағасы Сергей Солдатов.
– Қадірменді Нұр-аға! Мен ауылда туып-өсіп, осы жерде білім алып, 2010 жылдан бері металлург болып жұмыс істеймін. Құдайға шүкір, отбасым бар, екі ұлым өсіп келеді. Мен оларға «Біздің Президент металлург болған» деп мақтанамын. «Металлург болу үшін жақсы білім алып, ерінбей еңбек ету керек» деп айтып отырамын. Аса мәртебелі Елбасы! Құрметті металлургтер! Қазақ елінің баға жетпес үш байлығы бар, ол – кең байтақ жері, бірлігі жарасқан елі және Ұлы Президенті. Барлық жұмыскерлер еліміздің бағын ашқан Елбасымен бірге! Нұр-аға бастаған, алға, Қазақстан! Біз тек Сізбен біргеміз! Тек қана Сізге барлық қазақстандықтармен бірге дауысымызды береміз! Мың да бір рақмет Сізге, Нұр-аға! – деді «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қорғасын зауыты балқыту цехының ауысым шебері Аян Мұсұлбаев.
Металлургтермен кездесу барысында сөз алғандар Елбасының «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты мен бес институционалдық реформасына қолдау көрсетіп, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы саясаттың табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бұдан соң телекөпір арқылы байланысқа Елбасы еңбек еткен Теміртау металлургиялық комбинатының еңбек ұжымы шықты.
– Біз, металлургтер, Сіздің тапсырмаларыңызды міндетті түрде орындаймыз, – деді теміртаулық Күзембаев атындағы кеніштің кеншісі Андрей Горьковенко.
– Қарағандыда еңбек жолымды бастадым. Өңірдің дамуы қуантады, – деді Президент.
Ал Павлодар қаласынан телебайланысқа шыққан «Қазақстан алюминийі» АҚ балқыту цехының жұмыскері Виталий Голубенко әлемдегі ең үздік алюминий шығаратын зауытта еңбек ететінін баса айтып, өз Отанының өсіп-өркендеуі үшін және Елбасы ұсынған «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру жолында бар күш-жігерін жұмсауға әзір екенін атап өтті.
Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ауыт жұмыскерлеріне қызу қолдаулары үшін ризашылық білдіріп, еңбектеріне толағай табыс тіледі.
– Павлодар өңірі де өзінің даңқты металлургтерімен әйгілі. Онда жылына 250 мың тонна алюминий өндіріледі, бұл көрсеткіш тағы 400 мың тоннаға артады деп сенемін. Барша павлодарлықтар еңбекқор халық, – деді Мемлекет басшысы.

Көптен күткен өнер ордасы ашылды

Еліміздегі инновациялық өнімдердің бестан бірі Шығыс Қазақстанда өндіріледі

Жұмыс сапары аясында Президент Өскемендегі Сол жағалау ауданында жаңадан бой түзеген облыстық драма театрдың ашылу салтанатына қатысып, жергілікті жұртшылықтың қуанышын бөлісті. Шығысқазақстандықтарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
– Мен Өскеменге жыл сайын келемін. Өскемен – еліміздің индустриялық жүрегі. Бүгінгі жұмыс сапарымда металлургтермен кездестім. Өзімнің бұрынғы жастық шағымды еске алдым. Олар еліміздің өркендеуіне, тұрақтылық пен достықты нығайтуға үлестерін қосуда. Бүгін тұсауы кесіліп отырған облыстық драма театрдың болашақ көрермендерінің бірі осы металлургтер болады. Жаңа мәдениет ошағының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Бұл шаңырақтан әлі талай еліміздің өнері мен мәдениетін биікке көтеретін таланттар шығатынына сенемін, – деді Елбасы құттықтау сөзінде.

Еліміздегі инновациялық өнімдердің бестан бірі Шығыс Қазақстанда өндіріледі

Бұрынғы ескі театрдың ғимараты сонау XIX ғасырда салынған. Қазақ және орыс театрлары қатар орналасқан ескі ғимарат қос ұжымға өте тар болды. Сондықтан Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша Өскеменде қазіргі заманға сай зәулім өнер ордасы тұрғызылды. Мұнда қазақ және орыс труппалары болады. Үлкен және кіші зал, репетиция жасайтын зал, сондай-ақ, басқа да арнайы бөлмелер қарастырылған. Яғни, өнер ұжымдарының шығармашылықпен алаңсыз айналысуына барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мәдениеттің тасын өрге домалату үшін алдымен экономиканы көтеру қажеттігін еске салды.
– Естеріңізде ме, Кеңес одағы ыдыраған тұста адамдардың көбісі жұмыссыз қалды. Еңбекақы, зейнетақы төленген жоқ. Сол кезде театр туралы ойладық па? Қашан да солай болады. Адамдардың мәдениет пен өнерге деген сұранысы ел ішінде тұрақты даму болғанда, халықтың әл-ауқаты жақсарғанда туындайтыны түсінікті, – деп нақтылады Президент.
Елбасының айтуынша, кейінгі уақыттағы қиындықтарға қарамастан Қазақстанда қазір үш опера және балет театры бар. Облыстарда 50 театр жұмыс істейді. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауы, қамқорлығының арқасы. Өйткені, мемлекет экономикамен қатар рухани құндылықтардың да дамуына баса көңіл бөледі. Тәуелсіздіктің 23 жылында біз мүлдем жаңа сипаттағы Қазақстанды құрдық, жаңа буынды тәрбиеледік. Экономиканы 17 есе өсірдік. Халықтың табысы 20 есеге көбейді. Әрбір адамға шаққанда 13 мың тауар өндіріледі. Бұл – өркениетті мемлекеттердің деңгейі. Екі ірі дағдарысты еңсердік.
Бүгінде Ресей мен Еуроодақтың арасындағы санкциялар салдарынан тағы да дағдарыстың салқынын сезініп отырмыз. Әрине, Қазақстанда дағдарыс жоқ. Дегенмен, көрші болғандықтан Ресейдегі жағдай бізге де аздап кері әсерін тигізуде.
– Сонда да біз мынаны ұмытпауымыз керек. Экономикадағы тұрақтылық, елдегі тыныштық бәрі – қазақстандықтардың береке-бірлігінің, өзара келісімінің жемісі. Тәубе дейік, елімізде ешбір ана ешқашан өз ұлын қантөгіске аттандырған жоқ. Бүгінгі таңда әлемде 30-40 қақтығыс ошағы бар. Ол жерлерде адамдар мерт болып, қисапсыз қан төгілуде. Биыл 20 жылдығын атап өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген елдерге татулық пен келісімнің үлгісін көрсетуде. 17 діни конфессия дінаралық келісімге қылау түсірмей өмір сүріп жатыр. Сондықтан біз биыл алтыншы мәрте Астанада дүниежүзілік дәстүрлі діндер съезін өткіземіз. Осының бәрі – бірліктің, бейбітшіліктің нәтижесі, – деді Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Басты байлығымыз – елдегі береке-бірлік

Иә, бүгінгі таңда Қазақстан, оның ішінде Астана тарихи халықаралық оқиғалар болатын, күрделі мәселелер шешілетін, достық пен бейбітшілікті насихаттайтын мекенге айналды. Сол себепті біздің еліміз және Елбасымыз өзара тіл табыса алмай отырған мемлекеттерді татулыққа, келісімге шақырады. Өйткені біздің елде береке бар, ауызбіршілік бар! Бұл Қазақстанның баға жетпейтін байлығы.
– Ұлы Абай мен Шәкерімді, Мұхтар Әуезовтай дарын иесін дүниеге әкелген қасиетті Шығыс өңірінде осындай керемет нысанның ашылуына сіздермен бірге қатысқаныма өте қуанып тұрмын. Бұл жерде қазақ және орыс театрларының қатар орналасуын жақсылыққа балаймын. Қазақ ешкімді өгейсімейтін халық қой. Бүгінде еліміздегі өзге ұлыстарға ұйтқы болып отыруымыз да сондықтан. Шығыс Қазақстанда жүзден астам ұлттың өкілдері өмір сүреді. Бірнеше діни ұйымдар жұмыс істеуде. Осылардың барлығы 110 мәдени орталыққа топтасқан. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында осындай драма театрдың ашылуы есте қаларлық ерекше оқиға екені рас.
Мен экономиканы нығайту, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жұмыс істесем, мәдениет саласында еңбек ететін сіздердің міндеттеріңіз – өскелең ұрпаққа рухани, патриоттық тәрбие беру, – деген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ сонымен қатар, тәуелсіздіктің 23 жылында қол жеткізген табыстар мен жетістіктерге тоқталды.
Атап айтсақ, Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде қайта құрудан бастап, оны әлемге таныту мақсатында атқарылған қыруар жұмыстар, Сарыарқа төсінде әсем Астананың бой көтеруі, сол Елордамызға қарап бүгінде барлық өңірлер гүлденуде. Денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыттық. Бір ғана мысал, осыдан бірнеше жыл бұрын 20 мың адам жүрек-қантамыр жүйесіне операция жасату үшін кезекте тұрған. Ондай операция ол кезде Қазақстанда жасалмайтын, сондықтан адамдар шетелге баруға мәжбүр еді. Бір өкініштісі, олардың көбісі шетелде емделуге қаражат таба алмай қиналды. Сыртқат салдарынан көз жұмғандары да жоқ емес. Ал қазір ше?! Қазақстанның медицинасы қарыштап алға басып келеді. Елімізде бұрын мүлдем қолға алынбаған күрделі операциялар жүз пайыз жасалуда. Дәрігерлеріміз адам ағзаларын алмастыруды да меңгерді. Бұл орайда біз әлемдегі ең дамыған 20 елдің қатарына қосылдық. Ана мен бала өлімі, инфекциялық аурулар саны күрт азайды. Соның арқасында қазақстандық азаматтардың орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 64-тен 71-ге дейін өсті. Халықтың денсаулығын нығайту бағытында үлкен істер атқарылып, көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Ал білім беру саласына келсек, кеңестік дәуірде болмаған мектептер салынды. Халықаралық стандарттарға сай сапалы білім беретін қаншама жоғары оқу орындары ашылды. Ол аз десеңіз, жастарымызға шетелдегі іргелі университеттерде оқуға мүмкіндік туды. Осындай жетістіктерден отандық мәдениет пен өнер саласы да кенде емес. Ендеше, еліміздің мәдениеті уақыт көшінен қалмай ілгері басып, әлемдегі үздік отыздыққа енуі тиіс деген міндетті қойды Елбасы. Кең залға жиналған жұрт пен сахнадағы өнерпаздар Ұлт Көшбасшысының бұл сөзін бір кісідей қолдайтынын білдіріп орындарынан тік тұрып ұзақ уақыт қол соқты, қошемет көрсетті.
Осы арада мерекелік кешті жүргізушілер өнер және театр ұжымдары, мәдениет қызметкерлері, жалпы өңір жұртшылығы атынан Елбасыға зор ризашылықтарын білдіріп, ақ еділ көңілдерін жеткізді.
– Сіз шекараны шегендедіңіз! Астананы салдыңыз! Жаңа тұрпатты мемлекет құрдыңыз! Қазақстанды әлемдік тарих беттеріне алтын әріптермен жаздыңыз. Бүгінде еліңіздің уыздай ұйыған сан ұлттары Сізге шексіз разы. Бір шаңырақтың астында қос театрдың жарасыммен өнер көрсетуі – Сіз ынтымағын ұйытқан елдің айқын көрінісі. Сіз әлемге танытқан қазақстандық мәдениеттің нақты үлгісі. Осындай берекелі бірлікке, еңбек пен тірлікке батсаған Сізге шын жүрегімізбен мың да бір рахмет айтамыз, – деп ағынан жарылды.

Еліміздегі инновациялық өнімдердің бестан бірі Шығыс Қазақстанда өндіріледі

Облыс орталығында бұрын-соңды болмаған мұндай театрды салуға 3197,2 млн теңге қаражат жұмсалыпты. Бес қабаттан тұратын еңселі ғимараттың ішкі және сыртқы кескін-келбетін жасау үшін білікті дизайнерлер тартылған. Ғимарат ішінде 600 орындық үлкен және 150 орындық шағын зал, үш репетиция залы бар.
Құрылыста пайдаланылған материалдардың 90 пайызы – отандық өнім. Шетелден тек түрлі дыбыс шығаратын, жарық шашатын құрал-жабдықтар әкелінген. Құрылғылардың барлығы да қазіргі заманға сай, компьютермен басқарылады.
– Шетелдердегідей керемет театр ғимаратының өзіміздің Өскеменде ашылғанына қуанып тұрмын. Бұған қоса Елбасымен бірге осындай тарихи сәттің куәгері болу мен үшін естен кетпейтін ерекше оқиға. Ғимаратты аралап көрдім, тамаша екен. Мұндай жерде шығармашылықпен айналыспаудың өзі күнә деп есептеймін. Ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған концерт те көңілден шықты. Бәрі жақсы болды, – дейді Жарма ауданынан келген Сәуле Ерубаева.
Елбасының құттықтау сөзінен соң арнайы дайындалған концерттік бағдарлама жалғасын тапты. Концертте әлемдегі ең үздік 10 сопрано қатарына енген қазақстандық әнші Мария Мудряк репертуарындағы бірнеше әнді орындап, тыңдарманды ұйытты. Жергілікті «Ладушки» ән-би ансамблінің қазақ және орыс халық әндерінен орындаған попуриі залдағы көпшіліктің көңілін көтеріп, ду қол соққызды.
Президенттің Шығыс Қазақстандағы жұмыс сапары бүгін Семей қаласында жалғасады.

Ержан Әбіш, Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button